Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ халқының қаһарман ұлы - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ халқының қаһарман ұлы

Соғыс…Алапат соғыс жылдары…1941 жылы 22 маусымда Германия КСРО-ға таңғы сағат 4-тің кезінде тұтқиылдан  шабуыл жасады.  Екінші дүниежүзілік соғыскезінде халқымыз бір кісідей қолға қару алып, Отанды қорғауға өз үлестерін қосты. Қаншама қазақтар, басқа ұлт өкілдері қан майданда қаза тапты. Жеңіс бізге  оңай келген жоқ. Жеңіс үшін біздің ардақты әке-аталарымыз соғыста қан мен тер төккені әрбірімізге  мәлім.

Соғыс кенеттен басталғанымен, Кеңес Одағының әрбір азаматы алғашқы күннен бастап жұдырықтай жұмылды. Еліміздің  түкпір-түкпірінде әскери комиссариаттарға еріктілер ағылды. Кеше ғана мектептерде  отырған бозбалалар мен бойжеткендер де, қала мен ауыл тұрғындары да соғысқа сұранды. Міне, осы ерен ұмтылыс арқылы Кеңес Одағымыз жеңіске жетті.

Жеңіс – Кеңес Одағы халқының ең жарқын, ұмытылмас ерліктерінің бірі. Жауға қарсы Жеңіске Ақмола облысының тұрғындары да өз үлестерін қосты. Соғыста ерлік көрсетіп, жанқиярлық танытқан батырларға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ақмола облысынанда бірқатар батыр ағаларымыз осы жоғары атақты алды. Сол батыр ағаларымыздың біріде бірегейі Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовті тілге тиек етсек, биыл батыр ағамыздың туғанына 100 жыл толады.

Сағадат Қожахметұлы 1924 жылы  25 мамырда Ақмола облысы Ақкөл ауданы Қосым ауылында дүниеге келді. Дүние есігін ашпай әкесінен айырылады. Анасы Айса екі бала тәрбиелеген. Олар Сағадат және ағасы Сағит еді. 1932  жылы Сағадат Нұрмағамбетов 7 жасқатолғанда анасынан айырылады. Сағит кішкентай Сағадатқа анасы мен әкесінің орнын басады. Бірақ, ағасы да көп ұзамай майданға аттанады да, Новгород түбегіндегі шайқаста өмірден өтеді. «Ағам шымыр денелі, қой көзді, анама ұқсайтын еді», – дейді Сағадат Нұрмағамбетов өз естелігінде. Батыр ағамыз бала кезінде география пәні мұғалімі болуды армандаған екен. Себебі, география пәні оның жанына жақын болған. Бала кезінде ол картадан кез келген мемлекетті көрсете алатын. Бірақ,  сұрапыл  соғыс  салдарынан  оның  арманы орындалмайды. Сағадат Нұрмағамбетов өз ағасының хаттарын оқып, тезірек  майданға аттануды  аңсады. Ақыры, 18 жасында Қызыл Армия қатарына қабылданып, 1943 жылы сәуір айында әскери училищені бітіріп, майданға аттанады.

Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлік жолын пулемет взводының командирі болып бастап,  бұл әскери іске кейін 50 жыл уақытын арнайды.  Сонау Кавказдан жаудың ұясы Берлинге  дейін 1052-атқыштар  полкі  құрамында  болған Сағадат Қожахметұлы 1945  жылы 17 ақпанда Польша аумағындағы Пилица өзенінің сол жағалауындағы плацдарм үшін  болған  шайқаста ерлік  көрсетіп, ерекше  көзге  түседі. Варшава қаласынан 60 шақырымжерде орналасқан Мангушев плацдармында Сағадат Нұрмағамбетов басқарған пулемет ротасы екі күн ішінде 12 пулемет пен 120 фашисті жояды. Бұл тапсырмада Сағадат Нұрмағамбетов өзін сауатты әскери офицер ретінде көрсетеді. Батальонның жеке құрамы жеңіске жеткеннен  кейін мемлекеттік маңызды объектілерді  қорғау бойынша тапсырмалармен айналысады. Осылайша өз ісін үлгілі  орындап, ерлік пен батылдық көрсеткені үшін Сағадат ағамызға 1945 жылы 27 ақпанда Кеңес Одағының Батыры жоғары атағы берілді. Ол осы атақты алғанда небәрі 20 жаста еді. Бұл күнді қаһарманымыздың өзі кейін былай сипаттайды: «Медальдарды  Армия  қолбасшысы  жеке өзі табыстады. Ол кеудемізге «Ленин» ордені  мен «Алтын жұлдызды» тақты. Бізді шынайы ниетімен құттықтады. Толқынысымды жасыра алмадым. Қазақтың жетім баласына мұндай зор құрмет  көрсетілгеніне  сене  алмадым. Әкем мен анам, Сағи ағам, отандастарым бұл жетістігімді көрсе ғой деп ойладым».Сағадат Нұрмағамбетовты ол басқарған пулемет взводындағы қызыләскер М.Куличенко былай деп есіне алады:

«Мен  екі жыл капитан Нұрмағамбетовтің қол астында қызмет еттім. Осы уақыт ішінде  көптеген шайқастарға қатысуға тура келді. Біздің капитан ерекше ержүректі адам. Бір кездері неміс әскерінің  көптеп қарсы шабуылды бастағаны есімде. Олардың артықшылығы болғанымен, үлкен шығынға ұшырады. Мен жауға оқ жаудырдым. Кенеттен жанымнан дауыс естідім:

–Маған пулемет беріңіз!

Айналып қарасам, рота командирі, капитан Нұрмағамбетовты көрдім. Ол пулеметті алып, жаудың шебінеоқты қарша боратты. Міне нағыз пулеметші! Неміс әскері жаппай қырылды. Үш жауынгер оған пулемет оғын әзер беріп үлгердік.

Капитан Нұрмағамбетов бізге әрдайым қамқорлық жасады.Ол әрдайым жауынгерлерге ұрыс кезінде  паналайтын орын  және тамақ тауып беріп отырды. Бізде ешқашан жыртылған киіммен немесе жыртылған аяқ киіммен жүрген бірде-бір жауынгер болған емес. «Біздің командир – біздің әкеміз». Біздің солдаттар Нұрмағамбетов туралы осылай айтады. (АОМА. 1115 қор, 13 тізімдеме, 41 іс, 3 б.)

Сағадат Нұрмағамбетовтың ержүрек, батыр, адал, қамқор жан болғанын осы қызыләскердің естеліктерінен де байқауға болады.

Соғыстан кейінгі уақытта Сағадат Нұрмағамбетов маңызды әскери лауазымдарды атқарды. Егемендік алғаннан кейін тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі болды.  Нұрмағамбетов  Қорғаныс  министрі  қызметіне тағайындалған соң сапалы әскери мамандарды даярлау үшін бар күшін салады. 1994  жылдың 23 мамырында Қазақстан Республикасының тұңғыш президентініңЖарлығымен Сағадат Нұрмағамбетов Халық Қаһарманы атағына ие болып, № 1 «Алтын Жұлдызбен»марапатталды. 1995  жылдың қарашасында Армия генералы атағымен отставкаға шығып, Қазақстан РеспубликасыПрезидентiнiң кеңесшiсi болды.

Бүгінде тұғырлы тұлғаның жауынгерлік жолын жас ұрпаққа насихаттау үшін Ақкөл ауданының орталығында осы жердің тумасы, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Армия генералы,  еліміздің  тұңғыш  Қорғаныс  министрі Сағадат  Қожахметұлы  Нұрмағамбетовтің құрметіне мемориалдық мұражай ашылған.  Мұнда  сонау сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шертетін мұрағаттар, сирек кездесетін фотосуреттер, Сағадат Нұрмағамбетовтың ерлігі үшін алған медальдары мен кәдесыйлары қойылған. Батыр қолбасшының өзі қолданған қару-жарақтарын, отбасылық  альбомдарын да осы арадан табуға болады. Музей қорын толықтыруға тарихи тұлғаның өзі қолқабыс еткен.

Нағыз батыр әрі ардақты тұлға2013 жылдың 24 қыркүйегінде 90 жасқа толғанда көз жұмды. Өзі өмірден өткенімен батыр ерлігі ешқашан ұмыт қалмайды.

Ақмола облысының мемлекеттік архивінде  9 мамыр Жеңіс күніне  және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаhарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толуына орай, ағымдағы жылдың 3 мамырында «СоғысЖеңіспен аяқталды!» тақырыбында фотоқұжатты көрме өтті. Көрмеде соғыс жылдарындағы ақмолалық батыр ағаларымыздың ерліктері  туралы айтылып, Сағадат Қожахметұлының майдандағы және бейбіт замандағы фотосуреттері қойылды, батырдың өмір жолы туралы баяндалды. (АОМА. 1115 қор, 13, 18 тізімдеме).

Көрмеге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұрпақтары, «Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің әскери-техникалық мектебі» республикалық мемлекеттік мекемесінің Щучье филиалының сарбаздары және БАҚ өкілдері шақырылды.

Біз Ұлы Отан соғысында Сағадат Нұрмағамбетов сынды көптеген батыр жерлестеріміздің де арқасында жеңіске жеттік. Қазіргі таңда бейбіт заманда ғұмыр кешіп жатырмыз. Әрқайсымыз Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин, Рақымжан Қошқарбаев, Ақан Құрманов сияқты сол көптеген қаһармандарымыздың аруағына басымызды иіп, сұрапыл соғыс енді еш қайталанбаса екен дейміз.

Әсем ӘЛДИБЕКОВА,
Ақмола облысының мемлекеттік архиві
ақпараттық-ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар