Иә, облыс орталығында енді Журналистер аллеясы бар. Бұл осы күндері елімізде кеңінен қолға алынып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы аясында мүмкін болып отырған игі шара.
Өткен сенбі күні көкшетаулық барша журналистер Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ-драма театрының алдындағы демалуға ыңғайлы, әсем бір алаңқайға жиналды. Осы жерде жоғарыдағы акцияға байланысты «Жасыл желек» шарасы бойынша Журналистер аллеясының негізі қаланды. Осы арада ізгі ниетпен бастары қосылған баспасөз саласының ардагерлері мен жастар жағы алдымен бүгінгі оқиғаға орай өткізілген салтанатқа қатысып, қолға алынып жатқан келелі істің маңызына ой жүгіртті.
– Құрметті әріптестер, дәл қазіргі сәтте еліміздің барлық аймақтарында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткізілуде. Біздің облысымызда да осы игі іс жан-жақты көрінісін тапқан. Бүгін міне, облыстық ішкі саясат басқармасы сіздерді қаламызда Журналистер аллеясының негізін қалауға жинап отыр. Қазір отырғызатын шыршаларымыз биікке бойлап, әлі-ақ саясына келіп демалушылар қызығын көретін болсын, – деген игі тілегімен басқарма басшысының орынбасары Гүлмира Кәрімова сөз алғаннан кейін, Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, белгілі жазушы-драматург Жабал Ерғалиев та әріптестеріне жүрекжарды лебізін іркіп қалмады.
– Біз ендігі жерде осы арада қадірлі де ардақты журналистеріміздің, жекелеген басылымдардың өз ағаштары бар екендігін ешқашан ұмытпай, еске алып, көкейімізге түйіп жүреміз. Алда өзіміз отырғызған осы ағаштарға балаларымызды, немерелерімізді алып келіп, мынау сенің атаңның атындағы ағаш, анау сенің атаңның жұмыс істеген мекемесінің құрметіне егілген ағаш деп айтып отырамыз. Баршамызға бүгінгі шара құтты болсын. Еліміз көркейіп, өркендей берсін, жақсылықтарымыз көбейе түссін, – деп ізгі тілегін білдірді.
Қазақстан Журналистер одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Бақыт Смағұлов журналист кәсібінің қоғамда алар орнына тоқтала келіп, өзгелер сияқты, өзі үшін де бүгінгі күннің ерекше екенін еске салды. Сөйтіп, өз ойын:
– Халыққа елдік сөзін айтып жүретін баспасөз өкілдерінің осындай жарқын істердің жаршысы болып жатқаны үлкен қуаныш. Өткен жылы біз де осы мәселені көтеріп, қозғау салғанбыз, – деп түйіндеді.
Бұдан кейін ағаш отырғызу жұмысы да басталып, әр ұжым, әр ардагер журналист тақтайшаға жазылып қойылған өз шыршаларын отырғызуға, оларға су құйып, шұңқырды тиянақтап топырақпен толтыруға кірісті. Әр жасыл көшеттің жанындағы «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері мен жергілікті басылымдардың атаулары көзге ыстық көрінеді. «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің өкілдері де өздерінің «Арқа ажары», «Акмолинская правда» атауларымен тұрған ағаштарын аялап отырғызып, бұрыннан жүрекке жылы, көңілге бөлекше «Көкшетау» сияқты газеттердің атауымен отырғызылған шыршаларға да қол ұшын тигізуді мерейлі парыз санады.
Көтеріңкі көңіл-күймен өткен акция осылайша журналистер қауымын тағы бір игі істің төңірегінде топтастырып, ертеңгі Журналистер аллеясына жол ашты. Бұл аллеядағы шыршалар келешекте де жылма-жыл көбейе бермекші. Осы арадан өткенде, осы араға келгенде өз еңбегіңнің өтеуіндей тақтайшалары тізілген өз жасыл желегіңнің қарсы алып тұрғаны қандай жақсы!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.