Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көңілдерді толқытқан «Қарагөз» - АРҚА АЖАРЫ

Көңілдерді толқытқан «Қарагөз»

Қаймана қазақтың орда тігіп, іргелі ел болғаннан бергі ғасырларында баянсыз махаббат трагедиясын толғайтын ғашықтықтың ғазал жырлары қаншама?! Бірін өкіне, бірін күйініп оқысаң, келесілеріне сүйінесің. Аттарын тізбектеп, сөз көбейтпейін. Оқыған жандар мәнін өзі түсінер.

Осы орайда, сондай бір баянсыз ғұмыр суреттелген трагедиялық пьеса «Қарагөз» жайлы сөз қозғамақпын. Жүз жыл бұрын жазылған Мұхтар Әуезовтың бұл шығармасын қоймаған театр кемде-кем. Талай актердің бағын ашып, талантын шыңдаған туындының құндылығы күннен-күнге артпаса, кеміген жоқ. Өткен заманның оқиғасына суреттелсе де, бүгін біз сүрген қоғамның шындығында ұлы жазушы білгендей, сөз астарында жасырғанын сезе алдықпа? Ол шындық, бостандықтан айрылып, құлдық қамытын киіп, еркіндіктен айрылған қазақ тағдырын Қарагөз бейнесі арқылы көрсетуі еді. Атасқанына көңілі толмай, жүрек қалауына қол созған қыз арманы еркіндікке сусаған қазақ күйі емес пе?Кері заманның кәріне ұшыраған бір ұлттың қилы кезеңін пьесаның толық сюжетінен аңғара аламыз. Тарихтан білерсіздер, 1926 жылы алғаш Семейде сахналанған «Қарагөз» пьесасы көп ұзамай репертуардан алынып, солақай саясаттың сынына ұшырайды. Кейін қызыл қырғынның салқыны басылған соң ғана сахнаға қайта оралып, көрерменімен қауышады.

Жуырда дәл осы трагедияға толы қойылым Көкше өңірінде ойналды. Алатау баурайынан гастролдік сапармен келген Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театры пьесаны көрерменге жеткізе білді. Оны қойылым соңындағы жиналғандардың қошеметімен ыстық ықыластарынан аңғару қиын болмады. Ендеше, сахналау ерекшеліктеріне тоқталып өтейін. Әуелі, шымылдық ашылғанда сахнадан Қарагөз бен Нарша көрінеді. Қызға ынтық жас жігіт сезі­мін білдіргісі келгенімен, Қара­гөз жігітті бетімен жасқап, көңілі өзгені қалайтынын сездіргендей теріс айналады. Қыз көңілін тапқан сері, тентек ақын Сы­рым. Алайда, Қарагөз бен Сы­рым­ның махаббатына тосқауыл болатын өзгермес қатал заң бар. Ол, екеуінің де Қа­рауылдың ұл мен қызы болуы еді. Сон­дықтан, тектілік ғұрпы бойынша жеті атадан аспа­ған аға­йындық бір-бірімен қосылуына кедергі келтіреді. Оның үстіне Қарагөз кішкентайынан малмен бай­ланып, батамен маталған. Бас­қа ру­дың белгілі байының ұлына атастырылған. Бұлда сол заманның талай қарагөзін сормаңдай еткен, қазақы болмыс еді.

Қарагөздің ауылына құдалар келіп, келіндерін алып кетпекші. Бірақ, Қарагөздің бар аңсары – Сырымда. Ғашық дерті үдеп, махаббат жолында ашық айқасқа шығып, ата салтынан аттап өтуге аруды ешнәрсе тоқтатпақ емес. Ал, Сырым рөліндегі театр актері Әлихан Кәрібаевсахнада алған бетінен қайтпайтын қай­­сар, батыл жігіт болып қолынан сусып, шығып бара жатқан Қарагөзге деген сезімін, қасіретін әнмен толғайды. Әсіресе, той жоралғысы жар-жар арқылы басы байлаулы, еріксіз кетіп бара жатқан қыз сөзін айтып жатқандай. Қарагөз бейнесін нақышына келтірген Мәдина Өсербаева барынша биязы, ерке, жаны мен тәні де сұлу, дәрменсіз махаббат күрескерін көрсете білді. Мөржандай адуынды әженің айбарын, ақылы мен парасатын, құрығынан ешкімнің босап кете алмайтынын келіні Ақбала екеуі арқылы сахнада режиссер сәтті ашып көрсете білген. Қойылым режиссері Фархат Молдағалидың өзгеріс енгізген ерекшелігінен болар, актерлердің киім үлгісі қатты ескілікке салынбай, заманауилыққа да ауып кетпей, аралық тепе-теңдікті сақтаған. Мысалға, Сы­­рым үстіне ақ футболка мен сән­ді был­ғары күрте кисе, Қарагөз жағасы кең көйлек ілген. Одан да қызықтысы, қарт әже Мөржанның қып-қызыл кам­золы(әдетте қыз болмаса, жасы келген қарттар қызыл түске әуес болмайды). Бұл өзгерістен түйетініміз, пьеса сонау ғасырды еске түсірсе де, ондағы кейіпкерлердің мінез-құлықтары, жақсы-жаман қасиеттері, адамдар арасындағы қарым-қатынас, жалпы адами құндылықтар бүгінгі қоғамға да керек болатыны.

Спектакльдің тағы бір жүгін ән мен музыка кө­терген. Сырым сал­ған, Қарагөздің ұза­ты­лу тойында шырқалған ән, тар­­тылған күй де есепсіз таңдалмаған. Болып жатқан жағдайды хабардар еткендей, үйлесулі. Көбіне шырқалатын ноғайдың «Енді алмаған не қалды?» толғауы. Сөзіде жүйкеге тиетін, көз алдыңда талан-таражға түсіп, билігі өзгенің қолына қараған халық тағдырын баяндап тұрғандай. Қойылым соңында, жаңа отау тіксе де,Нарша Қарагөздің жүрегін жау­­лай алмаған, сағы сынған күйде суреттеледі. Сүй­геніне қосыла алма­ған сұлу­дың арманы Сырым бо­лып қала береді. Соған қара­мастан, Нұр­жан Асылханның сомдаған Нарша образы кіші­пе­йіл кеңдікке, сабыр мен ұстам­ды­лыққа құрылған, ерекше төзім мен адалдық әспеттелген. Осы мезет, жүрегі өзгені қаласада сүйгенін тастамау, өз сертіне адал болып, күдер үзбеу Нарша рөлінің бізге берер тағлымы десем жаңылмаспын. Ол күні-түні Сы­рымды ғана ойлап, есі ауыс­­қан Қарагөзді бәрібір еркіне жібер­меді. Баурына басып, мейіріміне бөлеген күйі өз міндетін өтеді. Ата-дәстүр жолын кесіп өте алмай, сүйгеніне жете алмай,сер­гелдеңнің күйін кешкен Сырым қара түнекте қала береді…

Қорытып айтар болсақ, ғасыр куәсі болған пьсаны өткен заманның ертегісіндей көрмей, бүгінгі өмірімізбен ұштастырсақ екен. Ғашықтық дертінен қайғы шеккен Қарагөзді аясақта, Мөржан көрсеткен тектілік мөрін ұмытпауымыз керек. Бұл күнде, жете ата  түгілі руын білмейтін аға көбейіп, бала өсуде. Олардың күйінен ұрпақ азып, ұлт тозатынын бабаларымыз дәлелдеп кеткен жоқ па? Ендеше, бүгінгі жасқа «Қарагөз» пьсасының бір мәні де соны көрсетпек. Сырым мен Наршаның іс-әрекетін дұрыс бағамдасақ, қазақтың қаракөздерін жылатпаудың сара жолын табар едік.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар