Қала келбеті жақсарып қалды

Қала келбеті жақсарып қалдыОблысымызда елді мекендерді абаттандыру және санитарлық күтіп ұстау бойынша экологиялық тазарту айлығы жарияланған болатын. Осыған орай, Көкшетауда жалпықалалық сенбілік өткізіліп, оған Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен қала әкімі Бауыржан Ғайса,мемлекеттік органдар, кәсіпорын-ұйымдар мен мекемелер, қоғамдық жұртшылық өкілдері белсене қатысты.

Аймақ басшысы сенбілікке «Тыныс» акционерлік қоғамы ұжымымен бірге шықты. Игі шараға акционерлік қоғамның 300-ден астам қызметкері  ат салысты.

– Облыс орталығының эстетикалық келбетін жақсарту  – елге, жерге сүйіспеншілікпен қараудың бір факторы. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Мұндай іс-шаралар күнделікті өткізіліп тұруы керек. Біз өз тарапымыздан қаламыздың тазалығын сақтау үшін барлық қажетті көмекті көрсетеміз, – деді өз сөзінде Марат Ахметжанов. Сондай-ақ,аймақ басшысы«Көкшетау жылу» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының 70 қызметкерімен де бірге қала көшелерін абаттандыру, қоқыстарды шығару жұмыстарына қатысты.

–Қаланы абаттандыруға атсалысып жатырмыз. Біздің ұйымға Абылай хан даңғылының бойынан учаске бөлінді. Ол жерді қоқыстан тазарттық. Өздігінен пайда болған екі қоқыс алаңы жойылды. 12 текше метрден астам қоқыс шығарылды. 280 түп ағаш әктеліп, отырғызылды. Қала көшелерінің бәрінде тазалық жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Бүгін үлгермей жатқан істі келесі аптада аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті кәсіпорын директоры Руслан Мақышев.

Сонымен бірге, қаланы көктемгі тазалыққа келтіру жұмыстарын дер кезінде қамтамасыз етуге коммуналдық қызметтер тартылып, кемінде 1000 қоқыс қаптары мен 200 келі әк дайындалған. Қызмет көрсетуші коммуналдық кәсіпорындар қала көшелерінен қоқыс шығару жұмыстарына 40 техника жұмылдыра отырып, 21 контейнер алаңын тазалап, қала сыртындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына 2,5 мың текше метр қоқыс шығарды. Сенбілік барысында көшелер, жаяу жүргіншілер жолы мен орамішілік аумақтар тазаланып, арықтардың су бұру желілері тазартылды. Өткізілген игі шараға қала бойынша 4000-ға жуық адам қатысып, мемлекеттік және жекеменшік мекемелер де белсенді түрде атсалысып, қысқы кезеңде қалада жиналған қоқыстардан тазартылған қала жасарып, жайнай түсті.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар