Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ерлік ұлағатталды, майдангерлерге құрмет көрсетілді - АРҚА АЖАРЫ

Ерлік ұлағатталды, майдангерлерге құрмет көрсетілді

Ақмола облысында Рақымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған іс-шаралар басталды. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжінің базасында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен Отан қорғаушы күніне, Ұлы Жеңіс күніне және аты аңызға айналған жерлестеріміздің мерейтойларына арналған облыстық сап және ән байқауы өтті.

Байқау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын шығару мен байқауға қатысушылардың іс-шараға дайындығы туралы баянатынан басталды. Өңір басшысы өзінің құттықтау сөзінде барлық қатысушыларды әрбір қазақстандық үшін маңызды мерекелермен құттықтап, жастарға өз мемлекетін, оның тарихын құрметтеп, өз Отанының лайықты қорғаушысы болуына тілек білдірді.

–Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күні қарсаңында мектептер мен колледждердің оқушылары арасында саптық және ән байқауларын өткізу дәстүрге айналды. Бұл жай ғана байқау емес, сіздердің ұйымшылдық, үйлесімділік қабілеттеріңіздің жарқын көрсеткіші. Әрине, осындай іс-шаралардың арқасында өскелең ұрпақтың үлкендерге деген құрмет пен Отанға деген сүйіспеншілік сезімдері оянады. Біздің жерлестеріміз, даңқты Батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаев – еліміз үшін отансүйгіштік мен батырлықтың үлгісі. Әрбір қазақстандықтың міндеті осы құндылықтарды қорғау болып табылады, –деді Марат  Ахметжанов.

Салтанатты іс-шараға  Ақмола облысы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасынан 19 команда қатысты. Оның ішінде 5 қыздар командасы да болды.  Қатысушылар саптық дайындықтың шеберлігін, командалық рухты, тәртіпті көрсетті, саптық әнді орындады.

–Бүгін облыстық байқауға 350-ге жуық адам қатысты. Байқау жоғары патриоттық сананы, өз Отанына деген адалдық сезімін қалыптастыруға ықпал етеді. Азаматтық борыш пен Отан мүддесін қорғау жөніндегі конституциялық міндеттерді орындағаны үшін жауапкершілік сезімін тәрбиелейді, –дейді ұйымдастырушылар.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің жасөспірімдер командасы, екінші орынды Көкшетау жоғары техникалық колледжінің командасы, үшінші орынды Щучинск орман шаруашылығы, экология және туризм колледжінің жігіттері иеленді.

Ал, қыздар арасында бірінші орынды Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің командасы, екінші орынды Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің қыздары, үшінші орынды Көкшетау жоғары техникалық колледжінің командасы алды. Шара соңында облыстық байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сертификаттармен және дипломдармен марапатталды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы іс-шарадан кейін Ұлы Отан соғысының ардагері Арсентий Щудлякты  мерекемен құттықтап, зор денсаулық тіледі.

–Біз сізге соғыстағы ерлігіңіз үшін алғыс айтамыз. Сіз бейбіт уақытта да жанқиярлықпен жұмыс істедіңіз. Ең бастысы, деніңіз сау болсын, сіздің ерліктеріңіз өскелең ұрпақ үшін үлгі, –деді өңір басшысы. Ардагер өз кезегінде  Президентке және облыс әкіміне  қамқорлықтары  үшін алғысын білдіріп,  елімізде тек бейбітшіліктің болуын тіледі.

Облыс әкімі соғыс ардагері Нұрғасым Ежітаевты да құттықтады.  Майдан  шебінде көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін ардагерге зор алғысын білдіріп, оның бейбіт күннің орнауына зор үлес қосқаны ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.

–Біз сізге соғыстағы жауынгерлік ерліктеріңіз үшін зор алғыс білдіреміз. Сіз қазақстандықтардың өскелең ұрпағы үшін ерліктің жарқын үлгісі болдыңыз. Бұл үшін  өзіңізге мәңгі ризамыз,–деді өзінің құттықтау сөзінде аймақ басшысы.

Ақсақал өзінің  үлкен жасына қарамастан әлі тың. Оның айтуынша, ұзақ өмір сүрудің құпиясы – елінің, туыстарының сүйіспеншілігі пен қамқорлығы.

–Жау келгенде бәрі майданға аттанды. Олардың  ішінде мен де болдым.  Ең алдымен, Берлин үшін шайқастық, кейін бізге жапон миллитаристерін де жеңдік. Дегенмен, біздің ұрпақтарымыздың мұндайды енді ешқашан көрмегенін қалаймын. Себебі, бұл өте қорқынышты және аяусыз соғыс. Ең бастысы – бейбітшілік, – деді Нұрғасым Ежітаев.

Адамзат тарихындағы ең қиын және қатыгез соғыста біздің ардагерлеріміздің Жеңісінің арқасында бейбіт аспан мен тыныштық, орнады.  Еліміз үшін 9 мамыр –Ұлы мереке. Сондықтан да, жас ұрпақ   майдангерлердің  жасаған ерліктерін ешқашан ұмытпағаны жөн.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар