Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ата салт-дәстүрлеріміз – ұлттың  рухани құндылығы - АРҚА АЖАРЫ

Ата салт-дәстүрлеріміз – ұлттың  рухани құндылығы

«Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат    шықпайды». Сондықтан, дәстүр мен тәрбиені ұштастыра білу керек.

(Мұстафа Шоқай).

Қазақ халқының ата-бабадан бері жалғасып келе жатқан салт-дәстүрінің күні бүгінге дейін өзінің құндылығымен ұрпақтан ұрпаққа жетуінің мәні өте тереңде жатыр. Халықтың ұлттық ерекшелігінің бірі – табиғатпен біте қайнасып,салт-дәстүр мен әдет ғұрыпты өнегелі тәлім-тәрбие сипатында қалыптастырып, сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа  жеткізе білуінде.

Қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпының тарихы өте терең. «Қазақта алты жыл аш болсаң да  атаңның салтын ұмытпа» деген мақал бар.Салтдегеніміз тұрақтылық қасиетке ие мәдени іс-әрекеттер жинағы.Салт ғасырлар бойы тарихи негізде қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын әдет-ғұрып, жалпыға бірдей тәртіп. Салт-дәстүр халықтың рухани байлығы, өнеге тәжірибесі, ұрпақ сабақтастығының байланыс құралы.Өткен ғасырлардағы салт-дәстүрлер бұлжымыс заң жүзінде үлкен рөл атқарды.Ол халықтың байлығы, мәдениетінің көрінісі.

Дәстүр сөзі латынша «традио – сабақтастық»әлеуметтік-мәдени  мұраның ұзақ уақыт бойына адамдар атадан балаға қалдыратын, әдетке айналған, сол қоғамның немесе әлеуметтік топтың құндылықтар жүйесі мен ережелеріне ұласқан бөлігі.Қазақтың «салт»,иранның «дәстүр» сөздері кезінде тілімізге енген араптың «әдет», «ғұрып» сөздерімен мағыналас. Сонымен қатар, «салт-дәстүр», «әдет-ғұрып» дегеніміз күнделікті үйреншікті нәрсеге айналған жалпыға бірдей қалыптасқан тәртіп, реттеуші ереже мен іс-әрекет.

Салт-дәстүр адам баласының дүние есігін ашқаннан бастап, ержеткенге дейінгі аралықтағы рухани-тәндік, тәлім-тәрбиелік,әдептілік, әртүрлі өнерге баулу бағытындағы амалдардың негізінде қалыптасатыны анық.Жалпы, халқымыздың мінез-құлқы, қазаққатән өзіндік қадір-қасиеттері, ұлттың рухани дүниетанымының өз ерекшелігі бар. Ұлтымыздың салт-дәстүрінің  басты қағидалары ұрпақ тәрбиесіне негізделген.

Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән беріп, біріншіден, бала тәрбиесі, екіншіден, тұрмыс-салт дәстүрі, үшіншіден, жалпы ұлттық мәдени-салт дәстүрді берік ұстанған. Қазақ халқының даналықпен қалыптастырған салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының ұрпақ тәрбиесіндегі басты маңыздылығының астарында ұлт болашағы жатыр. Ұлт ретінде жойылмау үшін ең бастысы ана тілі, содан соң отбасы тәрбиесі керек. Ал,қазақ халқында отбасы тәрбиесіне аса ыждаһаттылықпен  үлкен мән берген. Осы уақытқа дейін мазмұны мен мәнін, қадір-қасиетін жоймаған салт-дәстүрдің бүгіні мен ертеңі қандай болмақ деген сұрақ туындауы мүмкін.

Халқымыздың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары сонау ежелгі түркілер дәуірінен бастау алып, қазақ халқының алғашқы хандары Керей мен Жәнібек хандардың тұсында еш қаймағы бұзылған жоқ. Ғасырдан-ғасырға жалғасқан, патша өкіметінің отарлау саясаты, одан кейінгі 20-сыншы ғасырдың бойындағы кеңестік дәуір қазақ халқының ұлттық, рухани, материалдық мәдениеттерінің   өзгеруіне зор зиян келтіргені тарихтан белгілі. Десекте, ұлттың өзіндік ерекшелігінің басты белгісі болып саналатын салт-дәстүр ешқашан жойылып кеткен емес. Халықтың сақталып қалған әдет-салты, ырым-кәделерінің аса құнды  мұраларынан қазақ халқының рухани байлығын көре аламыз. Салт-дәстүрді жалғастыру, сақтау, түсіне білу, ұлттың, ұрпақтың жалғасуының бірден бір кепілі десек болады.

Осы орайда, қазіргі қоғамымызда отбасын құрудағы  дәстүрге айналған, жас отбасын құрушылардың неке қиярдағы «махр» сұрауы туралы біразырақ тоқталсақ. Заманына қарай талабы демекші, қазіргі кезде өткен жылдарға қарағанда дәстүр жаңарып, жаңғырып келеді. Бесік құда, қарсы құда дегендер рас, сирек кездеседі. Жастар өзара келісіп, сосын ата-анасы алдынан өтіп, құда түсіп, сырға салады. Содан соң қыздың ата-анасы қыз ұзату тойын жасайды. Неке қию рәсімі 1660-ыншы жылдардан кешегі тәуелсіздікке дейін АХАЖ бөлімінде жүргізілді. Молдамен неке қидыру некен-саяқ болатын. Тәуелсіздігімізді алған кейінгі отыз жылда қазақтың діні мен тілі, салт-дәстүрінің қайта оралуына мүмкіндік туды. Жастарымыз имандылыққа бет бұрып, көбіне мешітте неке қидыруды жөн деп білетін дәрежеге жеттік.

Өткен 18-19 ғасырларда неке қиюда қазақ молдалары екі жақта «қалыңмал», «киіт», сый-кәделер жүрген соң «махр» сұратпаған. Жаугершілік замандарда «кәде-сыйсыз» батамен қосылған. Қазіргі заман өзгерген уақытта, кеңестік дәуірден қалған сақина алмасу жалғасып келе жатыр. Бірақ, көпшілік жастар мешітке неке қидыруға бет алуда. Қазір «Махр» сұрағанда сыйлыққа қыздар қысылмай,дауыстап қалағанын сұрау қалыпты жағдайға айналған. Негізінде, ертеде дауыстап «махр» сұрау қазақ тәрбиесіне жат қылық болып есептелген.

Халқымыздың өмір салтында тәрбиеге, ұлттық рухқа, дәстүрге, әдет-ғұрыпқа қайшы солақай саясаттардың жүргізілгені де тарихымыздан мәлім. Соның бір дәлеліне мына деректерді келтіруге болады. Кеңес өкіметі  ежелгі әдеп, бұрынғы салт, ескі ғұрыптың бәрін жойып, жаңа «сана» енгізіп, қалыптастыруға күш салды. Саналы түрде, жоспарлы негізде дінге қарсы шығып, оны түп-тамырымен жойғысы келді. Коммунистік партияда ғылымиатеизмнің бар күші осыған жұмылдырылды. 1924 жылы 15 желтоқсанда БКП(б) Орталық Комитеті» құдайсыздар одағын құру туралы қаулы алды. «Безбожник» яғни, «құдайсыз» деген дінсіздікті уағыздайтын арнайы газет шықты. 1925 жылы сәуір айының 19-26 жұлдыздары аралығында орысшасынан қысқартылып, ОБГБ деп аталатын құдайға сенбеушілер, дінді қадірлемеушілер қоғамы өзінің 1-съезін өткізді. Осы жылы 21 мамырда әлгі ОДГБ-ның жарғысы қабылданды. Ал, маусымның 5күні ОБГБ КСРО құдайсыздар одағы болып қайта құрылды. Одақтың 2-съезі 1929 жылы 8 маусымда өтті. Осы съезде одақ «КСРО-дағы күрескер құдайсыздар одағы» деген жаңа ат алды. Осы күрескер құдайсыздар қатары 1932 жылы 5 миллионға жетіпті…(64-65 беттер,«Құтты болсын тойларың!» той кітабы,Б.Сапаралы, Ж.Дәуренбекова,Алматы: Өнер, 1993-732 бет.)

Осындай саясаттың ықпалы салт-дәстүріміздің көптеген өзгерістерге ұшырауына кері әсерін тигізгендігі айдан анық. Десекте, тәуелсіздік алған отыз жылда ел еңсесі көтеріліп, салт-санамыз қайта қалпына келтіріліп, жаңғырып, жанданды.Соның бір куәсі шариғат заңы бойынша «неке қию» дәстүрінің қайта оралуы. Қазіргі таңда Ақмола аймағында жаппай мешіттер салынып, ел имандылыққа бет бұрды. Әсіресе, жаңа отау құрған жастар қауымының дәстүрмен сабақтас мұсылмандық діннің тәрбиелік маңызы арқасында неке қидыруға ықылас танытуы көңілге қуаныш ұялатады. Жалпы, өткен ғасырлармен салыстырғанда, заман ағымына сай дінімізде біршама заманауи тұрғыда, ғылыми, мәдени жағынан зерттеліп, шынайы қадір-қасиеті айқындалып, ұлттық дәстүрмен ұштастырылу жолына түсті.

Көкшетау қаласындағы Науан хазірет мешітінің ұстазы Серік Ергебекұлының айтуынша, қазіргі таңда жаңа отбасын құрған жастардың мешітке келуі жыл сайын жиілеп келеді. Мешіт ашылған 2016 жылдан бері шамамен 6 мыңға жуық жас шариғат бойынша неке қидырған. Бұл жылына бір жарым мыңға жуық жас деген сөз. Олар алдымен тапсырыс беріп жазылады. Жастарға шариғат бойынша неке қиюдың мазмұны, мән-мағынасы тек діни тұрғыдан ғана  емес, қазақтың ежелден келе жатқан тәрбиелік бағыттағы салт-дәстүрінің негізінде насихатталып, ақыл-кеңестер беріледі.

–Біздегі шариғат бойынша неке қиюдың өзіндік тәртіп, мазмұны бар. Неке қиюға келген жастарға отау құрудың үлкен жауапкершілік екендігін терең ұғындыруға тырысамыз. Оның ішінде отбасындағы әйел мен еркектің рөлі,отбасының берекелі болуы, өзара сыйластық, ата-ананы құрметтеу сынды қазақ халқының дәстүріндегі тәлім-тәрбие жөнінде әңгімелесеміз, ақыл-ой саламыз, – дейді өзі сөзінде имам.

Иә, қазақта «қызға қырық үйден тиым» деген тәрбиелі сөз бар. Туғалы өз ортасында өскен қыздың жаңа ортаға үйренісіп кетуінің өзіне біршама уақыт керек. Бұл да келіншек алып отырған азаматқа үлкен жауапкершілік жүктейді. Құран кәрімде «Әл-Әнфәл», «Уа иман келтіргендер! Аллаға және Пайғамбарға және аманатқа қиянат жасамаңдар!» деген 27-аятта.Яғни, үйленіп отырған жігітке келіншегі аманат болып есептеледі. Алған жарының барлық тұрмыстық жауапкершілігі ер азаматтың мойнында, ол соны сезіне, түсіне біліп, қабылдап, атқаруға міндетті. Шариғатта дүниеге келген «ұл бала – сыйлық, қыз бала – аманат» делінген. Қазақ халқы қызды ешқашан босағаға отырғызбаған. «Қыз қонақ, қыз құт» деген сөздер қалған бабаларымыздан. Сондықтан, қыздың орны өз ата-анасының үйінде төр болған. Қыздың жұрты – «төркін» деген сөздің түп-төркіні осы сөзден шыққан. Ертеде ұзатылған қыз өзінің кетерінде «Өз үйімдей үй қайда, енді маған төр қайда?» деп сыңсуының мәні, өз үйіндей барған жерде төрде отыра алмайтындығы хақындағы өкінішінің бір белгісі. Сондықтан басқа ортаға ұзатылған қызәке-шешесінің алдында өзінің жары, болашақ күйеуге аманатталады. Аманаттың сауабы мен жауабы, қазақ халқының дәстүрінде үлкен жауапкершілік.Осы орайда, қыз балада өзінің болашақ отбасына деген жауапкершілікті сезініп, түсінуге тиіс және соған міндетті.

Қазіргі уақытта шариғат заңымен неке қиюдың шарты бойынша «махр» сұралатынын айттық. «Махр» қыздың болашақ күйеуінен өзіне қалаған сыйлықты алып беруді өтінуі. Ол шариғат заңы бойынша орынды. Жігіт неке қиярда осы айтқан уәдесінде тұрып, оны орындауға тиіс. Бірақ, қазіргі жастардың ой-өрісі,психологиясы әртүрлі. Кейбіреулер арзан, кейбіреулері қымбат нәрсе сұрауы мүмкін. Оған жігіттің жағдайы келе ме, оныда ойластырып, ақылға салу керек. Сондықтан, алдын ала насихат жүргізетіндігіміз содан. Мәселен, бізде неке қиюшылар журналға тіркеледі, онда қыздың «махрға»  алтын сағат, алтын сырға, сақина, айфон, тағы басқа қымбат заттарды қалайтындары көптеп кездеседі. Біз де әрине, мұны құптай бермейміз. Жалпы, мешітте неке қидырған жастарға шариғат заңымен арнайы мөр басылған заңды неке куәлігі тапсырылады. Жалпы, қазіргі зайырлы мемлекетіміздің  діни орталықтарының басты қызметі ел ертеңі – болашақ ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беруге белсене ат салысу дейді мешіт ұстазы.

Осы орайда, расында қазіргі жастар осы «махр» сұраудың астары мен жөн-жосығын түсініп алып  барып сұрағаны дұрыс-ау деген ой келеді. Мұның да өзіндік қисынсыз жайттарға, отбасын құрудағы қиыншылықтарға әсер етпей қоймайтындығы анық. Өйткені, ертең қалыңдық «сен маған соны әперемін деп едің, ол қайда?!» деп жігіттің мазасын алып, отбасындағы көбіне-көп қазіргі ажырасулармен тынып жатқан алғашқы жарықшақ содан да басталуы мүмкін ғой. Сондықтан қазақтың жаратылысы мен болмысына сай қалыптасқан салт-дәстүрді шынайы,боямасыз түрде лайықты жалғастыру бүгінгі ұрпақтың да еншісіндегі шаруа екендігі анық. Ұлттың ертеңі үшін сөз болған мәселе көпшілікке ойсалар деген ойдамыз.

Ғалия НАЗАРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар