Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Саясат сахнасында жұлдыздай жарқыраған - АРҚА АЖАРЫ

Саясат сахнасында жұлдыздай жарқыраған

Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарындағы трактор-егіс бригадасының есепшісінен кейін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы лауазымына дейінгі мәртебелі өсу жолдарынан өткен кемеңгер  тұлға Мақтай Рамазанұлы Сағдиевтің туғанына 95 жыл толуы – еліміздің қоғамдық-мәдени өміріндегі айтулы оқиға.

 Тәуелсіз қазақ елінің тарихында айшықты із қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Рамазанұлы Сағдиев 1929 жылғы 12 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы, Ленин ауданындағы Өндіріс ауылында өмірге келді. Семей педагогикалық институтын бітіргеннен кейін, мектеп директорлығынанмемлекеттік лауазымды қызметке тартылып, «Явленский»  совхозы парткомының хатшысы болды. Осындай ұйымдастырушылық және саяси қабілетінің арқасында 1962 жылы «Афанасьев» кеңшарының директоры болып тағайындалды. Тыңда түлеген шаруашылықтың экономикасын өрге бастырып, өзі де үлкен тағылымнан өтті.

1966 жылы шаруашылықтың егінжай алқабында  Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевпен алғаш рет кездесіп, Димекеңнің ақ батасыменСоколов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Облыс орталығына еңжақын орналасқан аудан болғанымен, әлеуметтік саласы дамымаған, экономикалық көрсеткіші құлдырап кеткен өңірдегі жағдайды қалпына келтіру үшін жас хатшы тыным таппастан еңбек етті.

Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің заңғар алыптары Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шәймерденов өздерінің туып-өскен атамекенінде жаңа аудан ашу жөнінде облыс басшылығына сан мәрте ұсыныс жасаған-ды. Сөйтіп, 1970 жылы Жамбыл атауымен жаңа аудан шаңырақ көтеріп, шалғайдағы атажұрттың да тыныс-тіршілігіне қан жүгіріп, ауыл адамдарының өмірі күрт өзгерді. Ел ағаларының ұйғарымымен жаңа ауданның тізгінін қолына алған Мақтай Сағдиев бәйге атындай оза шауып, саясат сахнасының төрінен жарқырап көрінді. Осылай Солтүстік Қазақстан өңірін өркендетуге саналы ғұмырының жиырма бір жылын арнаған Мақтай Рамазанұлыныңқажырлы еңбегі жоғары бағаланып, мемлекеттік деңгейдегі жауапты қызметтер сеніп тапсырылды. 1971-1986 жылдары Торғай облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Қазақ ССР Балық шаруашылығы министрі, Қостанай облыстық атқару комитетінің төрағасы болып істегенде өнеркәсіпті, құрылысты дамытуда, азық-түлік бағдарламасын жүзеге асыруда айрықша табандылық таныта білді.

Ел  ардақтысы Мақаңның Торғай облысында еңбек еткен тоғыз жылдағы өнегелі істеріаңыз іспеттес. 1975 жылы апталап соққан қарлы ақ боран, ақырған аяз Жанкелдин мен Аманкелді аудандарының жағдайын күрт ауырлатып жібереді. Осы кезде Арқалық қаласына шоғырландырылған 200-ден астам машинадан тұратын автоколоннаны өзі бастап, күнделікті тұрмысқа, тіршілікке аса қажетті екі мың тонна жүкті, азық-түлікті дер кезінде жеткізеді. Жол бойындағы биіктігі 3 метрдей оппа қарды қолма-қол аршытып, 300 шақырымдай жол жүру шын мәнінде де ерлікпен пара-пар еді.

Орақ науқанының қызған шағында обкомның бюро мүшелері өздері өкіл болған аудандарға барып, қалыптасқан жағдайды бақылап, қажет болғанда шұғыл шешімдер қабылдайды екен. Октябрь ауданында автокөліктің жетіспеушілігінен комбайндар аңыз басында қантарылып қалғандықтан,Мақтай аға әскери автомашиналарды Герцен атындағы совхозға жіберу жөнінде ұсыныс жасайды. Бұған тонмойын әскери чиновник: «Мен генералмын, не істейтінімді өзім білемін», – дейді. Мақтай Рамазанұлы адамдардың саябырсыған сәтін пайдаланып: «Дәл қазіргі сәтте рас, сен әскери генералсың. Ал, мен мына байтақ даланың баяғыдан бері Маршалымын. Осыны есіне сақта», – деп әумесер генералдың меселін басқан.

Қостанай облысын 1959 жылдан басқарған Андрей Бородин де, 1981 жылы оның орнын басқан Василий Демиденко да тікелей Мәскеуге арқа сүйеп, қаһарлы  да озбыр болды. Ал, облыстық атқару комитетінің төрағасы Мақтай Сағдиев болсатоқтамды, дәлелді әрі дәйекті сөздерімен біріншінің де мысын басып отыратын. Тіпті, В.Демиденко мырза бұрынғы бірінші хатшының құдасы болғандықтан, Қостанай қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Валерий Шлычковтың соңынан шам алып түседі. Қамығып, қуғын көріп, көрінеу қияметтен жәбірленіп жүргенінде оған достық қолын созып, қолдау көрсеткен аз ғана адамның бірі Мақтай Рамазанұлы болды. Мақаңның көмегімен кейін ол Көкшетау прибор жасау заводының директоры болып істеді. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.

Басшы адамның барлық істе бесаспап болуы мүмкін емес. Ал, Мақтай Рамазанұлы болса жан дүниесі, бітім-болмысы бөлек азамат ретінде өзінің іскерлік қабілетімен халқының үмітін ақтай білді. 1980 жылытікелей Димекеңнің қолдауымен Балық шаруашылығы министрі болып істеген 3 жылда ол халық шаруашылығының жетекші саласын жоғары деңгейге көтерді. Әлемнің 47 мемлекеті бас қосқан Дүниежүзілік балық көрмесіне қатысып, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл облыстары мен Қапшағайда жаңа тоғандарды іске қосты. Көкшетау, Қызылорда, Алакөл, Шымкент, Өскемен, Рудный, Лисаковка қалаларында әрқайсысы жылына 10 миллиондай балық личинкасын өсіретін инкубациялық цехтар салынды. Аралдың аянышты тағдыры да назардан тыс қалмады.

Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген 1985-1989 жылдары Мақтай Сағдиев алмас қылыштай жарқырап, бойындағы ұйымдастырушылық қабілетін киелі өлкенің өркендеуіне арнады. Келешекті көрегендікпен болжай білетін дарынды басшы халық шаруашылығының әр саласына бірдей көңіл бөлуге тырысты. Біздің өңірдің басты қазынасы астық болғандықтан, Шортандыдағы Бүкілодақтық егіншілік ғылыми-зерттеу институтының тәжірибесіне сүйеніп, жоғары сортты бидай өсіру көрсеткішін 99,5 пайызға жеткізді. Арнайы мамандандырылған 40 шаруашылық қой өсірумен, 18 совхоз ірі қараны бордақылап семіртумен айналысты. Сүт сауу көрсеткіші артып, құс шаруашылығының дамуына даңғыл жол ашылды.

Жаңадан фарфор заводы, каолин комбинаты, тоқыма-тігін және тұрмыстық бұйымдар фабрикалары ашылып, өнеркәсіптегі өнім өсімі 14 пайызға молайды. Обкомның бірінші хатшысының тікелей бастамасымен «Тұрғын үй-90» арнайы бағдарламасы қабылданып, ойдағыдай жүзеге асырылды. Колхоз-совхоздардажылсайын 15-20 пәтерден, 200-дей кулинар дүкендерісалынып, 100 совхозда санаторий-профилакторий ашылды. Көкшетау-Бурабай автомобиль жолының бойындағы Жамантұз ауылында бой көтерген сәулетті коттедждерсол кезде біздің күнделікті тұрмысымызда сирек кездесетін құбылыс болды.

Ал, облыс орталығында салынған Центральный және Васильковка шағын аудандары, Абылай хан даңғылы іскер басшының айшықты қолтанбасы іспеттес. «Бурабай», «Синегорье» және «Сыбаға» дүкендерінің тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуі республикаға озық тәжірибе ретінде таратылды.Абылай хан және Нұрсұлтан Назарбаев даңғылдарының қиылысындағы даланың жалпақ тастарынан қаланған биік төмпешікті халық «Мақтай тауы» деп атайды. Бұл жерге көкшетаулықтар мен қала меймандары серуендеп келсе, жас жұбайлар, мектеп түлектері ескерткіш үшін суретке түседі. Халқының бай тарихын құрметпен бағалап,салт-дәстүрімізді қастерлей білген іскер азаматтың мәдениет пен өнерді, жалпы, әлеуметтік саланы өркендеуге сіңірген еңбегі де ерекше. Облыс орталығында ән мен жыр дүлдүлдері Біржан сал мен Ақан серінің композициялық ескерткіштерінің бой көтеруі де Мақаңның кең масштабтағы кемеңгер тұлға екендігін тағы бір айғақтай түскендей.

Мақтай ағаның бойындағы тамаша бір қасиеті – өзімен қатарлас қызмет істеген әріптестерінің сыртынан ғайбат сөз айтып, қызғаныш білдірген емес. Бұған Еркін Әуелбеков жайында айтқан мына жүрекжарды сөзі дәлел:«Еркін сияқты ел туына айналған ерен тұлғалар өмірде күнде туа бермейді. Оның дәл осы Көкшетау сияқты хан ордасы тігілген, ежелден қасиет-кие дарыған ел мен жерде туып, қысқа өмірде қыран бүркіттей самғап өтуінде, дүйім елдің мақтанышына айналуында үлкен мән-мағына жатқан сияқты». Ал, Еркін Нұржанұлы Қызылордаға бірінші хатшы болып барғанда Сыр бойының қазақтарына сәлемдемеге Көкшетаудан семіріп тұрған жүз жылқыны жіберуі нағыз азаматтыққа, шынайы достыққа тән ерлік емес пе.

1989 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болып сайланған уақыт Мақтай Сағдиев үшін де, еліміз үшін де үлкен өзгерістермен ерекшеленген тарихи кезең болатын. Парламент жұмысында дербестік жоғын байқаған жаңа төраға республикада саяси реформалық шараларды жүзеге асыруға белсене кірісті. Нәтижесінде қазақ халқының ұлттық сана-сезімі, рухы мен ділі, мәдениеті жаңғырып, Наурыз мейрамы қайта түледі.

1991 жылы Қазақстан Республикасы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланып,  еліміздің тағдыры шешілген сындарлы сәттерде ақылман ақсақал ретінде байсалды пікірін айтып, қоғамдағы тұрақтылықтың сақталуына лайықты үлесін қосты. Ел ардақтысының мемлекетіміздің мәртебесін өсіру жолындағы қажырлы еңбегі ескеріліп, Ленин, Октябрь Революциясы, «Парасат», үш мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталып, «Ақмола облысының құрметті азаматы» және «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атақтары берілді. Ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, тарихымызды жаңғырту мақсатында Мақаңның туған-туысқандарының өтініш-тілектерін ескере келіп, облыс басшылығына Көкшетау қаласындағы өзі негізін қалаған «Мақтай таудың» жанынан бюстін орнату жөнінде өтініш білдірдім. Бұл ұсынысты көкшетаулық ардагерлер мен зиялы қауым бірауыздан қолдап отыр.

Үш жылдай КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Мақтай Сағдиевтің көмекшісі болу бақытына ие болып, мемлекеттік деңгейдегі маңызды істерді шешуде ардақты азаматтың қасынан табылып, берген тапсырмаларын бұлжытпай орындауға тырыстым. Ең бастысы, Мақан Мәскеуден оралған сайын сессиядан алған әсерлерімен, естіген жаңалықтарымен бөлісетін. Қолайлы мүмкіндікті қалт жібермей, бәрін зердеге тоқуға тырыстық. «Жақсыдан-шарапат» дегендейін, тәлімгерімнің арқасында қазақтың нарқасқа тұлғаларымен де жақынырақ таныстым.

Тонның ішкі бауындай, отбасымен біте қайнасып кеткендіктен, Мақтай Рамазанұлының ұрпақтарымен байланысым әлі де үзілген емес. Сыйластықтың айғағындай, төрт жылдан бері «Көкшетау» мемлекеттік табиғи паркінің директоры Ербол Сағдиевтің шақыртуымен көкшетаулық қариялар Мақаңның туған күніне орай, Зеренді көлінің жағалауындағы плантацияда қарағай көшеттерін отырғызуда. Айналма жолдың ығындағы көздің жауын алатын бұл көшеттер Мақтай Рамазанұлы Көкшетау обкомының бірінші хатшысы болғанда отырғызылса керек.

Көне тарихтан сыр ақтарсақ, Көкшетау-Қызылжар өңірі мен Орта жүзге әйгілі болған ұлы тұлғалар Зілқара-Шопан-Әлібектің тәуелсіз қазақ елінің кемеңгер перзенті Мақтай Сағдиевтің жетінші аталары екендігін қалайша мақтан етпеске. Төсекте жаны бір, төскейде малы ортақ Атығай – Қарауылдың ұрпақтары әрқашанда бауырмалдығымен, ержүректігімен, көрегендігімен ерекшеленіп, еліне қамқор бола білген ғой. Қарашадан шығып, хан атанған Зілқара Көкшетау дуанының аға сұлтаны болған кезінде ақ патшаға кілең бір түсті, асыл тұқымды үш жүз арғымақты сыйға тартып, санжар-бекзадаларды таңдай қақтырды. Ал, әкесінің атақ-даңқын қазақ сахарасына жайып, батыр атанған Әлібек әннің ақсұңқары Ақан серіні бауырына тартты. Шашасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік Құлагердің атағын ең алғаш үш жүзге жайды.

Өмірдегі ақылшым әрі  ұстазым, тәлімгерім болған ардақты ағатайым Мақтай Рамазанұлы Сағдиевтің рухына арналған осы мақаламдыкөкшелік майдангер ақын Көкен Шәкеевтіңбір шумақ өлеңімен аяқтағанды жөн көріп отырмын.

Көкше десе қоса айтады Мақтайды,

Адам атын адалдықпен ақтайды.

Сынға салып, салмақтасам еңбегін,

Мақтайдай ұл, әзір Көкше таппайды.

 Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
«Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар