Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшенің көркем ұлы еді - АРҚА АЖАРЫ

Көкшенің көркем ұлы еді

Көзі тірісінде Сансызбай аға Мұхитановпен сан мәрте сырласудың сәті түскен. Бір көргенде томаға тұйық болып көрінетін ағамыз арыдағы бабалар жайлы сыр ақтарғанда тұнып тұрған қазына еді.

–Арғы атамыз Абылайдың қоныс қылған жері бұрынғы Самарбай кардоны маңы, іргедегі хан көлінің тұсы, ел ауызында Хан төбе деп аталатын киелі орын екен. Ерте кезде бұл маңның бәрі жапырағы жайқалған жасыл шалғын, күміс көл болса керек-ті, – дер еді Сансызбай аға, – Абылай атамыздың он екі әйелінен қырық қызы, отыз ұлы болғандығы тарихтан белгілі. Абылай ұлдарының бойындағы ерен ерлігі, батырлығы, асқан талантымен көзге түскендері көп. Абылайдың жары Шуақбай атты қара қалпақ бегінің қызы Сайман ханымнан Уәли, Шыңғыс, Әділ, Есім туады. Ал, Қашқарбегі Кенже сарттың қызы Бабақ ханымнан Шеген, Рүстем, Оспан, Сыздық, Әбітай, Әбділда туады. Қалпақ ханы Қалдан Сереннің туысы Хошу мергеннің қызы Топыштан Қамбар мен Қасым, Сарғалдақ қожаның қарындасынан Сығай, Тағай, Сүйік, Әли, Құлан, Тоғым туады. Басқа әйелдерінен Ғұмыр, Байыр, Жәңгір, Сыпытай есімді ұлдары болған. Абылай хан 1781 жылы өмірден өткен соң үлкен  ұлы Уәли орнына хан болып сайланды.

Сансызбай төренің өз өмірі еңбек шежіресімен көрікті. Артында кейінгі ұрпаққа өнеге болар ізі қалды. Өз аузымен айтылған мына бір деректерді келтіре кетсек, ғұмыр ғибраты менмұндалап тұрар еді.

–Облыс орталығында өнеркәсіп өндіріс ошағының қаулап өсіп келе жатқан тұсы. Ет комбинатын қайта құрумен айналыстық, – дейтұғын аға, – осы шараларға үш жарым миллион рубль қаржы бөлінді. Сол кездегі бағам бойынша алып қарағанда бұл өте көп қаржы. Ет комбинатының мүмкіндігін кеңейту қажет болатын. Өйткені, облыстың түкпір-түкпірінен жүздеген, мыңдаған мал келіп, сойылу кезегінде кейде апталып күтіп тұратын. Қаншалықты қауқарлы болса да ет комбинаты үлгере алмай жататын. Біз құрылысшылар, ет комбинатының барлық цехтарын жаңартып, электр подстанциясын салып, оған қоса, ет комбинатын толайым жылумен қамтамасыз ететін қазандық, сыйымдылығы мың тонналық тоңазытқыш салуға міндеттендік. Жұмыс қызу жүріп жатты. Жалғыз ет комбинатының жұмыс ырғағы үшін қажетті құрылымдары ғана емес, сол комбинатта жұмыс істейтін адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы да ойластырылды. Бес қабатты завод жұмысшыларына арналған жатақхана салдық. Ет комбинаты жұмысшыларының балалары баратын «Чебурашка» балалар бақшасы пайдалануға берілді. Біздің ұжым жалғыз ет комбинаты ғана емес, Көкшетау қалалық сүт заводын заман талабына сай қайтадан құрып, Зеренді ауданына қарасты Викторовка селосында май заводын салдық. Басқа да бірқатар әкімшілік кеңселер салынды.

Сансызбай аға №17 «Кокшетаусельстрой» тресінде бас инженер болып қызмет істеді. Кейін басшысы болды. Треске бағынышты 22 мекемеде не бірінші басшы, не бас инженер, әйтпесе орынбасар болып істейтін қазақ азаматтары жоқ екен. Саралап қарап, сараптап ой елегінен өткізгеннен кейін осы бір жай көңілінде түйіліп қалды. Трестің бас инженері сол кездегі тәртіп бойынша бірінші орынбасар болып есептеледі. Ал, бірінші орынбасардың құзырына трестің жылдық, тоқсандық, айлық жоспарлары, треске қарайтын 22 мекеменің жұмысын қалыпты жүргізу тәрізді кең ауқымды іс кіреді. Трест жалғыз облыс орталығында ғана емес, тұтас облыс бойынша жұмыс істеді. Әрбір ауданда жылжымалы механикаландырылған колонналары тұрды. Трест құрамындағы әртүрлі бөлімдерде үш мыңнан астам адам еңбек ететін. Сол уақытта біздің трест өзіне тапсырылған істі дәл уақытында, әрі сапалы атқаратындығымен ерекшеленетін. Жұмыс қорытындысы бойынша республикада, тіпті, Одақ бойынша жүлделі орындарды иеленіп жүрді.

Көкшетау жұртшылығы облыс орталығының іргесіндегі Қазақстан ауылының маңындағы Уәлихан зиратының тарихын жақсы біледі. Көне жәдігер тасты Көкшетау қаласындағы Жанат Қасымның лицейіне баласы Әсет алып келген болатын. Енді тасты қайтадан қалпына келтіру, орнату мәселесі туындады. Красноярда тұратын, төре тұқымынан тарайтын Кеңес Қоқышев Шота Уәлихановқа айтып орнатамыз деген уәж айтты. Арада аттай бір жыл өтті. Жазушы Естай Мырзахметов жиын-тойда, омыртқада кездескен сайын қалжың араластырып қажай беретін болды.

–Әй, Сансызбай бұларың не, Төре тұқымы шынымен Абылайдың көрген түсі сияқты болып кетті ме?

Жазушының сөзі қалжың қалыбында болғанымен, астарындағы ой ащы болатын.

–Есағаңның айтуының да жөні бар еді. Осында көне бұйымдарды қалпына келтірумен айналысатын бір мекеме бар еді. Сондағы таныс бір азаматқа бұйымтайымды айттым. Ол Заозерный елді мекеніне апарып, екі бөлінген құлпытасты жігін білдірмейтін етіп жамап беремін деді. Тастың қалыңдығы 30 сантиметр, ұзындығы екі метр. Отыз мың теңге қолақысын төледім. Дәл осы кез қиын уақыт еді. Қаражат та, жанар-жағар майдың да тапшы кезі. Көкшетау қаласындағы «СейНұр» фирмасының президенті, іскер азамат Абай Сейдалинге барып айтып едім, сөзге келген жоқ. Машина беретін болды, – деуші еді аға, –қолөнер шеберлері көне тасты гранит тастың ішіне ойып орнатпақ екен. Солай орнатылды да. Ендігісі құлпытасты қабыр басына орнату. Сөз арасында айнала дөңгелетіліп, мал аяғы баспасын деп топырақпен қоршалған зиратта 35 мәйіт жатыр. Қорған топырақ уақыттың салмағынан жаншылып, кішірейген. Оған да кінә жоқ. Арада аттай жылжып 200 жылға жуық уақыт өтті ғой. Құлпытасты орнаттық, бірақ, Уәлиханның өз деңгейіне лайық мазар салуға жағдай келмей жатыр. Хан мазары жай пенденікінен салтанатты, көркем болуға тиісті ғой. Егер өткен асылдарымызды қадірлей алмасақ, қасиетіне жете алмасақ елдігімізге сын.

Зор еңбекпен қазақтың соңғы ханының кесенесі салынды. Сауапты істің басы-қасында Сансызбай аға Мұхитанов жүрді.

Бар ғұмырын еңбекпен өткерген абзал ағаның бар болмысын шағын мақалада түгел қамту мүмкін емес. Бүгінгі сырдың ұшқыны асыл бейненің ажарын еске алу ғана.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар