Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетау автовокзалы: «шықпа  жаным, шықпамен»... - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетау автовокзалы: «шықпа  жаным, шықпамен»…

Жуырда «Көкшетау қаласында орналасқан автовокзалдың қазіргі жағдайы қандай және жұмысы ойдағыдай жүріп жатыр ма?» – деген сауалға қызығушылық танытып, арнайы біліп қайтқанбыз. Автовокзал басшылығының айтуынша, ғимараттың өзі 1980 жылдардың басында салынған және содан бері көлемді жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ.

Бұл екі қабатты ақ бетондық құрылым және жабық отырғызу платформалары вокзалдың алдында автобус тұрағымен бірге орналасқан. Бірнеше жыл бұрын кешен қоршаумен қоршалған, ал, кіреберісі шлагбауммен жабдықталған екен. Соңғы рет, 2020 жылы Көкшетау автовокзалының ғимаратында шағын жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шатыры ауыстырылыпты және ішінде шағын жаңартулар енгізілген көрінеді.

–Бірақ, қазіргі автовокзалдың жағдайы қуантарлық емес, ол жабылу алдында тұр. Жұмыс қарқындылығы өткен жылдарға қарағанда қатты төмендеді. Бұған 2020 жылы орын алған пандемия мен басқа да себеп-салдар әсер етті, – деп қынжылады автовокзал басшысы Сайлау Кенжеғалиұлы. Пандемияға дейін облыс ішінде және қала арасында жүретін 80 шақты маршрут болса, пандемиядан кейін одан тек 8 маршрут қалды. Бірақ, маршрут санының қатты қысқаруына тек COVID-19 ғана емес, автовокзал айналасында тұратын inDrive таксилері де әсер етті. Яғни, автовокзал мен вокзалдың арасында тұратын таксилер көп жолаушылардың ойын өзгертіп, оларды өздеріне алып қоятыны анық. Оларға «клиентке сапардың ыңғайлы, әрі тез болуы, үстінен қосқан ақыны ақтап шығады» деген ойды жеткізу қиын емес сияқты. Вокзал мен автовокзал басшылары бұл жөнінде бірнеше рет шағым түсірген, бірақ, жергілікті атқарушы органдар тексеріс жүргізу барысында нақты бір қатаң әрекетке бара алмайды. Себебі, әр жүргізушіде заң жүзінде тіркелген ЖК қызметі бар. Міне, осындай себептердің әсерінен автовокзалдың жағдайы күрт нашарлады, яғни, тасымалдайтын жолаушылар тасқыны күрт кеміді. Егер бұған дейін қызметкерлер саны 50 болса, бүгінгі күні тек ең қажет дейтін 9 маман қалған екен, қалғандарын жұмыстан қысқаруға тура келген.

Қазіргі таңда облыс ішінде жүретін маршрут саны 8 және осы жылдың наурыз айында ашылған 3 халықаралық маршрут бар. Атап кетсек, облыс ішінде жүретін маршруттар: Көкшетау – Астрахан, Көкшетау – Степняк, Көкшетау – Рузаевка, Көкшетау – Державинск, Көкшетау – Острогорка, Көкшетау – Бурабай, Көкшетау – Чистополье, Көкшетау – Заградовка. Әр маршрут аптасына 6 рет қамтамасыз етіліп, 1 күн демалыс екен. Таңертең ең алғашқы рейс уақыты сағат 8:40-та басталып, кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Халықаралық 3 маршрут: Астана – Түмен аптасына 2 рет, Қарағанды — Екатеринбург аптасына 1 рет, Астана – Омбы күн сайын жүреді.

Басшылықтың айтуынша, осыдан бес-алты жыл бұрын жұмыс күндері жолаушылар саны 80-100 шақты болса, демалыс күндері 150-ге дейін жететін. Ал қазір көктем мен жаз маусымдары кезінде жұмыс күндері жолаушылар саны 20-30-ға, демалыс күндері 40-50-ге әрең жетеді. Бүгінгі күні қызметкерлердің еңбек ақысы, тасымалдау қызметі, салық, коммуналдық қызметтер бойынша өтелмеген қарыздар бар. Осыған байланысты автовокзал басшысы ақпан айында әкімшілікке вокзалды жабу не басқа бір амалын қарастыру жөнінде өтініш хат жолдаған болатын. Бірақ, әлі күнге дейін әкімшілік тарапынан бұған ешқандай шара болмаған. Автовокзал ғимаратының өзі көптен жөндеу көрмегендіктен, ұсқыны кетіп, әбден тозу қалпында тұр. Осыған байланысты басшысы Сайлау Кенжеғалиұлының айтуынша, автовокзал өз қызметін жаз айларынан кейін тоқтатуды көздеп отыр.

Әрине осынау маңызды нысанның жабылу алдында тұрғаны өте өкінішті жайт. Себебі, орта жастағы және одан да үлкен адамдарға бағасы қалтаға түсетін такси қызметін пайдаланудан гөрі қалаған жеріне үйреншікті автобуспен жету әлдеқайда тиімді. Бұрын біздің де білуімізше, бүкіл облыс халқы құны арзан автобуспен жүретін. Бірақ, нарық заманы бәрін де өзгертіп, такси қатынасы алдыңғы кезекке шығып кетті. Бүгінде кезінде жұмыссыз қалған халықтың ішінен кісі тасымалдап, нәпақасын табушылар көп. Көкшетау автовокзалындағы ауыр жағдай да сол себептен орын алып отыр. Дегенмен, тиісті орындар тарапынан бұл мәселе қарастырылып, белгілі бір оң шешімі табылады деген үміттеміз.

                                                                                    Сабина ТАСБОЛАТ,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика
және саясаттану факультетінің 2-ші курс студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар