Аға ұрпақ дəстүріне адалдық – Отанға адалдық

7 мамыр – Отан қорғаушы күні қарсаңында облыс әкімі Марат Ахметжанов 5510 әскери бөлімде салтанатты сап түзеу рәсіміне қатысып, Отан қорғаушыларды осы мерекемен құттықтап, күнделікті қауырт істеріне табыс тіледі.

Шараға сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері, әскери бөлімнің жеке құрамы, БАҚ өкілдері қатысты. Осыдан 28 жыл бұрын Қазақстанда Ішкі әскерлер құрылып, кейін ол Ұлттық ұлан деп аталды. 2013 жылғы наурыздан бастап Көкшетауда орналасқан 5510 әскери бөлімі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығының құрамына кіреді. Бүгінде бөлімде келісім-шарт және әскерге шақыру бойынша 1500-ге жуық қызметкер Отан алдындағы борышын өткеруде. Биылғы жылы Ақмола облысындағы су тасқынына байланысты бөлімнің жеке құрамы бөгеттер салып,  апаттың алдын-алуға бар күшін жұмылдырды.

– Бүгін шебі бүтін, шекарасы берік қасиетті жерімізді қорғайтын,егемен қазақ елінің айбынды Қарулы Күштері құрылған күн. Отан қорғаушы күніменбаршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрам – бейбіт елдің тыныштығын әуеде, құрылықта, теңізде қорғап, өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып жүрген әрбір әскери қызметші үшін ерекше.Бүгінгі батырлық мерекесі өңіріміз үшін күрделі кезеңмен тұспа-тұс келді. Халқымызда бабалардан келе жатқан «Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» деген даналық сөз бар. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевайтып өткеніндей, «Отан қорғаудан артық міндет жоқ. Армия – мемлекеттің берік қорғаны».Бұған осы күндері бәріміз көз жеткіздік.Су тасқынын жоюда тәулік бойы  барша елмен бірге 5510 әскери бөлімнің 300 сарбаздары мен командирлері де қатысқан болатын.Осындай сындарлы сәтте ел ұландары бір үйдің баласындай жұмылып, жан-жақты көмек көрсеткені үшін сіздерге зор алғысымды білдіргім келеді, –деді  аймақ басшысы.

Шара барысында облыс әкімі су тасқынының салдарын жоюға ат салысқанәскери қызметшілерді Алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ, әскери қызметшілерді мерекелерімен Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Сәкентай Шекарбеков те құттықтады.

Іс-шара әскери қызметшілердің салтанатты шерумен өтуімен аяқталды.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар