Қаламыздағы «Достық және шығармашылық үйі» 2005 жылы ашылып, қалада құрылып жатқан этно-мәдени бірлестіктер мен ұлттық орталықтардың келісімі мен татулығыныңкиелі ордасына айналды. Оның төрінде түрлі ұлт өкілдерінің мәдени-шығармашылық өнерлері насихатталып, әр алуан тілдегі әндері қалықтайды. Бүгінгі таңда мұнда 9 этно-мәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар – татар-башқұрт өкілдерінің «Юлдаш», шешен-ингуштардың «Беркат», славяндардың «Орыс қауымдастығы», әзірбайжандардың «Хазар», немістердің «Сателлит», қырғыздардың «Манас», өзбектердің «Әмір – Темур» орталықтары мен поляктардың «Полония» бірлестігі және «Степпеньюгендс» неміс жастар клубы.
Мекеменің негізгі қызметтерінің бірі – қаладағы ұлттық орталықтармен бірлесіп, жұмыс істеп, түрлі концерттер, спектакльдер, шоу-бағдарламалар өткізу, түрлі бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыру. Біздің ұлттық орталықтар қалалық қана емес, облыстық, республикалық байқауларға да белсене қатысады. Мәселен, «Орыс қауымдастығы» этно-мәдени бірлестігінде хор клубы құрылды. Олармен кәсіби музыкалық жетекшілер және «60+» денсаулық клубы жұмыс істейді.
«Достық және шығармашылық үйінің» этно-мәдени орталықтарыбылтыр облыстық «Достық дәмі» фестиваліне қатысты. Іс-шара қазақ халқының рухани және мәдени құндылықтарын насихаттап, қазақ елі мен жеріне деген сүйіспеншілікті арттыру, қазақ тіліне деген сый-құрметті ұлғайту мақсатында ұйымдастырылған болатын. Онда облыс аумағында тұратын басқа этнос өкілдерінің де тарихы, дәстүрлері мен мәдениеті кеңінен насихатталып, ұлттар арасындағы өзара достық жастарға үлгі етілді. Бұл фестивальге «Юлдаш» татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігі белсенді қатысып, тұрмыстық заттарын, татар тағамдарын, ұлттық киімдерін көрме ретінде ұсынып, ұлттық ойындарын, әндері мен билерін, ұлттық рәсімдерін көрсетіп, театрландырылған қойылымын ұсынды. Сонымен бірге, қаламыздың этно-мәдени бірлестіктері «Рождестволық кеш», «Менің Отаным – менің Қазақстаным» халықтық қолданбалы өнер көрмесін, «Аулак ой», «Исем кушу» театрландырылған қойылымдарын, Масленицаға арналған концерттік бағдарламасын, Алғыс күніне орай «Арайлы атамекенім», «Менің туым – менің Отаным!» патриоттық челлендждерін, «Ғарыштық қадам» скандинавиялық серуендеу фестивалін ұйымдастырып, өздері белсене қатысады.
Бүгінгі таңда этно-мәдени бірлестіктер қызметінің табысты бағыттарының бірі қайырымдылық пен еріктілікті дамыту болып табылады. «Жақсылыққа асыққаның берекет» демекші, степногорлық этно-мәдени бірлестіктердің барлық мүшелері қалалық қайырымдылық акцияларына белсене қатысып, мұқтаж жандарға, көпбалалы отбасыларға қолдан келгенше көмегін көрсетіп отырады. Жыл сайын өткізілетін осындай қайырымдылық акцияларының бірі – «Тілек ағашы». Онда этнос өкілдері мүмкіндігі шектеулі балалардың «Тілек ағашына» ілген бір тілегін орындап, сұраған затын алып беріп, бала көңілінен шығады.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде де біздің бірлестіктер түрлі көрмелер мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, қала тұрғындарына жақсы көңіл-күй сыйлайды. Халқымыздың бірлігі бекем, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Анар ҚОРЖЫНБАЕВА,
«Достық және шығармашылық үйі»
мекемесінің бөлім меңгерушісі.
Степногорск қаласы.