Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мерген Нұрқасым немесе ерлік ескірмейді - АРҚА АЖАРЫ

Мерген Нұрқасым немесе ерлік ескірмейді

Алпыстан астам ел қатысып, елу миллион адамның өмірін жалмаған сұрапыл соғысқа қазақ жерінен де  Отан үшін от кешіп, оққа кеудесін тосып, талай боздақтар аттанып еді.

Ел басына күн туған шақта қолына қару алып,  жауға қарсы шыққан жауынгердің талайы«батыр» деген атқа әбден  лайық. Ал, ортамызға аман-есен оралғандар бұл күнде саусақпен санарлық. Осыдан 83 жыл бұрынғы сұрапылмайдан даласын көзімен көрген ғасыр куәсінің бірі жас қаламыз Қосшыда ғұмыр кешеді.Бүгінгі таңда 99 жасқа келген ардагеріміз Нұрқасым Әжітайұлы 1925 жылы қаңтар айында Семей облысы, Абралы ауданының Сарықамыс деген жерінде дүниеге келген. Қазақ даласын жайлаған ашаршылық  жылдары Құлжабасыға, кейін Семейге отбасымен қоныс аударады. 1938 жылы еңбек ұжымшары құрылып, 7 жылдық мектеп ашылуына орай, 13 жасар Нұрқасым мектеп табалдырығын аттайды.Кейін қауқары бар еркек кіндіктінің бәрі дерлік майданға аттанды. Соғыс ардагері Нұрқасым Әжітайұлы да әскер қатарына 1943 жылы қаңтар айында Жаңасемей аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен алынады. Өрімдей жігіт бір жылдың ішінде Новосібір  қаласындағы мергендер мектебін үздік тәмамдап, Мәскеу түбіндегі шайқасқа аттанады.

Құралайды көзге атқан мерген кейін Маршал Малиновскийдің  қолбасшылығымен Керчь қаласын жау қолынан азат етуге қатысады. Берлинді алуда және Курск доғасындағы шайқаста авиациялық қызметтің атқыштар сапында жауынгер болды. Ешкімді аямаған соғыста қар жамылып, мұз жастанып, толарсақтан су кешіп, оттың ортасында жүрді.Жеңісті қарсы алумен шектелмей, 1945 жылы тамыз бен қыркүйек айларында Жапониямен соғысатын жауынгерлерге ілесіп, 293-інші атқыштар дивизиясымен келесі қан майданға аттанады. Квантон әскерімен кескілескен ұрыста Нұрқасым Әжітаев асқан ерлігімен көзге түсіп марапатталады.Соғыс аяқталғаннан кейін майдангер Читадағы училищеде ұстаздық етіп, жастарды әскери қызметке баулиды. Қиындыққа мойымай, өжеттілік пен бейімділік танытқан ол әскери әуе ұшақтарында моторист болып,  талмай қызмет атқарады. Сондай-ақ, Владивостоктың Артем қаласының комсомол ұйымында жетекші болып, Краснояр өлкелік комсомол съезіне екі рет делегат болып қатысты. Осы қызметі үшін  Хабаров өлкесіндегі қызыл әскер ұйымының мұрағатында «Алтын әріппен аты жазылды» деген грамотасы сақталған.

Майдангеріміз туған еліне араға сегіз жыл салып, 1951 жылы оралады. Елге келісімен қоғамдық өмірге белсенді араласыпАбыралы ауданы оқу бөлімінде әскери инспектор болып еңбек еткен Нұрқасым Әжітаев кейін отбасымен Шар қаласына көшіп, темір жолдың Шаған станциясында кезекші болады. Еңбекқорлығы мен жасампаз істерін бағалаған шаруашылық директорының шақыруымен Қайнарда ағаш шеберханасында меңгеруші болып 20 жыл еңбек етеді.Әке-шешеден де ерте айырылып, ащы тағдыр тезімен таласып өскен майдангер отбасы құндылығын жоғары бағалайды. Нұрзиләт Құсайынқызымен шаңырақ көтеріп, бүгінде жеті  баласынан он немере, тоғыз шөбере сүйіп, үбірлі-шүбірлі үлкен әулеттің батагөйіне айналып отыр. «Әкеміз айналасына сыйлы, қадірлі азамат болды. Өте еңбекқор, қол қусырып отыруды білмейтін. Бізді де соған баулыды. Бастаған ісін соңына дейін  жеткізбей тыңбайтын, – дейді Нұрқасым ақсақалдың ұлы Ермек ағамыз.

Мерген ақсақалдың әулеті Қосшы қаласын мекен еткендеріне үш жылдың жүзі болды. Белі қатпай жатып, жас күнінен қаруын асынып, сұрапыл соғысты бастан өткерген Нұрқасым атамыз: «Өскелең ұрпақ бүгінгі бейбіт күннің қадір-қаситетін ұғынып, тәуелсіздіктің баға жетпес байлық екенін білуі парыз» дейді. Кейіпкеріміздің бір ғасырлық өмірінің еңбекке толы жылдары еленбейқалмады. «Ер есімі ел есінде» дегендей,екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Жапонияны жеңгені үшін медалі, Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медальдары мен Ұлы Жеңістің құрметіне басқа да мерейтойлық медальдармен марапатталған. Және деҚазақстан Республикасы Президентінің мерекелік Алғыс хаттарымен«Құрметті қажы» алтын медаліне ие болған.

Кеудесіне күміс сақалы төгіліп, қайсарлықтың қайтпас белгісіндей көзінде алаулаған намыстың оты өшпеген Нұрқасым қарттың бізге сыйлағаны және аманаты бейбіт күннің ақ таңы. Бүгінгі Отан ұландарының алдындағы парыз да осы – ардагерлер ісін алға жалғастыру болмақ.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар