Ақмола облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының директоры Құрманбек БҰРМАҒАНОВ: «Бұл ауру туралы шын ақпаратқа ғана арқа сүйеу керек»

Адамға иммун тапшылығы вирусының (АИТВ) берілуі  мен одан сақтану жолдары  туралы жеткілікті ақпаратқа қарамастан, өкінішке орай, індет қарқыны басылар емес.  Жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы (ЖИТС) осы аурудың соңғы терминальды сатысы болып табылады. Бірақ, көпшілік АИТВ мен ЖИТС-ті бір ауру деп санап, күйзеліске беріліп кетеді де, ешқандай ем қабылдамай, өзін өлімге апарады.

Негізі бұл екі түрлі диагноз, бірақ, қатар жүреді. Қазіргі зерттеулер мен емдеудің жаңа әдістерінің арқасында АИТВ жұқтырған адамдар үнемі ретровирусқа қарсы препараттарды қабылдап, дәрігердің барлық айтқанын орындаса, кез келген кезеңде ұзақ және толымды өмір сүре алады. Осы орайда, біздің өңірдегі ахуалды білмек мақсатпен біз Ақмола облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының директоры Құрманбек Бұрмағановпен жолығып, осы дерттің алдын алу және емдеу шаралары туралы әңгімелескен болатынбыз.

–Құрманбек Жұмабекұлы,  өзіңіз басшылық ететін орталық АИТВ-қа қарсы қандай жұмыс атқарып жатқандығы туралы айтып өтсеңіз. Жалпы, облысымызда осы салаға байланысты ахуал қалай болып отыр?

–Біздің орталық Ақмола облысындағы АИТВ инфекциясының алдын алу, диагностикалау және емдеумен кешенді түрде айналысатын бірден-бір мекеме. Біз өз жұмысымызда АИТВ инфекциясы туралы халықты ақпараттандыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлеміз. Әлеуметтік жарнама – бұл біздің облыс тұрғындары мен қонақтарына АИТВ туралы айтуға көмектесетін тетіктердің бірі. 2024 жылы Көкшетау және Щучинск қалаларында адам көп жиналатын орындарда осы ауруды жұқтыру жолдары туралы әңгімелейтін және тестілеуге шақыратын, сондай-ақ, АИТВ-пен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен кемсітушілікке жол берілмейтінін түсіндіретін алты баннер орналастырылды. Барлық танымал әлеуметтік желілерде веб-сайт пен аккаунттар бар. Сонымен қатар, қаламыздың қоғамдық орындарында тұрғындар арасында экспресс-әдіспен небары 20 минут ішінде АИТВ статусыңызды анықтауға шақыратын ақпараттық науқандар жүргізілуде. Мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – халықтың АИТВ инфекциясының таралу жолдары мен алдын алу шаралары туралы білім деңгейін арттыру, АИТВ-қа тестілеуден өтуге ынталандыру. Ол үшін орталық мамандары жабдықталған көлікте жылжымалы жедел тестілеу және кеңес беру пунктін құрып, онда кез келген адам өзінің ВИЧ инфекциясын анықтап, мамандардан кеңес ала алады. Әдетте, мұндай шаралар жаз мезгілінде өтеді, ал, қыста білім беру ұйымдарында ақпараттық науқандар ұйымдастырылады. Енді медициналық ұйымдарда қолданылатын жаңа емдеу әдістері мен АИТВ диагностикасының жаңа технологиялары туралы айтып өтсек, бұл жағынан халықаралық тәжірибеге сүйену медициналық ұйым жұмысының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Бізде де нақ осылай. Өткен жылдың маусым айынан бастап диагностикалық зертханамыз Ұлттық аккредиттеу орталығының ҚР СТ ИСО 15189-2015 талаптарына сәйкес аккредитациядан өтті. Бұл орталығымыз үшін үлкен жетістік болды. Қазір біздің орталықта халықаралық стандарт бойынша АИТВ, В, С вирусты гепатиттерінің биоматериалдарын жинау және диагностикалау жұмыстары жүргізілуде. Ал, АИТВ инфекциясын емдеу туралы айтатын болсақ, өкінішке орай, бүгінгі күні біз адамды толығымен емдей алмаймыз. Бірақ, ретровирусқа қарсы терапияның пайда болуының арқасында біз вирусты денсаулыққа зиян келтірмейтіндей етіп, тиімді басқара аламыз. Бақылау кезінде АИТВ ілеспе ауруларды тудырмайды және пациенттердің өмір сүру сапасына кері әсер етпейді. АИТВ-пен өмір сүретін адамдар отбасын құру, дені сау балаларды дүниеге әкелу, сүйікті ісімен айналысу, мансап құру, қартаю және зейнетке шығу, яғни, вирус жұқтырмаған адам секілді толық және бақытты өмір сүре алатынын атап өткен жөн. Сонымен қатар, ғалымдар АИТВ-пен өмір сүретін адам үнемі ретровирусқа қарсы терапияны қабылдаса және вирустық жүктеме анықталмайтын болса, вирусты басқа адамға белгілі жолдармен жұқтыруы мүмкін емес екенін дәлелдеді. Елімізде АИТВ індетін жұқтырған азаматтар мемлекет тарапынан тегін берілетін терапияны диагноз қойылғаннан кейін бірден бастап кететіні қуантады.

–Ақмола облысында бүгінгі таңда қанша адам осы ауруды жұқтырғаны туралы білуге бола ма?

–Иә, бұл әркімді алаңдататын сауал. Осыған келсек, 2024 жылдың басында Ақмола облысында 1052 адам оң ВИЧ статусымен өмір сүрсе, оның 96 пайызы ретровирусқа қарсы ем қабылдауда. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген ауырлау болса да, тура айтылған сөз бар. Біздің көбінесе дәрігер көмегіне уақытылы жүгінбейтініміз шындық. Әсіресе, ел арасында «ұят саналатын» аурулардың алдын алуға мүлде селсоқпыз. Шынымен де, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген емес пе. Осы орайда вирустың қандай таралу жолдары бар екенін естеріңізге сала кетейін. АИТВ үш жолмен беріледі. Қорғалмаған жыныстық қатынас, бүгінгі таңда ең көп таралғаны инъекциялық есірткіні пайдалану, яғни, қан арқылы жұқтыру, сондай-ақ, жүктілік, босану мен емізу кезінде анадан балаға жұғуы мүмкін. Сондықтан, ерте жыныстық қатынастан бас тарту, жыныстық серіктесіңізге адал болу және мүшеқап сияқты қорғаныс құралдарын пайдалану жыныстық жолмен берілетін осы инфекция қаупінен сақтайды. Егер вирустың анадан балаға берілуі туралы айтатын болсақ, барлық әйелдер жүктілік кезінде екі рет АИТВ инфекциясына тестілеуден өтетініне назар аударғым келеді. Бұл АИТВ-тың жасырын кезеңі, яғни, «сұр терезе» кезеңі болуымен байланысты. Кейбір адамдарда осы аурумен байланысты белгілі бір қорқыныш бар екендігімен де келісемін. Көбінесе, бұл АИТВ инфекциясы туралы жалған ақпарат пен мифтерге байланысты болып келеді. Менің кеңесім – АИТВ туралы хабардарлығыңызды арттыруыңыз керек. Сонда ғана адам теріс пікір мен жалған ақпараттан арыла алады.

– Құрманбек Жұмабекұлы, осы арада бір сұрайын дегенім, кейбір мемлекеттерде, мысалы, Әзірбайжан елінде болашақ ерлі-зайыптылар некеге тұрмас бұрын АИТВ сараптамасынан өтуі міндетке айналдырылған. Кейде бұл қатерлі аурумен осындай күрес тетіктері бізде де ескерілсе ғой деген ойда қаласың. Себебі, әйелдер жүкті болғаннан кейін бойынан осындай дерттің табылып жататыны жоқ емес, бар ғой.

– Иә, ондай деректер кездесіп жатады. Сіздің пікіріңізбен ішінара келісемін. Менің жеке пайымдауымша, мұндай нақты бір ережелер ең алдымен, қоғамдық пікірдің әсерінен қалыптасады және құқықтық құжаттарда бекітілуі керек. Біздің орталық мамандары алдын алу іс-шараларында ауруды жұқтыру жолдары туралы ғана емес, сонымен қатар, қауіпсіз жыныстық қатынасқа бағытталған профилактикалық шаралар туралы айтады. Мәселен, қорғалмаған жыныстық қатынасқа түспес бұрын екі серіктеске де АИТВ-ға тестілеуден өту ұсынылады. 2020 жылдан бастап жүкті әйелдердің жыныстық серіктестері АИТВ-ға тестілеуден өтуі тиіс екені заңнамаға енгізілгенін ерекше атап өткім келеді. Вирустың анадан балаға жұғуын болдырмау үшін барлық жүкті әйелдер АИТВ-ға екі рет тексеріледі. Ал, егер АИТВ статусы оң болса, шұғыл түрде ретровирусқа қарсы терапия тағайындалады, бұл мүлдем сау баланы дүниеге әкелуге мүмкіндік береді. Сондықтан, жүктілікке уақытында тіркелу, қажетті талдаудан өту және дәрігердің ұсыныстарын орындау өте-мөте маңызды. Ал, АИТВ статусы оң бола қалған жағдайда, ондай адам дереу ретровирусқа қарсы ем қабылдауға кірісіп, өзін-өзі бақылап, дәрігердің ұсыныстарын орындауы керек. Айтпақшы, Көкшетау қаласында орналасқан медициналық ұйымымыздан басқа, облыс аумағында АИТВ мәселелері бойынша науқастарға емдеу-профилактикалық көмек көрсететін сенімді дәрігерлер жұмыс істейді. Ерекше қиын жағдайларда біздің орталықтың дәрігерлері дер кезінде медициналық және консультативтік көмек көрсету үшін тұрғылықты жерлер мен шалғай елді мекендерге де барады. Ретровирусқа қарсы терапияның пайда болуының арқасында АИТВ-пен ауыратын, үнемі терапия қабылдап жүрген және анықталмайтын вирустық жүктемесі бар адамдар АИТВ статусы теріс азаматтар сияқты қалыпты өмір сүреді. Сөз соңында айтарым, Ақмола облысында ВИЧ инфекциясының таралуына қатысты жағдай тұрақты. Клиникалық-эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша АИТВ-ға міндетті тестілеу жүргізілетін нормативтік құжаттар бар. Өз жұмысымызда біз соған сүйенеміз. Сонымен қатар, тұрғындардың назарын АИТВ инфекциясының таралу проблемасына аудару және әлеуметтік жарнама, профилактикалық кездесулер арқылы АИТВ-ға тестілеуден өтуге ынталандыру мақсатында тиісті ақпараттық жұмыстар алдағы уақытта да барынша жүргізіле беретін болады.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Салтанат ДОСЕТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар