Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қанаты талмайтын қыран құстай - АРҚА АЖАРЫ

Қанаты талмайтын қыран құстай

Өзінің саналы ғұмырында бір биіктен бір биікті алған медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Ескендірұлы Ыбыраевтың есімі қазақ денсаулық сақтау саласында кеңінен танымал. Ол өзінің дәрігерлік қызметін жергілікті жерден бастап, біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында сатылап өсіп, медицина саласында үлкен биіктерге көтерілген белгілі тұлға.

Бүгінгі таңда Серік Ескендірұлының дәрігерлік еңбек өтілі 50 жылдан асып кеткен. Оның 35 жылдан астамын басшылық қызметте өткізіп келеді. Өнегелі еңбек жолына үңілсек, дәрігер-хирург болып алғаш өз жұмысын бұрынғы Көкшетау облысы Володар аудандық орталық ауруханасында бастағанын аңғарамыз. Бүгінде Айыртау атауына ие болған бұл өңірде өзіөміріне араша болған талай пациенттері әлі де осы бір абзал жанға өз ғұмырын сақтап қалғаны үшін алғысын айтумен келе жатыр. Өйткені, сол институттан кейінгі еңбекке араласқан алғашқы жылдарында-ақ Серік ағамыз өзінің шипалы қолымен ауруханаға ауыр халде түскен көптеген адамдарға сәтті ота жасап, аяғынан тұрғызғанын сол өңірдегі үлкен-кіші біраз адамдар күні бүгінге дейін айтып отырады.

Осылайша өмірдегі өз жолын дәл тауып, бар саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған Серік Ескендірұлы халықтың және өзі қоян-қолтық еңбек еткен әріптестерінің арасында тек қана өз мамандығын жетік білуімен, қайда жұмыс атқарса да қолының жеңіл болуымен ғана емес, сонымен бірге, жайсаң мінезімен, үлкен адамгершілік қасиеттерімен, өнерде де талаптың тұлпарын ерттеп мінуімен көзге түсе білген жан. Әсіресе, дәрігерлік жолы мен ғылыми ізденістерінде бірталай биіктерді бағындырса да, қарапайым қалпынан айнымайтын, «болдым, толдым» дегенді білмейтін осы бір ерекше мінез иесімен біз де бір салада қызмет істеп, әріптес болып жүргенімізді әр кезде мақтан тұтатынымыз жайдан-жай болмаса керек. Өйткені, алдыңда осындай өзін биік тұлғасымен мойындатар абзал ағалар барда, інінің де соған қарап бой түзейтіні өмір ақиқаты ғой.

Бұл арада біз ардақты ағамыз Серік Ескендірұлы Ыбыраевтың санқырлылығын сөз етіп жатқанымызбен, негізгі бір тоқталар тұсымыз, бұл кісінің денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан өзіндік үлесі, осы бағыттағы қара нардай атқарған қыруар жұмысы деп айтар едік. Серік ағамыздың еңбек жолына қарап-ақ, арда азаматтың бойындағы бар қабілетін ел игілігі,халықтың денсаулығы үшін жұмсаудан әсте бір тайынбағанын, осы жолда шаршап-шалдығуды білмегендігін айқын аңғарамыз. Өзі сүйікті мамандығына беріле еңбек еткен жерлерінде арқалаған алғысы да, соңында қалған жақсы аты да соның айғағы.

Бұрынғы Көкшетау облысы  Красноармеец ауданының үркердей шағын ғана  Көзашар ауылынан қанат қаққан талапты жас бүгінгідей салиқалы ел ағасына айналған екі аралықта әрине, үлкен өмір және еңбек жолынан өтті. Сөзіміздің басында айтқанымыздай, аудандық аурухананың қатардағы хирургынан Зеренді аудандық орталық ауруханасының бас дәрігеріне дейін өсті. Сол сексенінші жылдардың басы мен орта тұсында бұл емдеу орны Серік Ескендірұлының жетекшілігімен облыстағы үздік медицина мекемелерінің біріне айналып, озат тәжірибесі таратылған базалық мекемеге айналды. Бұдан кейін сол бас дәрігерлік қызметінде де өзінің ота жасау машығын тоқтатпаған тәжірибелі хирург, білікті басшыны облыс көлеміндегі жауапты қызметтер күтіп тұрды. Оның бірі әрине, еліміз өз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдардың қиын-қыстау тұстарында Көкшетау облыстық денсаулық сақтау басқармасын басқарған күрделі де жауапты басшылық қызметі еді. Сол жылдары Серік ағамыздың іскерлігі, халық денсаулығына жанашырлығымен жүзеге асырылған қат-қабат шаруалардың өзі бірталай. Мәселен, заманның нағыз олай тартсаң олай, былай тартсаң былай жетпейтін өтпелі кезеңінде облыстық аурухананың диагностикалық орталығының іске қосылуының өзі Серік Ескендірұлының осы жауапты қызметінің күні бүгінге дейін ел кәдесіне жарап келе жатқан бір үлкен қайтарымы десек, жарасып тұрғандай.

Өзі сүйген мамандығының ыстық-суығына біртіндеп қатардағы дәрігер лауазымынан бойлағандықтан, өз басына осы саладағы жетісіп-жетіспей тұрған көп жайлар сол кезден-ақ белгілі еді. Ал, басшылық тізгіні бұйырғанда, сол проблемалардың орнын толтырудың қолайлы мүмкіндігі де туғандай болып, бар назары сала жұмысын қайтсе де жетілдіруге ауды. Сөйтіп, осы жылдары екі аудандық аурухана, үш аудандық емхана, 28 селолық дәрігерлік амбулатория, елуден астам фельдшерлік-акушерлік пункт, екі реабилитациялық орталық іске қосылды. Көп жерлерде кейін ашылған реабилитациялық бөлімшелер Зеренді аудандық орталық ауруханасында осы Серік Ескендірұлы басшылық еткен 1990 жылдың өзінде ашылып, науқастарға үлгіліқызмет көрсете бастаған еді. Содан болар, бұл аурухана облыстық  және республикалық байқауларда бірнеше рет жеңімпаз атанып, тасы өрге домалағанын да көзіміз көріп жүрді.

Көкшетау облысынан кейін Серік Ескендірұлы осы басқарма басшысы қызметін Солтүстік Қазақстан облысында да жалғастырды. Бұл Көкшетау облысының таратылып, көрші облысқа қосылған кезі еді. Осы арада ерекше атап өтетін бір мәселе, Серік ағамыз сонда ауыстырды деп Көкшетаудағы бұрынғы өзі басқарған денсаулық сақтау саласын тағдыр тәлкегіне тастап кеткен жоқ. Бұл жердегі облыстық ауруханадан бастап, бүкіл облыстық денсаулық сақтау мекемелерін, соның ішінде тубдиспансерді, онкологиялық аурухананы, балалар ауруханасын, «Болашақ» емдеу орнын, тағы басқа мекемелердің бәрін сол облыс кезіндегі деңгейінде сақтап қалды. Облыс жабылса да, олар өз жұмыстарын бұрынғыдай атқара берді. Сөйтіп, Ақмола облысының аумақтық-әкімшіліктік орталығы Көкшетау қаласына көшірілгенде, бұл емдеу орындарының Ақмола деген аты ауысқаны болмаса, жұмысы сол облыстағыдай қалпында жүріп жатты. Бұл сол бір қиын-қыстау кезеңдегі Серік Ескендірұлының көкшетаулықтарға тигізген ең үлкен пайдасы еді. Өйткені, бұл мәселелердің бәрін ретін тауып, салалық министрлік Солтүстік Қазақстан облысы басшыларының алдында дәлелдеп, шешудің өзі оңай емес-ті. Алайда, облыс мәртебесінен айрылған жергілікті халықтың жағдайын ойлап, бар дүниені қозғамау, барынша сол қалпында қалдыру сол кезде еңсесі түскен тұрғындардың мүддесіне де сай келетін үлкен бір көрегендік болғандығын кейін уақыт та өзі дәлелдеп шықты.

Артынша сол Солтүстік Қазақстан облысында да  өтпелі кезеңде облыстық денсаулық сақтау саласын басқара жүріп, көп жұмыстар атқарды. Осының арқасында екі облыста да бүкіл денсаулық сақтау жүйесін ауыр кезеңнің қиындығына душар етпей, аман сақтап қалу мүмкіндігі туды. Сол жылдарды үлкен бір жүрек жылуымен еске алатын ағамыз мұндайда осы аумалы-төкпелі кездің өзінде саланы құлдыратпай, қайта оған жаңа медициналық мекемелерді қосқандарын, жаңа денсаулық сақтау желілерін ашқандарын қарапайымдылыққа басып, айта да бермейді. Бірақ, біз, басқалар оны жақсы білеміз. Мұның астарында өз ісіне берілген, туған өлкесінің тағдырын ойлаған жанның өзі де аянбай күш сала білген, қарамағындағы өзгелерден де соны талап еткен қыруар қажыр-қайрат жатқандығын сезіну қиын емес.

– Осыдан кейін екі мыңыншы жылдары мені астанаға шақырды. Сонда бір-біріне қосылған Білім және спорт министрлігі Денсаулық сақтау комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінде осы саладағы заңдарды шығару жұмысымен де тікелей айналысуыма тура келді. Сөйтіп, елуден астам Қазақстан Республикасының заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілерін, соның ішінде 2000-2005 жылдарға арналған еліміздің денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту Концепциясын қабылдадық. Сонымен бірге, ауыл тұрғындарына бастапқы медициналық-санитарлық қызмет көрсетуді жақсарту, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін бекіту, қант диабеті, түрлі жарақаттар, нашақорлық және тағы басқа да ауру-сырқаулармен күрес жөніндегі салалық бағдарламаларды қабылдау бағыттары бойынша жұмыстар жүргіздік. Осының бәрі бүгінгі денсаулық сақтау саласында көзіміз көріп отырған біраз жетістіктерге негіз болды, – деген Серік Ескендірұлының тағы бір салиқалы естелігі де республика медицинасының бүгінгі көкжиегін ашып көрсеткендей.

Осы жұмыстардың бел ортасында жүрген, сонымен бірге, тікелей басшылық еткен білікті дәрігердің,  салиқалы басшының бұл арада біз ғылым саласымен де қоян-қолтық белсене айналысқанын айналып өте алмаймыз. Айталық, өзі жазған докторлық диссертациясының негізіне біздің елімізде және шет елдерде денсаулық сақтау саласын дамытудың бірқатар өзекті мәселелері алынды. Соның ішінде медициналық ұйымдар қызметін бағалаудың рейтингілік жүйе әдістемесі бүгінгі таңда бүкіл республикамыз бойынша қолданылып, өзінің жақсы нәтижесін беріп келеді.

Серік Ескендірұлының Министрліктің Денсаулық сақтау комитетіндегі қызметінен кейін Қазақстан Республикасы Іс Басқармасы медициналық орталығына жұмысқа шақырылуы да осы орталықтағы игі істерге түрткі болды. Біріншіден, ол кісінің келуімен мұнда «Президенттік Іс Басқармасы медициналық орталығының жаршысы» атты ғылыми-практикалық журнал шығарыла бастады. Тап осы орталықта денсаулық сақтау ұйымдары арасында бірінші болып, ИСО:9000 халықаралық стандартқа сәйкес сапа менеджменті жүйесі енгізілді, сондай-ақ, бекітілген контингенттің «Денсаулық паспортын» жасай отырып, Бірыңғай ақпараттық жүйе құрылды. С.Е.Ыбыраевтың денсаулық сақтау саласында өтіп келе жатқан бар саналы өмірінің тағы бір шоқтықты биігі кезінде Министрлер үйінде ҚР Президентінің Іс Басқармасы медициналық орталығының күніне 500 адамды қабылдай алатын әлеуеті бар жаңа емханасының құрылысына басшылық жасауы, сонымен бірге, осы медициналық орталықтың аурухана құрылысының барлық дайындық жұмыстарымен де айналасуы. Бұл күш-жігері де толықтай өз нәтижесін беріп, қазіргі уақытта осы аурухана мен емхананың сапалы қызметін қыруар адам көріп, ризашылықтарын білдіруде.

Міне, елін сүйген, сол еліне бар жан-тәнімен қызмет еткен жанның көпке тигізер пайдасы осындай болса керек-ті. Кейде бір осы денсаулық сақтау саласы туралы пікірлесе қалсаңыз, Серік Ескендірұлының «елім» деп соққан жүрегі мен жан-дүниесі өзі бүге-шігесіне дейін білетін осы салаға, әлі де болса халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің жақсаруын тілейтін көпшілік қауымға небір жанашырлыққа толы. Бұл орайда да осыдан бірер жыл бұрын:

– Дәрігердің өмірі бір кедергіден бір кедергіні жеңу. Өкінішке орай, қазір менің әріптестеріме тек қана өзінің тікелей міндетімен айналысудың орнына, профиліне жатпайтын екінші бір мәселелерді шешуіне де тура келеді. Саланы қаржыландыру әлі де жеткіліксіз. Шынын айтуымыз керек, мемлекеттік клиникаларда дәрігер беделі кешегідей емес, төмендеген. Диагностикалық аппаратуралар мен қондырғылардың бәрі шет елден әкелінген дүниелер. Оларды игеру үшін де жоғары білік, жеткілікті қабілет керек. Сондықтан, кей жерлерде алынған осындай жабдықтардың өзінің игерілмей жатуы осы себептен.Тағы бір түйінді мәселе, медициналық сақтандыру. Біздің қазір осыған көшіп жатқанымыз құптарлық-ақ мәселе. Тек әлі де болса оны жеріне жеткізіп, барлық үлкенді-кішілі мәселелерін тез шеше түсу, белгілі бір тиімді жолын тауып, бір адамды да шет елдерде бұрыннан қолданылатын осы жүйеден тыс  қалдырмау жағы басым болуы керек, – деп ой бөліскен ағамыздың бұл сөзінде де әрине, өмірге, өз мамандығына, одан туындайтын әрқилы мәселелерге деген байыпты көзқарас жатыр.

Осы  бір өзінің ғұмырлық қағидасына айналдырған денсаулық сақтау саласына қоғам мүддесінен қараушылық қасиеті Серік Ескендірұлының қай ортада да тұлғасын биік етіп, өзгелерден ерекшелендіріп келе жатқан жайы бар. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, сонау жас кезінде Көкшетауда алғаш құрылған «Көкшетау» би ансамблінің құрамында он саусағынан күй тамған шебер домбырашы ретінде бір шеті Югославиядан бастап, шет елдерге де гастрольдік сапарлармен шыққан ағамыздың бұл өнері бүгінгі күні де оңаша сәттерде өзінің, көпшілік ортасында халқының жанын сергітер және бір өміршең мұратына айналған. Оның үстіне бүгінгі атақ, лауазымдарына келсек, Серік ағамыз медицина ғылымдарының докторы, «Астана медициналық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының профессоры, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі консультациялық-кеңесші органының мүшесі, «Қарағанды медициналық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының тәуелсіз директоры, «Аланда Клиник» ЖШС директоры.

Осылайша 75 жасында да тұғырынан таймаған абзал ағамызға, орынды түрде айтсақ, көрікті Көкшенің денсаулық сақтау саласындағы бір мақтанышына алда да қажыр-қайратыңыз мол болып, осы сергек қалпыңыздан таймай, әлі де биік  белестерден көріне беріңіз десек, осы жөн сөзге Секеңді білетін, құрметтейтін барлық жерлестерінің де қосыла түсері шүбәсіз.

Қасымжан ТӘШМЕТОВ,
медицина ғылымдарының докторы.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар