Құсайыновтардың отбасылық ансамблі

Өмірдің өзі – өнер, өнердің өзі – өмір. Бұл – аксиома. Әлбетте, өнер атты әлемнің қадір-қасиетін ең алдымен жүрек елегінен өткізіп, Алла берген қабілет-қарымы мен тарлан талантын өнердің өріс ашуына жұмсайтын, осы бағытта еңбектенуден жалықпайтын жандарға қашанда құрмет жоғары. Байқап отырсаңыз, дарабоз дарындылардың көбі ауылдан шыққан.

Әлбетте, өнерге бір өзі емес, біртұтас отбасымен ынтызар болу тегіне дарыған тектіліктен-ау. Осындай өнерлі отбасылардың бірі – қорғалжындық Құсайыновтар отбасы. Өздеріңізге мәлім, сексенінші жылдардың орта тұсында еліміздің мәдени рухани өміріне айтарлықтай үлес қосқан отбасылық ансамбльдердің қатары көп еді. Үйдегі отағасынан бастап, балтілді балдырғанға дейін әуелетіп ән салып, ел алдында өз өнерлерін ортаға салатын. Бұған дәлел, республика көлемінде Дәрібаевтар, Алтаевтар, Байырбековтар сияқты отбасылық ансамбльдердің өнерпаздарын әлі күнге дейін ел ауызынан тастамайды. Сол жылдары осындай жақсы үрдіс біздің өңірде де өз жалғасын тапқан. Мәселен, Көкшетауда Нұрмышевтар, Хущевтар, Сырымбетте Мұқышевтар, Ленинград ауданында Хасеновтар және тағы басқа отбасылық ансамбльдер өнерсүйер қауымды өз өнерлеріне тәнті етіп, мыңдаған әнге ынтызар көңілді көкке өрлетуші еді.

Бұл үрдіс бұрынғыдай кең өріс алмаса да, қазіргі таңда облысымызда өзгелерге үлгі етер отбасылық ансамбльдер бар. Солардың қатарына Қорғалжын ауданындағы Құсайыновтар отбасылық ансамблін қоссақ әбден лайық. «Отан отбасынан басталады» дейтін қазақтың сөз мәйегін ескеретін болсақ, жастайынан жүрегін әнмен әлдилеген бал тілді балдырғанның болашақта биік асуларды бағындыратыны сөзсіз. Шынымен де, өнер атаданбалаға мирас болған рухани құндылық.  Қазақ халқы «Тегі жақсы, тегін болмас» деген сөзді бекерден-бекер айтпаса керек-ті. Осы орайда, ұлағатты өнерді ұрпағына аманат етіп, отбасылық үрдіске айналдырған, қорғалжындық Құсайыновтар отбасы туралы сөз бөлек қой, әлбетте.

Қорғалжын елі ежелден құт қонған, қасиет тұнған киелі өңір. Бұл өлкенің өнерпаздарының бойынан бекзаттылық пен тарлан тектілік байқалып-ақ тұрады.  Құт қонған Қорғалжын өңірі әрқашан өнерлі адамдардан кенде болып көрген жоқ. Әйгілі Құлтума ақын, Үлебай ақын, Мәриям Жәгорқызы, Дәулет  Мықтыбаев, әсем композицияларымен  ел жүрегін елжіреткен Кенжебек  Күмісбеков,  сахна саңылақтары  Есімжан, Қосымжан Бабақовтар, жезтаңдай  әнші  Рабиға Есімжанова және Қорғалжын өңірінде   алғаш халық театрын ашқан  Қалимұса ағамыз сияқты өнерпаз жандардың кіндік қаны тамған киелі өлке ғой.

Бұл тізімді санамалап айтып, жалғастыра беруге болады. Бұған бір мақала әрине, аздық етері сөзсіз. Біздегі мақсат та ол емес. Айтпағымыз, өнер ұрпақтан-ұрпаққа мұра болар ізгі дәстүр екендігін тағы бір мәрте айқындай түсу. Біз жоғарыда санамалап өткен өнерпаздардың ішінде әрине, Қалимұса ағамыздың есіміне Қорғалжын, Ақмола  өңірі қанық. Құсайыновтар отбасы дегенде әуелі Қалимұса ағамыз ойға оралатыны да осыдан. Қалимұса  ағамыз Қорғалжын ауданында халық театрын ұйымдастырушы ғана емес, ол облыс аумағындағы көркемөнерпаздар үйірмесінің дамуына зор үлес қосқан ірі өнерпаз. Бұл күнде әке жолын ұлы Мұхтар Құсайынов жалғастырып, өнегелі істі өрлетуде. Иә, өнер барда адам ешқашан рухани аласармайтыны анық.

Ансамбль жетекшісі Мұхтар Қалимұсаұлы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған қазақ музыка мектеп-интернатының, Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің түлегі. Мұхтар аға да жастайынан өнермен есейіп, еңбексүйгіштік, табандылығының, шеберлігі мен іскерлігінің арқасында биікке көтерілген біртуар азамат. Әке аманатына адал азамат өз отбасымен бірге абырой биігінен көрініп, 2002 жылы ансамбль «Халықтық» атағына ие болды. Атақты  Құсайыновтар отбасылық ансамблі көптеген республикалық және облыстық байқаулардың дипломанты және лауреаты. Ұжым облыстан тыс жерлерде де танымал. Олар Қазақстан мен Ресейдің көптеген қалаларын аралап, өнер көрсетіп жүр. Отбасылық ансамбльдің солистері әртүрлі тілдерде ән шырқайды. Ансамбль репертуарында 150-ден астам ән бар, ал «Қорғалжын – әнім!» шығармасының алар орны ерекше. Қазақстандықтардың сүйіп тыңдайтын «Астана» әнінің авторы – оның ұлы, «Жас қанат-2003» байқауының лауреаты, опера әншісі Амангелді Қалимұсаұлы екендігін де ерекше атап өткеніміз абзал. 2009 жылы Құсайыновтар Марат Әлімжановтың «Дударай» халықтық ансамблімен бірге Түркияда өткен халықаралық ән фестиваліне, ал, 2018 жылы ресейлік «НТВ» арнасының «Поедем, поедим!» телебағдарламасының түсіріліміне қатысты. 2020 жылы «Рухани қазына» республикалық байқауының «Бір отбасы – бір кәсіп» номинациясында Қорғалжын ауданының Құсайыновтар халықтық отбасылық ансамблі үздік атанды. Мұндай өнерлі отбасы – ел ырысы, қоғамға үлгі екендігі айқын.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар