Қайырбай Төреғожа
поэма
Көзі тірісінде осы оқиғаны айтып
кеткен белгілі
әнші-композитор, журналист
Кәрім Ілиясов ағаның рухына арнаймын.
І
Шегініп ашаршылық жанға батқан,
Тірлігін жамап-жасқап ауыл жатқан.
Әлі елде Нығметжан, Тәшендер де1,
Жеткенмен сыпсың сөздер орталықтан.
Бұл ауыл қарағайдың оң жағында,
Қашанда келген мейман болған ырза.
Басқа ауыл ана тұста, мына тұста,
Тап келген аштық деген жалмауызға.
Жақсы екен болғаны да байдың елде,
Бейне бір ата қаздай айдын көлде.
Нығметжан, Тәшен барда бұл ағайын,
Арқасын рас, кейде салды кеңге.
Көп жылқы қырдан төмен құлағанда,
Біреулер кімдікі деп сұраған ба?!
Тізгіні бұл дәулеттің осы ініде,
Тізгіні бұл дәулеттің осы ағада.
Ішінен шыққан небір жүйрігің де,
Дүние, алдан тосқан бұйрығың не?
Заманның беті жақсы, беті жаман,
Әйтеуір, бір алаң бар бұл күніңде.
Нығметжан, Тәшен аты елге мәлім,
Сыйғызу, ол да қиын сөзге бәрін.
Біржан сал құда болып келгені бар,
Келтіріп әннің сәнін, жанның мәнін.
Балуан Шолақ мініп Ақбозатты,
Қанша рет Шортандатып бара жатты.
_______________________________
1 Нығметжан, Тәшен – Көкшетау өңірінің Кеңес өкіметінің кәмпескесіне іліккен ірі байлары.
Оны да баққа біткен көп жылқыдан,
Нығметжан, Тәшен қажы сыйға тартты.
Көңілі көрген беттен асқақтайды,
Көзінен таса қылса ас батпайды.
Сыйға алса сол жүйрікті, тар қылмаған,
Құдайым пейілінен бұл қос байды.
Әрине, жарлы бөлек, басқа бөлек,
Жақсы ғой, ел-жұртын да жатса елеп.
Аштықтан сол ақ сеңке қырылмаса,
Болған-ау, бұл маңайда байдан көмек.
Көк мешіт қотандағы ол да ырза,
Сап берген бір жылдары сол қос мырза.
Сексенбай әулиедей сан қажы шығып,
Береке – асыл дінге ел мойын бұрса.
Енді сол кешегі күн арман ғана,
Көңілді мол қусырып алған нала.
Заманың басқа жаққа бетін бұрып,
Байға емес, иігендей қалғандарға.
Тістері батты, жоқ деп кім айтады,
Бірақ та, заман түлкі, шын байқады.
Кейде бір шошытады тұрлаусыздың,
Қызылға сөз тасыған мәз айтағы.
Әйтеуір, уһ деген бір күйге келген,
Бүгінде ел үйреншікті күйбеңімен,
Өріске қалған-құтқан малын айдап,
Көз сап тұр сол қараша үйлерінен.
Соңғы кез көп әңгіме – жер ыңғайы,
Оның да бас ауыртар бар сыңайы.
Олай да, бұлай да бір құбылтумен,
Аузында пысықайдың сөз тұрмайды.
Бір үрей жері бардың көңілінде,
Бір шеті тірлігінің сөгілуде.
«Жер шаруаға, өкімет Советтерге!»,
Жаңаша бәлшебектің сөзі мүлде.
Ығады осы сөзден байлар жағы,
Азайып қалғанымен, қайран малы.
Кедей де кедей емес, күшейіп ап,
Кей-кейде басым түскен айғайлары.
Осылай бұл Қазанның төңкерісі,
Әзірге беймәлімдеу оң-терісі.
Жаздан бір әңгіме бар Сәкен келіп,
Болады деген елде жер бөлісі.
Сәкенді білмейді әлі ел толықтай,
Жақсыны қайдан білсін бір жолықпай.
Осының нақты бір жай-жапсарын,
Қоймаған ұзынқұлақ, ол да нықтай.
ІІ
Кешегі Совнаркомның2 төрағасы,
Бұл күнде бар қазақтың ел ағасы.
Жиналып үш-төрт ауыл тігіпті үйін,
Ішінде Даңқойдың3 бар Қарағашы.
Бұл өзі сөздің расы, келді деген,
Жер үшін сынға түспек белдіменен.
Сәкендер шын мәнінде кім екенін,
Ел-жұрты ентелеумен енді білген.
Таң атса есік алды қарақұрым,
Айта бір келетіндей дала мұңын.
Аттылы, жаяу-жалпы ағылған жұрт,
Аларсың мұндай кезде қалай тыным?!
–Өзің бар, бойла елдің жағдайына,
Күш сенде, шешер істің қандайын да.
Кедейге алып беру жер үлесін,
Бұйырған бақыт Сәкен, маңдайыңа, –
Деп қайрап орталықтан жібергенде,
Бұзарсың бар бөгетті жігермен де.
Келгелі тыңдап жатыр, шындап жатыр,
Құлағын жіті түріп кіргендерге.
_____________________
2Халық Комиссарлары Кеңесі (бүгінгі ел Үкіметі).
3Орта жүз, Арғын, оның ішінде Атығайдан тарайтын ру атауы.
Өткізген арғы күні жиналыс та,
Белдерін буып байлар бір тартысқа,
Отырып алғанында, сезген іштей,
Кедейдің бақыты әлі ту алыста.
Дегенмен, көрер барлық күшін салып,
Өкімет ел жағында, біледі анық.
Жер дауы, жесір дауы, ауырсың-ау,
Жасыра алмас сені жылжып уақыт.
Бөледі жан басына түбі жерді,
Малын да, жанын да әлі ескереді.
Советім, айналайын, сен болмасаң,
Мына жұрт байға жалшы, не істер еді?!
Кей күні домбырасын шерте түсіп,
Ойға да кеп қалады ерте күдік.
Орнығып кетер ме екен мына халық,
Бір жерге бірге жүріп, бірге күліп?!.
Кеп кетті кеше алдына балаң жігіт,
Сыйлаған жер бөлісі оған да үміт.
Ағасы әкеліп тұр, бай көпсінген,
Еңбегі осы ұлдың қалайша ұмыт?!.
Нығметжан, Тәшен емес, бәрі байдың,
Бір қауым ел-жұртына ақылы айбын.
Сәлемін жұма күні беріп кеткен,
Ойменен «дәміме адал шақырайын».
Бірақ та, Сәкен еді сабырға сақ,
–Ел не дер, байеке-ау, әлден барсақ, –
Деп жайлап шығарып сап, күліп қойған,
«Басқаша сөйлерсің-ау, жеріңді алсақ».
Әрине, жанында елдің жақсылары,
Қасы мен қабағын да бақты бәрі.
Ымдаса сол сәтте-ақ жөнелердей,
Бурабай баурайына алып әрі.
Шіркін-ай, қымызы бал, ауасы ерен,
Ақ жауын ақ тасына жауа берген.
Қиясы Оқжетпестің, көзімді алмай,
Айналып тұрмадым ба, талай сенен?!
Көгілдір таулар әне, сағым тартып,
Осы бір суретін-ақ жаны ұнатып,
Іштегі бар құштарлық, ықыласпен,
Қарап бір қалғаны да қандай бақыт!
Сол жерде туып еді-ау, әні-бағы,
Сол сәтті көксей ме екен жаны тағы?..
Алдырып Ыбекеңді4 де тыңдағанда,
Өнердің өлмес, өшпес табы қалды.
ІІІ
Бәрі де кейін оның, ал, бүгінде,
Жер деген бір гу-гу сөз ең күшінде.
Басқалар нанбайды-ау,сан нәрседен,
Кей түні елес берсе сол түсінде.
Кең-қолтық, өзен-көлдің жағасында,
Отырған байдан алғыс аласың ба.
Жақсы жер қолдан кетіп қала ма деп,
Әлгінің ойран-топыр санасы да.
Сол үшін мына тізім, қалам-дәптер,
Қояды бәріне де алаңдап ер.
Бір шолып шығып кеше жер бедерін,
Өзі де шын толғанған одан бетер.
Тапса тура жолды ел кеңесіп,
Бұл да бір Алла өзі берген несіп.
Ыққандай етек жаққа бай-бағылан,
Шыққандай төбе-төрге кедей-кепшік.
Жанына жақын аймақ, жақын өлке,
Асырған сұлулығы даңқын көпке.
Көкшені таңдап алған өзі біліп,
Жүрген соң жақсы аты бұл жүректе.
Бұрыннан аңсауы да, қалауы да,
Жанының жарқ еткен бір алауы да.
____________________
4 Сәкен Көкшеге кезекті бір сапарында Айыртаудан әдейілеп атақты Үкілі Ыбырайды алдырып, Бурабайда ән салдырған.
Өзіне ғашық етіп Көкеш-Гүлнәр5,
Тігілген махаббаттың жалауы да.
Тұрғанмен Жаңарқасы, Ақмоласы,
Осы жақ көңілінің бір дауасы.
Қаскейі6 бұл жолы да бірге өзімен,
Қашаннан қанды көйлек жан жолдасы.
Бүгінде жектіріп ол қос торыны,
Барғаның деп қояды өте орынды.
Ырғалып ақ селеуі күте ме екен,
Асылдың жапан түзде сол қорымы.
Қаскей де қызылтулық, осы өңірден,
Ісіне партияның шын берілген.
Досына ел көрсетіп, жер көрсетіп,
Жүректің орын берген қақ төрінен.
Жатқан жаз астана да Сырға көшіп,
Қимастан Орынборды хош-хош десіп.
Реті бұл сапардың келе қалып,
Сәкенмен туған жерге кетті ілесіп.
Тағы да қамшы басып ат соңынан,
Атқосшы жаңылмайды қыр жолынан.
Сәкен де ойға кетіп, сөз бастаса,
Бар тағы жеке себеп дәл осыған.
–Қаскей-ай, ана жолғы көзәйнегім,
Ұмыт боп тасасында қалды әрненің.
Жаза да, оқи да алмай қиын болды,
Сол еді бұл шыққанда бар сенгенім.
Досы да екі айтқызбас мұндайында,
–Сәкем-ау, Көкшетауға барайын да.
Жөндетіп әкелем ғой әрі кетсе,
Осы бір бірер күннің маңайында,–
_____________
5 Көкшетауға бір келгенінде Сәкен Алматыға алып кетіп үйленген, бірақ, кейін ажырасқан Көкеш есімді қыз. Шын аты Гүлнәр.
6Көкшетаудан шыққан белгілі партия қайраткері Қаскей Өтекин.
Деп шіркін, аңқылдаған сөзіменен,
Деп шіркін, ер жігіттің көзіменен,
Сәкеннің жасап бермек бар жағдайын,
Шын достың керегі де осы білем.
–Жай айтып жатқаным ғой арасында,
Сол үшін сонау жерге барасың ба?
Одан да сұрайыншы Әкімдерден7,
Лектіріп берер біреу бар ма осында?..
–Даңқойдың елі де құт, жері де құт,
Әйтеуір, сырт айналсын пәле мен жұт, –
Деп алғаш таныстырған елі-жұртын,
Ауылнай Әкімде ме ендігі үміт?!.
Өтпеген күні сірә, тойларменен,
Ойласа бұл Сәкендер, ойлайды кең.
Тағы да қарап еді көкжиекке,
Сағымдар сан құбылып ойнайды екен…
ІV
Пәуеске кеп тоқтаған үй жанына,
Тегін жан еместігі аңғарыла.
Резеңке төрт бірдей доңғалағы,
Ендеше,кім болды екен келген мына?!
Атынан түсе салып екі жігіт,
Күйменің ашты есігін тез жүгіріп.
Апырмау, мына біздің ауылнай ғой,
Өзіне бас изейді, жөн білдіріп.
Бұл да енді қастарына жеткенінше,
Түсті бір сұлу кісі, естіген неше.
Кім нанар Төреғожа үйіне бүгін,
Басқа емес, Сәкен өзі келді десе?!.
Әрине, шын пейілден сыйлап бақты,
Жаз ғой шүйгін шөбі төккен ақты.
Амандық, жөн сұрасып меймандар да,
Алдына келген қымыз, дәмнен татты.
_______________
7Әкім Дайырбеков – Сәкенмен бірге жер бөлісіне ат салысқан Ортақ елінің азаматы.
Алты ұл, әжептәуір жаны бар-ды,
Орташа дәулет біткен малы бар-ды.
Па, шіркін, қалай ғана құлақтанған,
Біраз жұрт қауқылдасқан есік алды.
Қарамай әрі қарай ештеңеге,
Айтуды бұйымтайын хош көре ме?!
Әдемі қораптағы көзәйнегі,
Қалтадан енді бір сәт көшті үстелге.
–Төреке, қайыр берсін ісіңізге,
Мына бір көзәйнегім жетті сізге.
Анада астында қап кітаптардың,
Құлағы шақ тұр еді үзілуге.
Одан соң тағы қырсық жағалатып,
Ілмегін бұзып алдым келе жатып.
Осы еді шамшырағы екі көздің,
Нелер бір сыйлықтардан бағасы артық.
Мына Әкім сізді айтты салған жерден,
Бір сауап болар еді-ау, жалғап берген.
Мен дағы бұл келгенде бір қазақпын,
Тағдырын бар қазақтың ойлай келген.
«Елім деп сан соғылған басы тасқа,
Жасымыз да шамалас, отыз жас па?»
Әдеппен қолына алып қарап еді,
Жоқ, мына көзәйнектің мәні басқа.
Түсі де көз тартарлық сары, жалқын,
Өзіне қоюлатып қосқан ба алтын.
–Мұныңыз аз тұрмайтын көзілдірік, –
Дегені білгені ғой заттың нарқын.
Мін таппас ешкім киім киісінен,
Тастамас ақ көйлекті тегі, үстінен.
«Жігіттің перизаты екен Сәкен»,
Деп қойды Төреғожа тағы ішінен.
Асылдар ел есінде қалады шын,
Қиналсын, қиналса осы адам үшін.
Ақыры, көремін деп алып қалды,
–Қайтару бетіңізді маған да сын…
Қалдырып аманатын өз қолымен,
Сәкендер ұзай берді сол жолымен.
–Көрерсіз расында, болмай жатса,
Айыпқа бұйырмаймын оны да мен.
Бұрқ етіп бір суық тер арқасынан,
Таулардың қарағандай жартасынан,
Шынымен, жүрексініп тұрғаны ма,
Көңілін бір барлатып алды осыған.
Сәкеннің басты мысы не десе де,
Әй,әлін білген бұған келісе ме?!
Жақтауы кеткен мына көзәйнегің,
Біз түгіл, көнсе жарар шын шеберге.
Дегенмен, қара жаяу демес ешкім,
Қосылмас санатына еңбегі ештің.
Нығметжан-Тәшенге де беретұғын,
Құрсаулап арбасының дөңгелегін.
Келеді қалай бұған қолдың ебі,
Ыңғайлы құрал-сайман ең керегі.
Қасына Әбдікәрім8бауырды алса,
Кім білер, мұныдағы еңсереді…
V
Не істеу керектігін байқады сәл,
Қанша жыл жақын жүрсе, қайдан осал?!.
Зергерлік екеуінде айырмакөп,
Әйтеуір, болса екен бір Алла жар!
Қанып бір ішіп алып үйде шайын,
Сынған көзәйнектің көрмек жайын.
Жүгіртіп жіберіп еді бірін ұлдың,
Тез жетті Әбдікәрім, айналайын.
–О, аға, Сәкен ақын келді ме анық? –
Кәдімгі таза жүрек тұр таңданып.
Баяғы ата-баба өмірінен,
Осы ғой кейінгіге қалған қалып.
_______________
8 Әбдікәрім Мұстафаұлы Сүлейменов – жастайынан қартайғанша іс соққан төңірекке әйгілі зергер-ұста.
–Бізде бар бұл жұмысқа екі тәулік,
Көзәйнек көріп тұрсың, нағыз әйдік.
Егер де ойдағыдай болса бәрі,
Сәкенге мақтанамын сені айтып.
«Шап-шағын шоғы маздар көрігі бар,
Бұл кәсіп елге ұнаған, өзіне ұнар.
Қолының икемі мол Төреғожа,
Баулыса бәлкім, ұста болып шығар».
Талпынған жігіт ойы бұл күндегі,
Онсыз зергер болу мүмкін бе еді?!
Алдымен Құдай, сосын не болса да,
Осы іні ағасының бір сенгені.
Іргесі киіз үйдің ұстахана,
Кеңесіп, ақылдасып екеуара,
Бүгін ғой, бүтіндеді тек жиегін,
Жеті өлшеп, бір кесіп, байқап қана.
Маңдайдан тер тамшылап арасында,
Орамал қалды жіпсіп, нанасың ба?
Сынға түскеннен соң біліктері,
Отырды тағы ойланып ай астында.
Әзірше көңілдер тоқ осыған да,
Не түсер бітпей жатып тасығанда.
Бір құдай, әйнегін де сақта өзің,
Төрт қол бірге келіп қосылғанда.
Әбөктің9 кей-кейде бар сұрайтыны,
Өзіне солай аздап ұнайтыны.
–Анықтап көрсететін көз алдыңды,
Мына әйнек сонда аға, қандай шыны?
Не десін, мұнысына қапелімде,
Тірлігі мал соңында өтер күнде.
Анығы, «барыңды сал» деп Әкімнің,
Айтқаны мана тағы кетерінде.
Риза боп қалсын дей ме үлкен адам,
Әйтеуір, бір шеберлік күтер бұдан.
_________________
9Әбдікәрімнің жас кезінде ағалары еркелетіп атаған аты.
Жақсы ғой осы күндер аға-інінің,
Өнері мен өресі жетсе соған.
Ендеше сол үдеден шығу парыз,
Алланың бізге берген сыны әр іс.
Қаларсың қолың аздап жарап тұрса,
Сәкеннің сол сөзінен қалай қалыс?!
Екеуі неге алаң деме қазір,
Шөп шабу, қой қырқу да қалады әзір.
Шырымын көздің алар шеткі үйге,
Сол оймен, сол күймен бара жатыр.
Ал, ертең ілгек тағып, жалғамақшы,
Келтірсе жобасына, ол да жақсы.
Мұндайда сахарада бір-ақ тұтам,
Жіңішке иіп салар сым да тапшы.
Келмей жөні соның күні бойы,
Екеудің енді өзгеге кетті ойы.
Тек солай, құлағы еркін қозғалатын,
Тұп-тура орынына лекті ойығы.
Инені қыздырып ап көрігіне,
Ерітіп осы екен ғой, көру, міне.
Кешегі көз қорыққан шаруаның,
Шеті де бұйырса, енді көрінуде.
Істен де көп әлі де кеңескені,
–Әбөк-ау, мына жері теңеспеді.
–Кәне аға, қысқышты қыс, осы арасын,
Сәл-пәл алыптастау керек, тегі.
Қыбы көп мұндай нәзік жұмыстардың,
Жалатқан тұстарына сіңіпті алтын.
Тегістеп, қырлап-жонып бітіргенде,
Ақауын көз керек-ті айыратын.
Арқаңнан бір жүк түсіп осындайда,
Көңілге қуаныш кеп қосылмай ма?!
Ақынның көзәйнегі керегінде,
Көзі мен қалтасында жүрсін қайта.
Нұрланып қарай берсе Әбдікәрім,
Жігіт қой, өнерінің салған бәрін.
Сәкеннің оңдапты деп көзәйнегін,
Айта ма, айтпай ма, ұрпақтарың?!.
Оны да аршу керек тарихымнан,
Екеуіне үлкеністен сол бұйырған.
Көзәйнек алақандай болса дағы,
Ащы тер Сәкен үшін көп құйылған!
VІ
Пәуеске тоқтай қалды тағы келіп,
Жанына сондағыдай Әкім еріп.
Бұл жолы қорабынан көзәйнекті,
Иесіне Төреғожа жатыр беріп.
Із қалмай мысы басқан әйдік аттан,
Апырай, апырай деп Сәкен аң-таң.
Осыны ойлай берген ұйқы қашып,
Жүзі де ауылнайдың бал-бұл жанған.
Көзіне бір киеді, бір шешеді,
Қуанып, бір өзгеше күй кешеді.
Сипайды кеп қолымен, үңіледі,
Ақауы өзі әкелген жоқ кешегі.
Рас па дегендейін, бұның бәрі,
Кіргендер де көз алмай, қызығады.
Ұста жігіт тек қана еңбегі мол,
Рахметін тұрғандай тосып әлі.
Оған да енді міне, келіп кезек,
Жүрегі беу, Сәкеннің кетті елжіреп.
–Төрекең жаңа бәрін айтып жатыр,
Шырағым, мұратыңа жет тезірек!
Жүзінде қайран ердің зор ризалық,
Жөнделген көзәйнегін алған тағып.
Сері ғой бұл Сәкендер, керегеде,
Домбыра берші дей ме, бір ән салып.
Шоғы маздаумен жез самауырын,
Демейді қай арадан табам орын.
Шайдан аттап бүгін кете алмаған,
Сәкен де ықыласпен жуды қолын.
Отырған мына жұртқа айтары бар,
Ал, кейін бұқараға айтады олар.
Советтің барын салған бір күресі –
Мына жер кедейлерге қайтарылар.
Әңгіме созылды әрі шай басында,
Байлар бұра тартпай, байқасын да.
Сәкеннің одан сайын білгендігін,
Көздері көріп кетпей жайлансын ба?!
Керемет еді берген батасы да,
Жеткендей көптің жеті атасына.
Бір кезде әмиянын ала берді,
Қолын салды да төс қалтасына.
–Осы іске шын себепші Әкім дер ем,
Демеппін елден мұндай шебер көрем.
Қазақта қолақысы деген бар ғой,
Мен сізге бір жылқының құнын берем.
Абдырап қалды бәрі осы арада,
Шын білген ер қадірін оны алар ма?!
Басқаға жағдайы жоқ, жарасады,
Өзінде барға мұндай жараса ма.
Жатпайды рас, бір жылқы орта жолда,
Атаса, оған жетпес талай олжа.
«Жоқ» деп сол ақшаны кері итерді,
Орнынан атып тұрып Төреғожа.
Осы еді кесіп-пішкен соңғы сөзі,
Сәкен де көнбесін көрді өзі.
«Сен ал» деп ұсынып едіӘбөгіне,
Оның да алақандай болды көзі.
Ағадан озбайды іні бұл қазақта,
Көрген ол өнегесі, аз жасап та.
Қалай бұл жақсылықты қайтарады,
Сәкен тұр ойы кетіп сан-саққа.
Әлдебір бар шығар деп бұйымтайы,
Өмірдің көлбеңдейді небір жайы.
Бар еді, бірақ, оған аға-іні,
Өзінше әдеп сақтап, ұмтылмайды.
Ескерсе оны дағы,осал ма еді,
Сәкен-ай, көп еді ғой озар жері!
Бастарын изегенін көріп тұрып,
–Сіздерді Қызыл үйде тосам, – деді.
VІІ
Жақсылар білдірсе өз мезіретін,
Шаруа ма, кеңге салып кідіретін.
Бір күні Төреғожа атқа қонды,
Алла берсінші деп сол ниетін.
Айтпақ, қысылса да шаруасын,
Әркім қорғамай ма, малы-басын.
Реті келмесе егер, оқасы жоқ,
Алдынан ақ ниеті жарылқасын.
Қасында ертіп алған Әбөгі бар,
Екеуі жақсы атқа және құмар.
Қамшыны басса қазір бір-екі рет,
Баратын жерлері де алдан шығар.
Бай, кедей, әлі бітпей жатыр егес,
Бұлар ешқайсынан артық емес.
Көреді көппен бірге ұлы тойды,
Сәкендер анық, бұра тартып кетпес.
Көрінген желіп жеткен кең жазықтан,
Киіз үй талай-талай ел асыққан.
Төбеде Қызыл ту мен қызыл ұран,
Азатпыз дегендерге күш дарытқан.
Күн жаңа көтерілген арқан бойы,
Сонда да осы жақта көптің ойы.
Жиналып қалған екен, шынында да,
Білетін, білмейтіннің небір сойы.
Бәрінің жер жайында айтары бар,
Талабы, бәлкім біліп қайтары бар.
Жер ғой тіршіліктің ең сүмесі,
Несібі осындаймен қайтарылар.
Сәкен де айтып өзі кеткен еді,
Алдымен, күзетіне ескертеді.
Қарайды көзтаныстар сырын бүгіп,
«Мыналар бұл араға неге келді?».
Қасында Әбдікәрім, жаңа ұста,
Түбінде ел танитын дара ұста.
Кейіндеу отыр еді, жете берді,
«Төреғожа» деген дауыс ана тұста.
Басқалар қайдан білсін мұның сырын,
Қалайша кіреді деп бізден бұрын,
Есіктің алдына иін тірескенде,
Күзеті жол аштырды кішігірім.
Бәрібір кірген адам жүрексінер,
Орталар мұндай, бізге керексіңдер.
Кешегі ұлтым деген ер Сәкендер,
Халқыңа әлі қорған, тірексіңдер!
Сондағы жер бөлісі ел қуанған,
Сондағы жер бөлісі бай қуарған.
Кәрекем10 айтып берген әңгімемен,
Осы бір оқиға боп жеттің маған.
–Сәкеннің қалған шығар жазбасы да,
Болмайды сенің де енді жазбасыңа, –
Деп кеткен жақсы аға, сол аманат,
Қанша жыл мазалаумен жүр басымда.
–Көнеден сұраған ем, растайды,
Тек жазу өзіңді-өзің жараспайды –
Дегенде «мен жазамын» демеп пе еді,
Амал не, ажал оған қаратпайды.
Кедейге тиіп солай жер үлесі,
Көкшеге Сәкен келген тарих осы!
Нығметжан, Тәшенді де үш жылдан соң,
Ап кеткен бай-құлақтың кәмпескесі.
____________
10Кәрім Ілиясов – белгілі сазгер, әнші, журналист.
Ал, Сәкен атын қойған сол Ортақты,
Колхоз ғып, кеңшар ғып, ел сақтапты.
«Малың да, жаның да ортақ ұлы жолда»,
Деген сөз тірлігімен бір қайнапты.
Төрт ауыл өзі құрып, атын қойған,
Ұмытсын сол Сәкеннің нарқын қайдан?!
Жер бөліп, сол бір жазда үш ай жатқан,
Орнында ауыл Совет Аймақ11 қалған.
VІІІ
Қайда екен сондағы бір көзілдірік,
Іздеп көрер ме еді, шетін біліп.
Жоғалып заттарымен кетті ме, әлде,
Өмірге «хош» деді ме көзіне іліп?!
Сәкенде болса оның сан түрлісі,
Ішінде сол еді ғой бір құндысы.
Ұстаның қолдарының өшпес табын,
Байқар мүмкін, көз сап көрген кісі.
Тұр ма екен бір жерлердің музейінде,
Тым құрыса, ойша бір іздейін де.
Бәрін де «халық жауы» атандырып,
Әйтеуір, ес жидық қой біз кейінде.
Бұл да бір келіп қалған шер-ау, маған,
Аштық ше, тәлтіректеп жаяулаған?!
НКВД мыжғылап тастады ма,
Ол түгіл, Сәкенді де аямаған.
Бұл менің көкейдегі зарым, мұңым,
Осы бір түсінікпен жазыл, жырым!
Көргім келеді анық, кей-кейде бір,
Қос атам көңілініңкөзайымын.
Жүз жылдай өтіп тұр ғой бері алғанда,
Түйсіктер бар дегенге сене алған ба?!
Сонда да үмітімді жалғап қоям,
Барлығы болып жатқан бұл жалғанда.
______________
11Аймақ – Сәкен Сейфуллиннің ұйымдастырған ауыл аты, қазір де бар.
Жә, жарар, киіз үйгеоралайын,
Жермежер,әлі ойлантып жүр талайын?!
Құрметпен қарсы алып, Сәкенім-ай,
Сұраған жанның жайын, малдың жайын.
Аз деп те айтпайсың көмекшісі,
Сәкенге қол ұшы ғой білер ісі.
Қазақтың даласында жаңа тарих –
Кімдер шошып, ал, кімдер ілесіпті?!
Бәрі де белгілі ғой бесенеден,
Көңілі кедейлердің өсе берген.
Осындай кезде мына екеу – дүлдүл,
Шаруасын жеке бастың шеше келген.
Сәкендер сыралғы ғой әңгімеге,
–Мыналар көп бөгеліп қалды неге? –
Деген бір сыртта күбір, ал ішінде,
Құйылған бапты қымыз тегенеге.
–Алыңыз, алыңыз, – деп сыпайылап,
Бұларға бұра берген сөзді жайлап.
Неше күн ойда жүрген шаруасын,
Батылы жетіп енді қалай айтпақ?..
Құптай ма, жоқ әлде, құптамай ма,
Бұл келіс ақтай ма өзін, ақтамай ма?
Ренжіп, әлі орынынан тұрып кетіп,
Ұқсай ма, бұл Сәкенге, ұқсамай ма?
«Өйткені, бәріне ортақ жер бөлісі,
Қалаймына екеудің ой-өрісі?
Дегендей туып қап ой осы арада,
Қысылып шықпаймыз ба, әй, берісі?»
Сәкен де мына күйін сезетіндей,
Ортаны кіл сұрақтар кезетіндей.
Мұнда да жерде тұр ғой бар мәселе,
Көңілдер түсетіндей, өсетіндей.
Тәуекел, Төреғожа сөз бастады,
Аздаған бар жайылым, бар қыстағы.
Сол жері қала тұрса өздерінде,
Бұйырған Құлансуға12әу бастағы.
Жаңа өмір жолындағы дара тұлғам,
Сәкен де ет-сүйектен жаратылған.
Қиюы олай-бұлай дүниенің,
Жауабын кейде өзіне ала тұрған.
Онсыз да әрдайым жел өтінде,
Не тұрды сол бір сәтте келбетінде?
Қалай жайғастырсам мына істі,
Деген ой бір келіп, бір кетуде.
Білегі бай-құлақтың жуан әлі,
Әйтеуір, отырғаны – жұбанары.
Қалдыра тұрар еді, арыздатса,
Тек қалай болады екен әр жағы?..
Өткеннен үйренумен жүрерміз біз,
Уақыт өзі зерттеп білер, кімбіз?!.
Үн-түнсіз отырды да, әлден уақта,
–Жарайды, болсын, – деді, – тілегіңіз!..
ІХ
Біреулер көзәйнектің арқасы дер,
Біреулер мәрттіктің нарқы осы дер.
Сәкен Сәкен болып қалмас еді,
Осындай сәттерде бір болмаса Ер!
Сол жолы өкіметке жерін берген,
Қанша жан «Төреғожа ерім» деген.
Мақтап отырғам жоқ мен атамды,
Сәкеннің жақсылығын көзі көрген.
Бір жылға жері өзінде қала тұрған,
Оқырман, өлең өрдім осы сырдан.
Екі мың жиырма бесте Ортағыма,
Жүз жыл, іргетасын Сәкен құрған!
Көп қой, Көкшетауда Сәкеннен сән,
Көп қой, Көкшетауда Сәкеннен ән.
__________
12Орта жүз, Арғын, оның ішінде Атығайдан тарайтын ру атауы.
Көп қой, Көкшетауда Сәкеннен жыр,
Көп қой, Көкшетауда Сәкеннен мән!
Кім білген алда соғар дауыл барын,
Жоярын қазақтың ол нар ұлдарын.
Тек жалғыз Ортақ емес, Кеңес, Тапшыл,
Атауы Сәкен қойған ауылдардың.
Жоғалса Кеңес бүгін кім кінәлі,
Біледі оның сырын елдің бәрі.
Ал, Тапшыл төрт-ақ үймен тұрса дағы,
Сәкеннің көнертпеген ізін әлі.
Атына, затынаөзіқұштар болған,
Аймағым тосып алар, ол да жолдан.
Сәкендей арысыңды ұмытпа деп,
Күнде бір ескерткендей, дүние-жалған!!!
26 – 31.05.2022.
6 – 8. 06.2022.
Автор туралы: Қайырбай Зейноллаұлы Төреғожа – белгілі ақын, журналист. 1957 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Чкалов ауданының, қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданының Ортақ ауылында туған. ҚазМУ-дің түлегі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Бірнеше жыр жинақтарының авторы.