Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сәкен мұрасы – халық қазынасы - АРҚА АЖАРЫ

Сәкен мұрасы – халық қазынасы

«Сәкенді қызылдар жағында, ал біздерді «орда» жағында болды демесеңдер, Сәкен бізден гөрі әлдеқайда ұлтшыл еді» деп бағалаған кезіндежерінің тұтастығын сақтап қалған ұлт қайраткері Әлімхан Ермеков. Сол ғасырдағы Алаш ардақтыларының ұстанған жолдары әр түрлі болғанымен арман, мақсаттары бір болған еді.Жиырмасыншы жылдары Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, ұлтымызға таңылған «қырғыз» атауын жойып, «қазақ» атауын қайтарған Алаш ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің ұлты үшін істеген еңбегі ұшан-теңіз мол.

Қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын-жазушы, қоғам мен мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына биыл 130 жыл толып отыр. Осыған орай, Елордадағы Сәкен Сейфуллин музейінің экспонаттары Көкше жеріне келді. Мәлік Ғабдуллин мұражайында «Сәкен мұрасы – халық қазынасы» атты жылжымалы көрмені тамашалаған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мен Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінің 200-ге жуық студент жастары мол рухани азық алды.

Ұлы тұлғаның мол мұрасын көкшетаулықтарға, қала тұрғындары мен қонақтарына насихаттау, музейлер арасындағы өзара байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылған шараны алғысөзбен Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова ашып, Сәкен Сейфуллин мұражайының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Әбсеметов, жазушы-драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, тағы басқа зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі.

– Кезінде Мәлік атамыз да Сәкеннен рух алып, еңсесін көтеріп жүрді. Біз Сәкенді көбіне ақын-жазушы ретінде білеміз. Ал, ол Үкімет басына отырғанда қаншама елге пайдалы қаулыға қол қойып, жиналыстар өткізді. Сәкен экономисте бола білген. Сол кездегі мемлекеттік, жергілікті бюджеттерді бөліп отырған. Алғашқы несиелерді берген. 1923 жылы Ақтөбеде алғашқы касса ашылғанда, бүкіл банкнотта ең бірінші Сәкеннің қолы қойылған. Бірінші Үкіметті жасақтағанда, құрамына оқыған, білімді, халықтың сөзін сөйлейтін жергілікті ұлттың 15 адамын Сәкен айтысып, тартысып жүріп бекітеді. Нәтижесінде бірінші орынбасары ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, екінші орынбасары 1,2-ші МемлекеттікДуманың депутаты, атақты Шақшақ Тарқан-Жәнібектің ұрпағы Ахмет Бірімжанов, ұлт қайраткерлері Мәжит Шомбалов, Смағұл Сәдуақасов, Әлімхан Ермеков, Нығымет Нұрмақов, Есенғали Тасболатов қатарлы азаматтардан Үкімет құрамын жасақтайды. Бұл үлкен ерлік еді, – деді Марат Әбсеметов.

– Көкшетауды Сәкеннен, Сәкенді Көкшетаудан бөлуге болмайды. «Көкшетау» поэмасы арқылы Бурабайдың атақ-даңқы, сұлулығы, бүкіл қазақ еліне танылды. Екіншіден, біздің Көкшетау зиратында соңғы тұяғы Аян жатыр. Одан қалды, Сәкеннің ісі Көкше жерінде сайрап жатқандығын мол тарихи мұралардан байқауға болады, – деп Жабал Ерғалиев ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, музейлердің бірлесе атқарған жұмыстарына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, шара барысында «Сәкен мұрасы – халық қазынасы» жылжымалы көрмесін экскурсия жетекшісі Камила Үйсенбаева таныстырды. Көрмеге Сәкен Сейфуллиннің өзі және отбасының көзі тірісінде қолданған құнды жәдігерлері мен тұрмыстық заттары, 20-30 жылдары баспадан латын, араб, төте жазумен басылған еңбектері қойылды. Көкшенің сұлулығын жырлаған Сәкеннің сері, сымбатты тұлға болғанын тарих деректерінен білеміз. Осы көрме арқылы оғанда куә болғандай болдық. Сәкеннің киім үлгісін айқындайтын ағылшын стиліндегі костюмі, таза былғарыдан жасалған аяқ киімі, Швейцар фирмасының алтын қалта сағаты көкшетаулық көрерменнің қызығушылығын туғызды. Дәл осы киімді киген бейнесін елестетіп көрсең, сен оған еріксіз еліктейтін едің. Оған қоса, көңілге мұңлы әсер қалдырған Сәкеннің шаңырағында жайылмай қалған ақ дастарханы. «Қылышынан қан тамған сайқал саясат қай қазақты аяп еді», – деген өксікті запыран көмейіңе келмей көрсін. Ұлты үшін от пен суға түскен тұлғаны «халық жауы» деп қисынсыз жалаға ұшыратты. 1937 жылы ұлы Аянның 1 жасын тойлау үшін алынған ақ дастарханы жайылмай, Сәкен ұсталып кете барды. Жалғыз ұлмен қалған жары Гүлбаһрам «халық жауының әйелі» атанып, «ҚарЛАГ»-қа жер аударылып, поезде келе жатқан жолында соңғы тұяғы Аяны да шетінейді. Гүлбаһрам қилы заманда Сәкеннің мұраларын қайнысы Мәжитке аманаттап кетеді. Арасында ақ дастарханда сол күйінде көрмеге қойылып, көпшілік қауымды ерекше әсерге бөледі. Осылайша өткен ғасырдың көне жәдігерлері көрмеге сән беріп, ақын мұрасының сан қырлы өмір кескінін әйгілеп тұрғандай көрінді.

Сонымен бірге, көрменің ашылу рәсіміне Сәкен Сейфуллин мұражайының ғылыми қызметкері, жас ақын, Азамат Серікұлы өз шығармашылығынан «Сәкен-Рух» өлеңін оқып, көрерменнің ықыласына бөленді. Көрме соңында ақын, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, философия ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола облыстық филиал төрағасы Ерболат Баятұлы, Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми кеңесінің мүшесі Аян Қажыбай көрме туралы ой-пікірлерін білдіріп, жылы лебіздерін арнады. Іс-шара музей директоры, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Кенжебай Мұқышевтің орындауындағы Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» әнімен қорытындыланды.

Айта кетейік, Мәлік Ғабдуллиннің Сәкен Сейфуллинмен рухани байланысы сонау 1931 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтында білім алып жүрген уақыттан бастау алады. Міне, бұл жиын сол рухани байланысты, ғибратты ғұмыр кешкен қос тұлғаның өмір жолдарын тағы бір көз алдымызға әкелді. Сәкен Сейфуллин көркіне тамсанып өткен, асқақ рухты поэмасын арнаған Көкшетаудың төрінде Сәкен мұрасының насихатталуы қай жағынан болсын, үлкен іс деп білеміз.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар