Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бірлігі бекем елдің ғана болашағы баянды - АРҚА АЖАРЫ

Бірлігі бекем елдің ғана болашағы баянды

Халқымыздың бірлігі мемлекеттілігіміздің негізі, біздің баға жетпес байлығымыз. Бүгінде кең байтақ қазақ жері сан алуан ұлт өкілдерінің құтты мекені, сүйікті Отанына айналып отыр. Осылайша, көп ұлтты Қазақстан халқын бір атаның балаларындай еліміздің өркениетті дамуы жолында игілікті іске жұмылдырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырып, еліміздегі тұрақтылықты сақтау мен оның дамуына аса зор үлес қосып келеді.

Ең бастысы, аталған ұйымның қызметі нәтижесінде елімізде этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан, әрбір азаматтың Конституциялық һәм азаматтық құқықтары мен еркіндігін толық қолдана алатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасқан.

Бүгінде Ақмола облысында 733 мыңнанастам халық тұрады. Табиғаты көркем, таулары мен көлдері аңызға айналған көрікті мекенде ұрпағын өрбітіп, кәсібін дөңгелетіп жүрген жүздеген этностар мен этникалық топтардың өкілдері бар. Олар үшін бұл қасиетті мекеннен артық жер жоқ, Отан жоқ. Сонымен, өңір тұрғындарының 52,8 пайызы жергілікті ұлт өкілдері болса, 32 пайызға жуығы орыстар, 4 пайыздан астамы украиндар, 3,4 пайызы немістер, 1-2 пайыз аралығын татарлар, белорустар, поляктар, ингуш-шешендер және басқа этностар құрап отыр.

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының құрамына 108 адам кіреді, олар – этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қоғамдық құрылымдарының өкілдері, мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, жоғары оқу орындарының ректорлары, академиктер, қоғам қайраткерлері, қандастар, бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдық пікір көшбасшылары. Ал, Ақмола облысынан республикалық Қазақстан халқы ассамблеясының құрамына 20 адам кіреді. Олардың ішінде Қазақстанның Еңбек Ері, «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр, «Ақмола облысының татарлар мен башқұрттар бірлестігінің» төрағасы Рафаил Сулькарнаев, қоғам қайраткері Белла Газдиева, «Wiedergeburt» Ақмола облыстық немістер қоғамының төрайымы Светлана Корнеева, «Чинсон» корей мәдени орталығы»қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ольга Лян, «Рідний кут» украин этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің  төрайымы Светлана Худякова, «Вайнах» шешен-ингуш қоғамдық бірлестігінің төрағасы Герихан Яндиев және тағы басқалары бар.

Сонымен бірге, облыста 46 этно-мәдени бірлестік тіркелген, оның 19-ы қоғамдық аккредиттеуден өтіп, Қазақстан халқы ассамблеясының этно-мәдени бірлестіктер тізіліміне енген. 17этно-мәдени бірлестіктіңкабинеттері Достық үйінің ғимаратындаорналасқан.

Облыста ұлтаралық келісім мен достықты, татулықты нығайтуға бағытталған көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Солардың ішінде ағымдағы кезеңде облыстың этно-мәдени бірлестіктері 6 мыңнан астам адамды қамти отырып, шамамен 200-ге жуық іс-шара өткізді. Этностардың мәдениет күндерін атап өту аясында «Масленица», «Шопен кештері», корей халқының жаңа жылы – «Соллал» және «Чусок», қырғыздардың «Ақ қалпақ»мерекесі,татарлардың «Сабантуй»мерекелері жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Соңғысының аясында биыл алғаш рет «Бәйге» атспорты жарыстары өткізілді. Сонымен бірге, ингуш-шешен фестивалі болып, «Санги Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығының «Бірлік» сквері ашылды. Алдағы күндері казактардың«Песня – душа народа» атты жыл сайынғы фестивалі, славян жазуы мен мәдениеті күніне орай, «Классикалық әдебиет, заманауи білім бренді ретінде» ғылыми-практикалық семинар өткізілмекші, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған естелік іс-шаралар, қуғын-сүргінге ұшырағандар ұрпақтарының Целиноград ауданындағы «АЛЖИР» лагеріне баруы ұйымдастырылады. Сонымен бірге, Алғыс айту күні, Наурыз мейрамыбиыл ерекше атап өтілді.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесін атап өту бойынша да облыс аумағында ауқымды шаралар ұйымдастырылып, бірлік пен татулықты ту ететін елімізде өмір сүріп жатқан сан этностың тарихы мен мәдениетіне құрмет көрсетіледі. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының сессиясы, Абай күні, Конституция күні, Отбасы күні, Қазақстан халқының Тілдері онкүндігі, Республика күні мен Тәуелсіздік күні, тағы да басқа атаулы даталар аясында көптеген іс-шаралар жоспары қарастырылған. Осы іс-шаралардың барлығы облыстың мәдени өмірін байытуға және этностардың әртүрлі өкілдері арасындағы сыйластық қарым-қатынасты орнатуға, достықтарын нығайтуға бағытталып отыр. Бұл өңір тұрғындары мен қонақтарына түрлі тарихи кезеңдерде елімізге қоныс аударып, қазір Қазақстанды өзінің Отаны санайтын этностардың мәдени мұрасының байлығы мен алуан түрлілігін таныстыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, облыстық ассамблея мен «Қоғамдық келісім» мекемесі этно-мәдени бірлестіктердің қызметін өзара кіріктіріп, мәдениетаралық дамытуға, мемлекеттік тілді және қазақстандық патриотизмді ілгерілетуге бағытталған «Ел бірлігі», «Достық дәмі» жобаларын іске асыруда.Жоба жұмысына «Қазақ тілі мен мәдениеті», «Чинсон» корей мәдени орталығы, қырғыздардың «Манас», тәжіктердің «Санги Кабуд»,немістердің «Видергебурт», шешен-ингуштардың «Вайнах», армяндардың «Бари», сол сияқты, өзбектер мен поляктардың, татар-башқұрттардың этно-мәдени орталықтары мен қоғамдық бірлестіктері, Ақмола облысы орыс қауымдастығы жұмылдырылады. Осы тәріздес «Бірлігіміз әр алуандықта», «Отаным – тағдырым», «Ерекше сөйле» жобаларын іске асыруға да барлық этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары қатысып, атсалысуда.

Облыс аумағында өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері бір атаның баласындай қиыншылыққа, ауыртпалыққа тап болған пенде көрсе, оған қолындағы барын беріп, қашан да мейірімін төгіп, қолынан келген қайырымдылығын жасауға әзір. Ата-бабамыз ежелден «жақсылық қылсаң жасыр, жақсылық көрсең асыр» деген. Сондықтан, көбіне-көп олар жасаған жақсылықтарын айтып, жарияламайды. Сырттан естіп, біліп қуанып қаламыз. Ал, өзіміздің көзімізбен көрген жақсылықты атап өтсем, жыл басынан бері этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері 3 жүзден астам аз қамтылған және көп балалы отбасыларға 75 миллион теңгенің қайырымдылық көмегін тигізіпті.

Ортамызда жан-жағына жанашырлық танытып, жақсылық жасап, мұқтажға қажетін әперіп, жасты дұрыс жолға сілтеп, қолтығынан демеп жүрген жомарт жандар қаншама. Солардың бірі көптеген мұқтаж адамның алғысын арқалаған «Ақмола облысының өзбек этно-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тажибуви Медетова. Ол Қазақстан халқы ассамблеясының «Жомарт жан»  медалімен марапатталған, ал, «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Қойшин «Бірлік» қоғамдық алтын медалін иеленді.

Биылғы су тасқыны кезінде де біздің Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы «Ассамблея жастарының» волонтерлері мен этно-мәдени бірлестіктері, «Қоғамдық келісім» мекемесіндегі ұжымдар Достық үйі ғимаратында «Жомарт жан» орталығын ашып, биылғы су тасқынынан зардап шеккен 220 отбасыға көмек қолын созды. Сонымен бірге, «Жүректен жүрекке» акциясы аясында аудандардағы су басқан елді мекендердің тұрғындарына жылу жинап, ондағы қарғын сумен арпалысқан құтқарушыларды қажетті құрал-жабдықтармен және ыстық тамақпен қамтамасыз етуге атсалысты. Жалпы, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы мен елдегі жағдайға бей-жай қарамайтын ел азаматтары ауызбіршілік пен татулықтың арқасында 21,5 миллион теңге қаржы жинап, айтып келмейтін апаттан зардап шеккендерге барынша көмегін жасады.

Міне, ұлтаралық келісім мен татулықтың, сыйластық пен достықтың арқасында талай қуанышты сәттерді бірге өткізіп, қиын-қыстау кезеңді бірлесе еңсеріп келеміз. Мұның барлығы қасиетті қазақ даласын мекендеген әрбір ұлт пен ұлыстың жергілікті ұлтқа деген құрметі мен бірлігі, адалдығы болса керек.

Барша қазақстандықтарды келе жатқан 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жұртымыз тыныш, ұрпағымыз ұлағатты, бірлігі жарасқан халқымыз аман-есен болсын.

Ермек НҰҒЫМАНОВ,
«Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар