Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тіл ұшына тіл жайлы алаңдаушылық келе береді - АРҚА АЖАРЫ

Тіл ұшына тіл жайлы алаңдаушылық келе береді

Жылдар бойы өзектілігін жоймай келе жатқан бір тақырып болса, бұл әрине, қазақ тілінің мәселесі. Өз басым газет редакциясына жұмысқа орналасқан сәттен бастап, бұл мәселенің өзекті екендігін анық аңғардым.

Оны әртүрлі жиналыстар барысында қолға берілетін қысқа баспасөз хабарламалардан-ақ аңғаруға болады. «Әжуа» аудармалар мен «дүмбілез» атаулардан көз сүрінеді. Бұл өзекті мәселе төңірегінде бір емес, бірнеше рет мақала да жазған болатынбыз. Бұл – бұл ма? Тереңірек зерделей отырсам, тіл тақырыбындағы тайталас бір ғасырдан астам уақыт бойы талқыланып келеді екен!

Сөзіміз дәйексіз болмасын,  сонау 1920-сыншы жылдардың басында «Еңбекшіл қазақ» газетінде редактор болып қызмет атқарған ақиық ақын Сәкен Сейфулин бастаған газет ұжымы қазақ тілінің тағдыры туралы бір емес, бірнеше рет мақалалар жариялаған екен.  Осы жылдары «Қазақ», «Айқап» газеттерінде де тіл тақырыбы жиі көтеріліп, мәселенің мәнісі ашық айтылыпты. Орталық мекемелерде қазақ тілін кеңсе тіліне айналдыру, жалпы, қазақ тілінде іс жүргізу мәселесі, отаршылық сіңген орта туралы бірнеше мақалалар жарық көргенінен хабардар болдық. Мұның барлығы әрине, Сәкен Сейфуллиннің ұлт болашағы жолында жасаған қайраткерлік қыры деп есептесек әбден лайық. «Qazaqstan tarihy» порталында Ұшқын Сәйдірахманның  «1920 жылдар: тіл тақырыбындағы тайталас» тақырыбында жарияланған зерт жұмысында көп деректер келтірілген. Қазіргі аударма, қазақ мектептерінің санын арттыру мәселелері сол тұста да өзекті болғандығы ашық айтылған. Бұл енді оқып, көңілге тоқығаным, ал, енді көргенімді жазайын.

Студент кезімде Гүлсім апайдың үйінде пәтерде тұрдым. Қолым бос болғанда, сол үйдің кенже қызына қарайласып жүретінмін. Баланы балабақшаға алып бару, алып келіп, арасында үй тірлігіне де араласып,жәрдемдесетінмін. Қысқасы, сол үйдің баласындай болатынмын.  Қызынай (біз солай атайтынбыз) таза қазақша сөйлейтін. Сөйлегенде де сөздің майын тамызып тауып айтатынын, шешен сөйлейтінін көріп тәнті болатынмын. Таңданатын несі бар, өздерің де қазақ емессіңдер ме деп ойлайтын шығарсыздар. Бірақ, біздің солтүстік өңірде әкесін «папа», анасын «мама» деп тілі шығатын қазақ балалары үшін бұл  өз алдына бір жағымды жаңалық. Оны айтасыз, Қызынай өсе келе, таза әдеби тілде сөйлейтін-ді. Бірде осындай бір оқиғаның куәгері болдым. Қызынай, мен және Гүлсім әпкем үшеуіміз саябақта сеуендеп жүрген едік. Ойда-жоқта Қызынай бізден озып, бір ер адамның соңынан жүгіре жөнелді. «Аға, тұра тұрыңызшы!» деп жүгіріп барады. Алаңдаған мен де жанұшырып соңынан жүгірдім. Жүгіріп барсам, кіп-кішкентай Қызынай үлкен азаматпен үлкендерше сөйлесіп тұр екен. Тоқтаған ер азамат та жас бала екен деп, баланың сөзін бөлмей, сөзге қонақ беріп, басын изеп, ақырын жымиып, «Кешір, балам» деп қояды. Сөйтсек, анадайдан Қызынай  әлгі азаматтың темекісін жерге лақтырып кетіп бара жатқанын көріп, оның соңынан жүгіріп, «Аға,  қандай керемет ауаны ластап темекі шеккеніңіз аздай, тым құрығанда тұқылын қоқысқа ластырмайсыз ба?» деп үлкен адамдарша ақыл айтып сөйлегенін  ана кісі де қызық көріп, меселін қайтармай, ақылына тоқтап, орнына қайта оралып, темкінің сөнген тұқылын қоқысқа тастағаны бар. Ол кезде балдырған қызбар-жоғы алты жаста болатын. Түбінде осы қыздан бір жақсы жазушы шығар деп үміттенетінмін. Өйткені қазақы мінезі, сөз саптауы, тіпті өнер адамына тән бойындағы бір тектілігіне өз басым ерекше тәнті болатынмын. Жуырда бір тойда Гүлсім тәтемді жолықтырдым. Қызынай жанында екен. Бойжетіп қалыпты. Бір өкініштісі, баяғы Қызынай жоқ. Тілі орысша, батысқа еліктегіш мінезі де байқалып-ақ тұрды. Гүлсім әпкем Астанаға көшкеннен кейін баланы қазақ балабақшасына беріпті. Алайда, «сол балабақшадан қызым орысша сөйлеуді үйренді» дейді. «Кейін балабақшадағы құрбыларынан ажырағысы келмей орыс сыныбында оқыды. Қазір айти маманы» деді қысқа қайырып.  Осыны естіген менің неге екені белгісіз, көңілім қатты құлазыды. Орыстанған ортадан қаршадай қызды арашалай алмағанымыз үшін бе, әлде, ұлттық тәрбиенің әлсіз екендігіне көзім жетіп, жаным ауырды ма, кім білсін…

Жасырары жоқ, тәп-тәуір қазақша сөйлеп жүрген көп бала балабақшаға барғаннан соң орысша сөйлеп кетеді деген пікірді жиі естиміз. Осы орайда, біз де осының сырына тереңірек бойлауды жөн көрдік. Себебі, бар білімнің бастауы балабақшадан емес пе? Әрине, «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген қазақы тәрбие де бар, ал, бұл  өз алдына бөлек әңгіме…

Жуырда Абай.кз ақпараттық порталынан Әбдірашит Бәкірұлының «Тілдік орта – диірмен» деген тақырыптағы жазбасын оқып шықтым. Автор өз сөзінде солтүстік өңірлердегі тілдік ахуалды шебер жеткізген екен.  «Өмір сүру аумағында қай тілдің «тасы ауыр» болса, сол тіл ондағы өзге тілдің бәрін ұнтайды.Бізде Алматы, Павлодар, Қостанай, Өскемен, Петропавлда, одан кейін Астана мен Қарағанды қалаларында «орыс тілінің диірмен тасы» үлкендеу…». Иә, қоғам, өмір сүретін ортасы кез-келген адамды өз ыңғайына икемдеп, ұршықша иіріп әкететіні бар.  Бастысы – ұлттық рух өмір өткелінде жаншылмаса екен!

Ал, енді өңірдегі ахуалды алға тартайын…

Ақмола облыстық білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек,  облыста 597 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Олардың 257-сі мемлекеттік балабақша болса, 340-ы шағын орталық. Аталмыш білім мекемелерінің 276-сы қазақ тілді, 168-і орыс тілді болса, 153-і аралас балабақша.  Осы мектепке дейінгі білім мекемелерінде 38181 бала білім алады. Оның 25671-і мемлекеттік тілде тәрбиеленуде. Бұл – 67,2 пайыз, яғни алдыңғы жылдармен салыстырғанда алға ілгерілеу бар.  Мысалы, 2021 жылы қазақ балабақшаларының үлесі  62,2 пайыз болса, 2023 жылы 62,9 пайыз, ал, биылғы жылы жоғарыда атап өткеніміздей 67,2 пайыз екен.  Біз осы аз дерекке иланып ілгерілеу бар дегенге қуанудан жалықпаймыз. Мемлекеттік тіл өркендемей жатыр деген қынжылысымызғада 30 жылдан асып кетті. Қазақ тіліндегі құжат айналымының да, білім ошақтарының да түбегейлі қазақ тіліне ауыстырылатын уақыты баяғыда-ақ туғаны белгілі. Ұлт намысы оянғанда ғана нақты  нәтиже болары анық. Әйтпеген күнде қағаз жүзінде өркендеу бар, ал, іс жүзінде «баяғы жартас, бір жартас»…

Бір ғана мысал, облыс орталы­ғындағы 47 балабақшаның 10-ы ғана қазақ тілінде тәлім-тәрбие береді, араласы – 20, қалған 18-і – орыс тілінде.Аралас балабақшалардағы ахуалды айтпасақ та түсінікті.

Осы орайда, әлемдік тәжірибеден бір мысал тарқатсақ…

Экономикасы дамыған елдердің тәжірибесіне көз жүгіртіп көрсек, әрине, мұндайда алдымен ойға Жапон елі оралады. Бұл елдегі мектепте алдымен жапон тіліне мән беріледі. Сондай-ақ,  мында ана тілі мен мәдениетін жетік меңгеру болашақтың негізін қалаумен пара-пар саналады.  Балаға ана тілін толық меңгергеннен  кейін ғана математика ілімдерін үйретеді.Яғни, алдымен ұлттық тәрбиені меңгереді, одан кейін келешегіне кемел жол ашатын білімге машықтанады. Жапон балаларының ішінде жапон тілін және математиканы жақсы меңгермеген бала жоқ десе де болады. Бір қызығы, біздің елдегі оқушы балалардың басым көпшілігі математика ең қиын сабақ деп есептесе, жапондықтар керісінше, ең сүйікті сабағымыз математика дейді екен. Оқушылар шет тілін тек он екі жасқа толғаннан кейін үйренеді. Мысалы ағылшын тілін қосымша халықаралық байланыс тілі болғаннан соң 12 жастан кейін оқушы балаларғақосымша сабақ ретінде оқытады. Америкалық ғалым Питер Друкер: «Жапондықтар жұмысы туралы баяндама жасамайды, тек жұмысын адал атқарады» деген  екен…

Иә, біз осы орайда, елімізде мемлекеттік тіл қалай дамып жатыр деген сұраққа  жауап іздеп, осы салаға жауапты сала басшыларына хабарласқанымызда, олардан ресми хат-хабарлар көптеп келе бастады. Көбі ана жиналыста бір, мына бір конференцияда оқылған баяндамалар. Қағаз жүзінде бәрі жақсы, ал, өмірдегі көрініс басқа. Осы орайда, бізге де өзге елдердің өмір тәжірибесіне сүйене отырып, құрғақ дерекке құралған баяндама жасай бермей, жұмысқа шындап кірісетін кез келді-ау деген тұжырымға келдік.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар