Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Он сегіз жасында от кешіпті - АРҚА АЖАРЫ

Он сегіз жасында от кешіпті

Биылғы жылы Ұлы Жеңіс мерекесіне 79 жыл толып отыр. 9 мамыр – еліміздің тарихындағы ерекше күн екендігі анық.

Өйткені, бұл күн аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің ел басына күн туғанда Отанға деген ұлы сүйіспеншіліктерінің көрінісі және өскелең ұрпақтың майдангерлерге деген шексіз құрметі мен ыстық ықыласының бір белгісі.

Әдетте, осы мереке қарсаңында бізде ардақты қарттарымызбен кездесіп, сұхбат құратын бір игі дәстүр бар. Бір өкініштісі, облысымызда қазіргі таңда Ұлы Отан соғысының ардагерлері тым азайып қалды. Солардың көзі тірілерінен Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында тұратын Арсентий Андреевич Щудляк осы жылдың 22 наурызында 99 жасқа толды. Бұл кісіқазіргі таңда қызы Надежда Решетнякпен бірге тұрады, Украинаның Каменно-Подольск облысы, Карытно селосында дүниеге келген. 1935 жылы Украинада қатты ашаршылық болғандықтан, оның отбасы Қазақстанға, Ақкөл станциясына көшіп келеді. Жеті жасында мектепке барып, оның екі сыныбын Украинада, ал, екі сыныбын Қазақстанда бітіреді. 1936 жылы анасы қайтыс болып, бес бала әкесінің тәрбиесінде қалады. Оқу оқуға мүмкіндік болмағандықтан, 16 жасында ұстаның шәкірті болып жұмысқа орналасады. 1943 жылдың ақпан айында әскер қатарына шақырылып, 1945 жылдың қарашасына дейін 127-ші атқыштар полкінде әскери борышын өтеді. Яғни, бар-жоғы 18 жасында майдан даласынан табылып, Отан үшін от кешуден тайынбаған, Жеңіс күнін жақындатуға барынша үлес қосқан Арсентий Щудляктің бүгінде ел құрметіне бөленіп отырғандығын ең алдымен, оның азаматтық борышқа деген адалдығынан деуіміз керек.Қарт ардагер Жапониямен болған соғысқа да қатысқан.1945 жылдың қарашасынан 1946 жылғы наурызына дейін 18-ші мотоатқыштар бригадасының құрамында, кейін 1948 жылдың сәуіріне дейін 268-ші автомобиль батальонында жүргізуші болып, Сібірде егін орағы кезінде жүк көлігіменбидай датасымалдаған. 1948 жылы мамырда әскер қатарынан босатылған соң зейнетке шыққанға дейін өмір бойы Щучинск қаласында теміржолда әскерилендірілген күзетте жұмыс істеді. Отан алдындағы ерлігі үшін ол екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», Георгий Жуков атындағы, «1918-1978 жылдардағы КСРО Қарулы Күштеріне 60 жыл мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

– Әкем 99 жасқа келді. Жеңістің 80 жылдығына жетсе екен деп күнде тілеп отырамыз. Анамыз Нина Матвеевна екеуі 53 жыл бірге өмір сүрді. Өкінішке орай, 2003 жылы анамыз қайтыс болып кетті. Қазір, міне, анам өмірден өткелі 21 жыл болды, әкеме өзім бас-көз болып отырмын. Өзім өмір бойы Щучинск қаласындағы тігін фабрикасында бас бухгалтер болып жұмыс істедім. Еңбек өтілім 38 жыл. Туған екі інім бар, бірі Германияда, екіншісі Ресейдің Тюмень қаласында тұрады. Әкемнің елімізге сүйіспеншілігі соншалық, інілерімнің үйлеріне шетелге барса, екі-үш күннен кейін үйге кеткісі келіп, осы Щучинскіні аңсап отырады, – дейді өз сөзінде ардагердің қызы Надежда Арсентьевна.

Қазіргі таңда бір ғасыр жасауға бір адым қалған Арсентий атамыздың үш баласы, бес немересі мен он шөбересі бар. Біз де ардагерге денсаулық тілеп, бір ғасыр жасауына және Жеңістің 80 жылдығына жетуіне тілектестігімізді білдірдік.

Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар