Ән деп қанатында кеткен бір бейне

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында жерлес композитор, бард әнші,мәдениет қайраткері Юрий Айтжановтың туғанына 70 жыл толуына арналған еске алу кеші болып өтті.

Өзі өлсе де әндері өлмес, елімізде және шет елдерде ұмытылмас белгілі әнші көзі тірісінде «Қазақ болғаным үшін мақтанамын. Әлемде менің туған тілімдей бай тіл некен-саяқ» деген екен. Юрий Айтжанов (шығармашылығында көбіне-көп қолданған аты Юрий Шарафат) авторлық және бард әндерден өткен халықаралық фестивальдардың лауреаты. Оның 80-ге жуық әні бар. Ол әндері 7 альбом болып шыққан.

1954 жылы 23 ақпанда бұрынғы Көкшетау облысының Чкалов селосында дүниеге келген. Әкесі Белгібай аға Ұлы Отан соғысында ерлігімен көзге түскен офицер, «Көкшетау» газетінің алғашқы редакторларының бірі, партия қызметкері, қаламгер. Отбасы мүшелерінің үлкендері де, кішілері де ән салған. Анасы Шарапат мектепте мұғалім болып еңбек еткен. Ата-анасының екеуі де ән салғандықтан, балаларының бәрі музыкаға әуес болыпөседі. Ұлдары Юра да орта мектептен кейін Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтында оқып жүріп, арасында Көкшетау облыстық филармониясының «Айнакөл» ансамбліне әнші болып жұмысқа орналасады.

Сөйтіп, болашақ өнер иесіне өмірінің мәніне айналған ән әлемі өз көкжиегін осылай ашады. Концерттік бағдарламада бар өмірін өнер жолына арнаған бард әншінің әрі композитордың Расул Гамзатов, Кәкімбек Салықов, Мұхтар Шаханов, Евгений Евтушенко сынды танымал ақындардың өлеңдеріне жазған әндері жергілікті филармония шығармашылық ұжымдарының және жекелей әншілерінің орындауында көпшіліктің назарына ұсынылды. Осы арада  сәл өткенге шегініс жасасақ, Юрий Белгібайұлы өз өнеріне қоса, 1996 жылы Көкшетау облыстық филармониясында алдымен директордың орынбасары, кейін директор қызметін де атқарды. Сөйтіп, сол қиын кезде филармония ұжымын сақтап қалуға көп күш-жігерін жұмсады.

Юрий Айтжановты еске алу кеші мәдениет қайраткері Жанат Есовтың орындауында Евгений Евтушенконың сөзіне жазылған «Одиночество» әнімен басталды. Осы арада баса айта кететін бір жай, әнші көзі тірісінде орыстың осы көрнекті ақынымен достық қарым-қатынаста болып, оның Мәскеудегі кешіне де арнайы шақырылған болатын. Кеш барысында Юрийдің әпкесі Әлия Айтжанова өзінің бауырына арнап шығарған жырларын оқып, әсерлі естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, кеш иесінің артында қалдырған асыл мұрасы мәдениет саласының үздіктері Ләззат Едрісова мен Валерия Болиеваның, Серікболсын Бекмолдин, Аягөз Қалмағамбетованың, Саида Сағди, Адам Хакімнің орындауында сахна төрінен әсем ән болып төгілді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева Юрий Айтжановтың әйгілі ақын ағамызКәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған «Сөйлейді тағдыр сондайда» әнін тамылжыта шырқады.

Юрий өзіне ес біліп, ер жеткеннен гитараны серік етіп, сол өміршең өнерімен қазақтың санаулы бард әншілерінің қатарына қосылған тума талант еді. Сол себепті Л.Килиблееваның «Нежность» әні (сөзі Е.Евтушенконікі), «Не исчезай» әндері де гитарист Әлібек Ахмалишевтің сүйемелдеуімен әншілердің орындауында өнерсүйер қауымның жүрегінен орын алды. Әрине, бұлкеште Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған «Көкшетау», Нұрғиса Тілендиевтің «Қайран менің жүрегім», Арман Жайымның «Сағыныш» әндері де жеке қобызда оркестрдің сүйемелдеуімен Саида Рашит, Серікболсын Бекмолдиннің орындауында көпшіліктің жүрегіне жете түсті. Кеш соңында жиналған қауым Юрий Айтжановтай өмірден ерте озған саңлағын еске алған Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының ұжымына риза болып, шын жүректен алғыстарын білдіріп жатты.

Қарлығаш ҚАРПЫҚБАЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар