Би… Айдын көлдің бетіне өрнек салған аққудай қалқып, тербетіле шалқып, мың бұрала билеп жүрген «Көкшетау» халықтық би ансамблінің бұл «Аққу» қойылымына кезінде қазақ би өнерінің негізін қалаушы Шара Жиенқұлова жоғары баға беріп, ұжымның жұмысын ерекше атап өткен екен. Халық әртісінің назарына ілігіп, одан кейін де талай көрерменді өнерімен тамсандырған, жарты ғасырлық тарихы бар ансамбль бүгінде көрікті Көкшенің ғана емес, Ақмола облысының да бойтұмарына айналған. Өнер айдынына қонған талай қарлығаштың қанатын қақтырып, талпындырған, талабын ұштай түскен ұжымның жақында 50 жылдық мерейтойы атап өтілмекші. Осыған орай, аталған ансамбльдің жетекшісі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Мәдина Тілеулинамен кездесіп, ұжым тарихына бойладық.
Қазақ халқы би өнерін ежелден ерекше бағалап, өзіндік қошеметіне бөлеп келеді. Би өнері ерекше талғам мен сезімнің, жинақылық пен нәзіктіктің көрінісін айшықтайды. Оған қоса, халықтың эстетикалық болмысы мен мәдениетін әспеттеп, бейнелейді. Осы ұлттық мәдениетті қимыл-қозғалыс арқылы көрерменіне жеткізіп, бекзат өнерді насихаттап жүрген «Көкшетау» халықтық би ансамблі 1974 жылы қаланың 150 жылдығы тойланар шағында бұрынғы Ленин атындағы мәдениет сарайындақұрылыпты. Сол кездегі Көкшетау облыстық партия комитетінің хатшысы Бейсен Жұмағалиевтің бастамасымен өнерпаз жастардың басын құрайтын бір әдемі үлкенұжым құру туралы шешім қабылданыпты. Бұл ұжым республикада өткен ғасырдың 60-шы жылдарының соңына таман құрылған «Гүлдер» ансамблінен кейінгі үлкен жаңалық еді. Яғни, ол өз оркестрі, жеке солистері, дуэттермен квартеттері, би тобы, ансамбль ішіндегі ансамблі бар үлкен эстрадалық ұжым болып құрылып, тынбай еңбек етіп, бағдарламалық концерттерімен дүйім жұрттың жүрегін жаулап, көңілдерді баурап алған екен.
Аз уақыттың ішінде Көкшетаудың визит картасына айналып үлгерген үлкен ұжым 1975 жылдың шілдесінде Қазақ КСР-нің Мәдениет министрлігінің жарлығымен «халықтық» атағына ие болған. Сол жылдың қыркүйек айында Югославияға ең алғашқы гастрольдік сапарымен барып, қазақ мәдениеті мен оның мол мұрасын насихаттап, қалың жұртшылыққа паш еткен. Бірнеше топтан құрылған сол вокалды-хореографиялық ансамбльге Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әрі әнші, әрі ақын Мұса Асайынов жетекшілік еткен екен. Ансамбльдің халық аспаптар тобына Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Көкшетаудағы музыка мектебі мен Біржан сал атындағы музыкалық училищенің (қазір колледж) алғашқы директоры, сазгер Манарбек Бексейітов жетекшілік етсе, оның құрамында домбыраның құлағында ойнаған 12 өнерпаз болыпты. Көз көргендердің айтуынша,сол домбырашылар арасында зеренділік дәрігер-хирург, әрі музыкалық білімі бар талант иесі Серік Ыбыраевта болған екен. Сонымен бірге, ерекше дарын иесі Валерий Гомызев деген әуесқой музыкант жетекшілік еткен эстрадалық топта көптің ықыласына бөленіпті. Оның құрамында кейін бірталай жыл мәдениет басқармасын басқарған Базарбай Кәкенов пен Ерлік Жексенбиндей гитарашылар, дауылпазшы Михаил Каплуновский, Александр Петиндеген музыканттар өнер көрсетіпті. Ұжымның алғашқы жеке әншілерінің қатарында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкерлері – баритон әнші Еркін Біржанов, әнші Ирина Адильбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Любовь Адилова болса, олар сол кездегі аты шыға бастағанкомпозитор студент, кейін Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері атағына ие болған Кеңес Дүйсекеевтің ансамбльге арнайы жазып берген әндерін орындаған екен. Дәстүрлі әншілері мен дуэттері қатарында Сайран Мағзұмов, Кеңес Тынымбаев, Қайранас Мұқышев, Әнәпия Сәрсенбаева, Мәрзия Баубекова, Роза Есетова, Айман Бектемірова секілді көмейіне бұлбұл ұялаған, жезтаңдай өнерпаздар болған. Олар қазақтың әндерін нақышына келтіре шырқап, ұлттық өнерді шет ел аспанында қалықтатыпты. Концерттік бағдарламаларды журналист Шаймұрат Тынымбаевпен Қалима Кенжеғалиева жүргізген екен.
Ансамбльдің жеке әншісі, әрі гитарашысы болған, бүгінде АҚШ-та тұрып жатқан Базарбай Кәкеновтің айтуынша, олардың шетелге шыққан алғашқы концерттік бағдарламасы қазақтың ұлттық мәдениетін, дәстүрін насихаттауға, шетелдіктерге ұлттық ойындарымызбен өнерімізді таныстыруға бағытталыпты. Сонда оларән-күй мен би билеуден бөлек, қыз қуу, орамал тастау ойындарын көрсетіп, ақындар айтысы жанрында да өз өнерлерінұсыныпты. Концерттік бағдарламаны Мәскеуден арнайы шақыртқан Жданов деген режиссер құрған көрінеді. Жылдар жылжып, өмір өзен өз арнасымен аға береді емес пе?! Содан бері ансамбль жаңа әншілермен, бишелермен, музыканттармен толысып, жаңара берген. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова да осы өнер ұжымында 80-ші жылдардың орта тұсында өнер көрсеткен қарлығаштарының бірі екенін мақтана еске алады.
Құрылған кездегі бишілер тобында хореограф, әрі солист Марат Қуанышбеков бастаған Ғалия Байшағырова, Гүлнәр Құланова, Гүлнәр Жанәбілова, Галина Тілеуова, Галина Куксина, Жанна Шаймерденова есімді қыздар мың бұрала билеп, өнер көрсеткен. Ансамбльдің билерін белгілі балетмейстерлер Елдос Усин мен Зәурбек Райбаев қойып беріпті. Би ансамбліне ол кезде Леонид Ваев деген хореограф жетекшілік етіпті. Сол жылдың қыркүйек айында үлкен ұжым Югославияның құрамында болған Черногория мен Дубровник тәрізді бірнеше қалаға сапарлап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, көзайымы болып оралған. Содан жылдан жылға ансамбль дамып, күш ала бастайды. 1980 жылы «Көкшетаудың» би ансамблі табиғаты талайларды тамсандырған Бурабай жерінде түсірілген «Қош бол, Медеу» атты Қазақстан мен Чехословакияның біріккен көркем фильмін түсіру барысында «Шашу» биін билеп, көпшілік көріністерге қатысыпты. 1986 жылы «Көкшетау» Қазақстанның атынан Венгрия Халық Республикасында өткен «Кеңес Одағының мәдениет күндері» онкүндігіне қатысуқұрметіне ие болыпты.
Бұл вокалды-хореографиялық үлкен ұжымның бүгінде би ансамблі ғана сақталып, сол кезде қалыптасқан би тобының дәстүрі мен салтын жалғап, сахнада саусақтары майысып, мың бұралған бишілері көрермендердің жүрегіне жол тауып жүр.
–Ансамбльдің құрылып, өркендеп, өсу жолында белгілі хореограф Леонид Ваевтан бастап, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Марат Қуанышбековтің қосқан үлестері орасан зор. Марат Жолшыбайұлы жетекшілік еткен тұста ансамбль «халықтық» атағын иеленді. Одан кейін 1980-1991 жылдар аралығында би ұжымын басқарған, қазір Ресейде жұмыс істейтін білікті хореограф, менің ұстазым Елена Болотова өзі қызмет еткен уақытында репертуарға көптеген әдемі би қойылымдарын енгізді. Оның шығармалары мамандар назарына ілігіп, жақсы пікірлерге ие болды. Ансамбль бұл жылдары гүлденіп, көркейе түсті. Ол кезде бізге белгілі балетмейстерлер – Қазақстан Республикасының Халық әртістері Болат Аюханов, Зәурбек Райбаевтар келіп, шеберлік сыныптарын өткізіп, әдемі би қойылымдарын үйретіп кететін. Болат Аюханов қойған «Аққу» биімен Алматыда өткен үлкен байқауға қатыстық. Сонда қазақ кәсіби би өнерінің негізін қалаушы, халық әртісі Шара Жиенқұлова осы биімізді ерекше атап өтіп, «Аққу» биі осындай болуы керек!» деп біздің ұжымға жоғары бағасын берді. Зәурбек Райбаевтың қойып берген «Мереке би», «Ата толғауы», «Бозінген», «Куә бол», «Көгілдір Көкше», «Айжан қыз» деген би қойылымдары репертуарымызды байыта түсті. Мен ол кезде жасөспірім қыз едім, ансамбль құрамында биші болатынмын. Ансамбльге 1992-1994 жылдары педагог-хореограф Айсұлу Омарова жетекшілік етті. Сондай-ақ, би ұжымының дамуы мен өркендеуі жолында өз істерінің мамандары Гүлжан Ыдырысова мен Лилия Тілеукеновада елеулі үлес қосты, өкінішке орай, екеуі де бүгінде арамызда жоқ,–деп атап өтті отыз жылдан астам уақыт ұжымға жетекшілік етіп келе жатқан би өнерінің майталманы Мадина Тілеулина.
Осы ретте, Мадина Бекетқызы туралы да тоқтала кеткеніміз жөн болар. Оны анасы 1980 жылы жетектеп әкеліп, ансамбльдің орта тобына қосыпты. Өнер иесі осы ұжымда өсіп, шыңдалып, қажымай-талмай еңбек ете берген. Жас кезінде би майталманын Польшадағы гастрольдік сапары кезінде атақты хореограф Заурбек Райбаев байқап қалып, сөзінің дуасы бардай: «бұл қыз болашақта хореограф болады» депті. Айтқаны келді. Сөйтіп, сахна төрінде жарқырап көрінген биші қыз жүрек қалауымен Көкшетаудағы бұрынғы мәдени-ағарту институтын (қазіргі Ақан сері атындағы мәдениет колледжін) тәмамдаған соң, Қарағандыдағы Е.Бөкетов атындағы мемлекеттік университетін мәдени демалысты ұйымдастыру, кейін Челябідегі оқу орнын хореография мамандығы бойынша қызыл дипломмен аяқтаған. Бүгіндеосы би ансамблінің дамуына ерекше күш-жігерін салып, алға ұмтылдырып, өнерпаз қыздардың талабын ұштап келеді.
–Біздің ансамбльдің басты дәстүрлерінің бірі – ұжымға кішкентай қыздарды қабылдау. Тарыдай болып келген жауқазындар біздің ұжымда ақырын-ақырын өсіп-өнеді де, орта топта шыңдалады, соданнегізгі топқа өтіп, ансамбльдің айнасы болады. Ұжымда қыздарби билеудің қимыл-қозғалысына ғана емес, оның болмысына, тарихына бойлайды,бітімдері әдеміленіп, сымбаттары қалыптасады, тәртіпке бағынып, жауапкершіліктің не екенін сезінеді, бірлік пен татулықта өмір сүруге дағдыланады, бір-біріне қол ұшын беріп, көмектеседі,–дейді дарынды ұйымдастырушы Мадина Бекетқызы.
Жоғарыда атап өткеніміздей, ансамбльдің әртүрлі бағыттағы бағдарламалары бар, қалыптасу кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейін ансамбль Қазақстанның көптеген танымал балетмейстерлерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, жұмыс істеп келеді. Олар жоғарыда айтқан Қазақстан Республикасының Халық әртістері Зәурбек Райбаев пен Болат Аюхановтан бастап, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Мыңтай Тілеубаев, еліміздің еңбек сіңірген әртістері Тойған Ізімова және Гүлнәр Саитова, Шымкент қаласындағы «Қазына» би ансамблінің көркемдік жетекшісі, мәдениет қайраткері Зәуре Әжібекова, Қазақ ұлттық хореография академиясының аға оқытушысы, өнертану магистрі Алмат Шамшиев. Бұл өнер тарландарымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде «Үш жүз», «Қарлығаш», «Керім сал», «Құрбылар», «Бойжеткен», «Жарысу», «Көкшетау суреттері», «Шок қызляр», «Био-Био» қойылымдары туған. Бүгінде олар ансамбльдің алтын қорында сақталып, үлкен сахналарда орындалып келе жатыр және республикалық, халықаралық байқауларда үнемі бірінші орындарды жеңіп алуда.
Қазақ ұлттық би өнерін насихаттап жүрген «Көкшетау» ансамблі алыс-жақын шет елдерде республика туын көтеріп, түрлі халықаралық байқаулар мен фестивальдердің бірнеше мәрте лауреаты атанды. Ұжым өз тарихында Югославия, Венгрия, Түркия, Молдова, Болгария, Польша, Жапония, Қытай, Корея, Малайзия, Марокко, Біріккен Араб Әмірліктері, Франция, Румыния, Германия, Литва, Ресей, Индонезия, Италия, Австрия, Кабардино-Балкария, Испания, Қырғызстан, Чехия, Андорра сынды 20-дан астам мемлекеттің сахнасында өнер көрсетіпті. Соның ішінде соңғы онжылдықта қатысқан шараларға тоқталсақ, Кореяда 18 мемлекеттің өнерпаздары арасында өткен байқауда ансамбль үшінші орыннан көрінсе, Францияда бірінші орынды бағындырған, Венгрияда жүлделі екінші орынды иеленген. Сондай-ақ, Қазақстанда бірнеше жыл қатарынан өткен халықаралық «Шабыт» фестивалінде де үздіктер қатарынан көрінген. Сонымен бірге, соңғы жылдары республика көлемінде ұйымдастырылып жүрген көптеген би фестивальдерінің Гран-При иегерлері және дипломанттары.
–Осыдан біраз жыл бұрын М.Ғабдуллин атындағы Көкшетау техникалық академиясының курсанттарымен тығыз байланыс орнатып, олар біздің бишілермен билеп, әдемі қойылымдар жасаған едік. Өкінішке орай, соңғы 4-5 жылда бұл үрдіс үзіліп қалды, – дейді ансамбль жетекшісі. – Басқа ансамбльдерден ерекшелігіміз – біздің ұжым жан-жақты. Ең басты мақсатымыз қазақтың ұлттық би өнерін насихаттауболғандықтан, ансамбль классикалық лексикаға негізделген әдемі, пластикалық көркемдігімен, сұлулығымен, қимыл-қозғалысымен ерекшеленетін қазақтың ұлттық билерін билейді. Сонымен қоса, елу жыл бұрын құрылған кезде ұжым халықтар биін билеуге ден қойғандықтан, біз бұл дәстүрді де сақтап келеміз. Репертуарымызда қытай, бурят, испан, молдова, болгар, түрік, шығыс билері де жетерлік. Біз шет елдерге гастрольге шыққанда сол жақтан бір би үйреніп келуге тырысамыз. Қазір біз классикалық, заманауи, модерн жанрындағы билерді де репертуарға қосудамыз. Кейбіреулер: «бір бағытты ғана ұстанып жұмыс істемей ме? Біресе ананы, біресе мынаны көрсетудің не қажеті бар?» деп ойлауы мүмкін. Егер ұжым бір жақты бағытты ұстанса, онда бишілеріміз біржақты дамиды. Түрлі жанрдағы билерді үйренсе, ансамбль мүшелерінің ой көкжиегі кең, жан-жақты болады.
Жарты ғасыр бойы жемісті жұмыс істеп, қалың жұртшылықтың қошеметі мен құрметіне бөленген ұжымнан би әуесқойларының талай буыны түлеп ұшты. Алдыңғы буын өкілдері бүгінде 60-ты алқымдаған ақ жаулықты әжеге айналған. Сондай-ақ, олардың ішінде хореографияны жан-тәнімен сүйіп, осы салада еңбек етіп, танылған белгілі мәдениет саласының үздіктері бар. Ұжымда бүр жарып, көркейгенқызғалдақтардың бертінгі біз білетіндері бұл күнде тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де шығармашылық жолында еңбек етуде. Олар –«Көкшетау» мәдениет сарайының жанындағы «Он алты қыз» халықтық би ансамблінің жетекшісі Мадина Дусмогомбетова, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармонияның «Гәкку» ансамблінің жетекшісі Гүлмира Ордабаева, Астанадағы Қазақ театрының балетмейстері Салтанат Жолымбаева, Алматыда тұратын кино және театр актрисасы Гүлнәр Ыбыраева, Түркияда жұмыс істейтін Махаббат Букина, АҚШ-та Лос-Анджелесте қызмет етіп жүрген Рузанна Кәкенова мен Далласта қазақтың ұлттық биін қойған Аманда Адамс, Грецияда еңбек ететін Александра Коваленко және тағы басқалары.
Бүгінде ансамбльдің репертуар қорында жүздеген би қойылымы бар. Кіші, орта, негізгі топтарында 80-ге жуық кішкентай қыздар мен бойжеткендер жайқалып, киелі сахнаның қадір-қасиеті мен ұлттық мәдениеттің мәйегін бойларына сіңіріп, өсіп келеді. Ансамбль жетекшісі негізгі топта өнер көрсетіп жүрген Әсел Төкежанова, Алуа Шакирова, Амира Мукушкина секілді солистердің де болашақта өзі тәрізді өнер жолында қанат қағатындарына үміт артады. Үлкенді-кішілі солистері бар ұжымның алда да талай биіктерді бағындырып, өнердің өрінен көрінулеріне тілектеспіз!
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.