Майдан мен тылда жеңісті жақындатқан

Бұл мақаламыз Ұлы Отан соғысының ардагері, бейбіт өмірде екпінді  еңбегімен талай жетістіктерге қол жеткізген, сөйтіп, өзінің қоғам, отбасы    алдындағы міндеттерін абыроймен орындаған, биыл туғанына 100 жыл толған асқар таудай әкеміз Бәйкен Иманқожаұлы және асыл анамыз  Тоты Нарбайқызы туралы болмақшы.

Әкеміз 1924 жылы 20 мамырда бұрынғы Көкшетау ауданындағы   табиғаты әсем Қарлыкөл ауылында әкесі Иманқожа мен анасы Кәбираның    шаңырағында дүниеге келген. Бұл қазақ даласында кеңес өкіметінің алғашқы  нысандары: жер өңдеу серіктестері, артельдер мен «қызыл отаулар»  құрылып  жатқан тарихи  кезең болатын. Отбасында өзінен басқа төрт қыз тәрбиеленген. Бүгінде олардан тек 88 жастағы Айнақас есімді қарындасы ғана бар.

Өнегелі ортада тәлім-тәрбие алып, бала жасынан білімге құштарлық   танытқан өршіл әкеміз Қарлыкөлдегі бастауыш, Әлжан ауылындағы орта мектептің 9-шы сыныбын үздік бағамен бітіреді. Сабағын жақсы оқуымен қатар, өзі сынды көкірегі ояу жастармен бірлесіп, ауылдағы игі істерге белсене атсалысып, тың  бастамалар көтереді. Алғырлығымен көзге түскен әкеміздің бар-жоғы он алты жасында Павловкадағы ауылдық Кеңестің  хатшысы болып сайлануы тегін болмағаны ақиқат. Ол кезде ауылдық Кеңес жергілікті үкіметтік ұйым болғандықтан, елдегі еңбектеген сәбиден бастап еңкейген қарияның күнделікті тыныс-тіршілігіне, жалпы ахуалға жауап беретін. Әкеміздің тікелей атсалысуымен тұрғындар ауызбіршілік   танытып, еңбек нәтижелерін жоғарылатып, тұрмыс қалыптылығына қол   жеткізгенде,  басқа ауылдардағыдай Қарлыкөлдің де шырқын соғыс бұзады.

Жанұяның жалғыз ұлы болғандығынан, ата-анасы әкемізді дәл осы он   алты жасында текті әулеттің аруы Тоты Нарбайқызына үйлендіреді. Көп   уақыт өтпей, әкеміз нақты жасын жасырып, ауылдың басқа жігіттерімен     майданға  аттанғанда ата-анасы мен жас жұбайы, біздің анамыз жылап қалады.

Әкеміз сол кеткеннен атқыштар полкінің құрамында талай әскери қимылдарға қатысады. Кезекті  шайқастардың бірінде көрсеткен ерлігі үшін КССР Жоғары Кеңесі Президиумының атынан «Ерлігі үшін» медалімен    марапатталады. Алдыңғы қатарлы армияның құрамындағы 287 Новгород-Волынск атқыштар дивизиясының 866 атқыштар полкі бойынша 1944 жылдың 8 ақпанындағы №3/4 бұйрықта аталған награданы алғандардың қатарында 7 реттік нөмірмен Новгород-Волынск қаласына шабуыл жасау барысында жаудың артиллериялық минометтері мен қол пулеметтерінен   толассыз бораған оқтың астынан бөлімшесін шабуылға көтеріп, қала  көшелерінің біріне алғашқы болып кіріп, жаудың 9 солдатын жойып, бекітілген бағытты немістерден тазартудағы ержүректілігі мен ерлігі үшін 1924  жылы туған, БЛКЖО мүшесі, Солтүстік Қазақстан облысының Көкшетау аудандық әскери комиссариатынан шақыртылған автоматшылар ротасының командирі, сержант Бәйкен Иманқожин да тұр.

Әкеміздің тағы бір ерлігіне келесі дерек нақты дәлел болады. «Автоматшылар ротасының атқышы Бәйкен Иманқожин 12.07.43 жыл мен 18.08.43 жыл аралығындағы шабуылдар барысында қарсыластың аса өшпенділікпен қарсы тұрғанына қарамастан, 3 немісті жер жастандырып, жараланса да ұрыс алаңын тастамаған».

Майданда болған екі жыл ішінде әкеміз талай азапты күндерді басынан    кешіреді. Кескілескен  бір шайқаста мұз құрсанған батпақта  тәулікке  жақын   кептелісте қалады. Осының салдарынан суық тиіп, госпитальде  емделгенімен, біржола сауығуы мүмкін болмайды. Қызметін әрі қарай   жалғастыра алмайтындығынан, әскери комиссия әкемізді еліне қайтаруға   шешім   шығарады.

1944 жылы елге оралған жалғыз ұлы Бәйкеннің денсаулығына қатты алаңдаған Иманқожа атамыз борсық ұстап, соның майымен, қымызбен  емдейді. Шипасы тиіп, ұлы сауығып кетеді. Майдан тақырыбын  әрі қарай жалғастырсақ, біздің ауылдан соғысқа қатысқан жиырмаға жуық боздақтың бірқатары ұрыс даласында мерт болды. Олардың есімдері елге оралған соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлерімен бірге, бұрынғы Пахарь, қазіргі Қарлыкөл ауылындағы ескерткіште жазылған. Есіл ерлердің қатарында біздің әкеміз   де  бар.

Неміс-фашист басқыншыларымен соғыста, қайсарлық пен ержүректілік   танытқаны үшін әкеміз Бәйкен Иманқожин «Жауынгерлік ерлігі үшін»   медалімен,  I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін» медальдарымен және көптеген мерекелік медальдармен марапатталды. Соңдай-ақ, бейбіт өмірде қол жеткізген жетістіктері үшін алған наградаларының қатарында «Ерен еңбегі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» мен басқа да медальдары, «1973 жылғы социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісі де бар. «Наградаларыңызды неге тағып жүрмейсіз?» дегенімізде, әкеміз «Медалімді тағып жүру мақтаныш  емес. Мен елімді жаудан қорғап, азаматтық борышымды адал өтедім. Соның өзі маған үлкен абырой» дейтін.

Біз әкеміздің көзіндей сол наградаларын отбасылық архивте аса бағалы    жәдігердей сақтап жүрміз. Олардың ішінде әкеміз үшін ерекше мәртебелі құжаттың бірі КСР Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Маршалы А.Гречконың құттықтау хаты еді. Онда маршал әкемді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығымен құттықтайды.

Бейбіт өмірге оралған әкеміз ауыл шаруашылығы саласын қалпына келтіруге нәтижелі атсалысты. 1946 жылдан Қарлыкөлде, Пахарьда   бригадир, агроном, бөлімше басқарушысы болып қызмет атқарды. Жұмыстан  қол  үзбей жүріп, Целиноград ауыл шаруашылығы институтын сырттай оқып бітіріп, жоғары білім алды. 1964-1969 жылдары Жылымды бөлімшесіне басшылық жасады. Кейін Еленовка ауылдық Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осы қызметті 20 жылға жуық атқарды. Ол кезде Еленовка ауылдық Кеңесінің құрамына Еленовка, Пахарь, Жылымды, Ақан, Уголки, Баратай, Жаңауыл, Қарағай ауылдары және Еленовка астық қабылдау пункті кіретін.

Пахарь ауылында бригадир болып жұмыс істеп жүрген кезінде  асыраушыларынан айырылған үйлерге көп жәрдемдесті. «Егер біздің Бәкеміз болмаса, көп жанұяларға тұрмыс өте ауыр соғар еді. Ол кісі ақкөңіл, аса мейірбанды  жан  болатын» – деп естеріне алады жергілікті тұрғындар Трищ, Тур, Зуев, Жидиктің отбасылары.

Әкеміз көбінесе халық арасында жүргендігінен, өз-өзіне талаппен қарап, өте сабырлы, мейірімді болатын. Әкеміздің аузынан бір дөрекі, балағат сөз естімейтінбіз. Балаларын еркелететіні соншалықты, тіпті есімдерін де атамайтын. Біздің еститініміз тек «Бөкөләй» болатын. Әкемізді құрметтегеніміз соншалықты, анамыздың «әкелерің айтты» деген бір ауыз сөзі бәрін шешетін. Біздің әкеміз сезімтал, аса бауырмал болатын. Өзімен  бірге тумаса  да, туғанындай  болып кеткен  Мұқаш  Андығожин   деген  інісі болды. Екеуінің татулығы аталарымыз Иманқожа мен Андығожадан бастау  алған. Олардың үйлері де, қоралары  да қатар орналасыпты. Бір-бірінің   асын   ішіп, өте тату тұрған. Иманқожа атамыз өте еңбекқор  болатын. Табысының бәрін Андығожаға беретін, ақша сол кісінің айтуымен жұмсалатын.  Олардың татулығы Бәйкен мен Мұқашқа дарыған десетін  ауылдастарымыз. Әкеміз бауыр десе ішкен асын жерге қоятын. Өзінің жақын туыс, апа-қарындастары болса да, Мұқашты олардан жоғары ұстайтын. Ол кісінің әкемді сыйлағаны   соншалықты, әкем дүниеден өткенде, еңіреп тұрып жылап, «Алла Тағала  мені емес, неге  Бәйкенді әкетті» деген бір сөзі әлі есімізде.

Сол жандардың татулығы бізге әрдайым үлгі болуда. Біз олардың бауырмалшылықтарына қызығатынбыз. Мұқаш пен әкеміз Бәйкеннің тәрбиелерінің  арқасында біз де бүгінгі таңда бауырларымызбен тату-тәтті  өмір сүрудеміз. Қала берді, біздің балаларымыз, немерелеріміз де осы ізден   таймай, бір-біріне қол ұшын соза алатын жанашыр қарым-қатынаста.

Анамыз дүниеге 10 бала  әкеліп, бәріне жақсы тәлім-тәрбие, білім беріп   өсірді. Біздің тәрбиемізге атамыз бен әжеміз де атсалысты. Біз кешегі сәбилер бүгінде Құдайға шүкір, аман-есен жүріп жатырмыз. Қазіргі таңда жетеуіміз зейнеткерлерміз. Нұрлан ініміз бен Сымбат келініміз шаңырақтың иелері. Иманқожа әулетінде осы күні ата-анамыздың 21 немере, 78  шөбере және 6   шөпшегі бар.

Әкеміз майданға аттанғанда анамыз жас келіншек, соғысқа кеткен ер азаматтардың орнын жоқтатпай, өзі қатарлы қыз-келіншектермен бірге шөп шауып, отын дайындап, мал бағып, Жеңіс үшін тыным таппай еңбек еткен. Әкем екеуі ақар-шақар үй болып, бала сүйіп, қарияларды күтіп, 48 жыл бірге отасты. Өз балаларына да, ел тұрғындарына да үлгілі, тату-тәтті    шаңырақ атанды. Отбасымызда 9 қыз бала болғандықтан, үйдің де, даланың да жұмысын үйреткен анамыз, әжеміз бен атамыз болатын. Даланың жұмысын істерде «Бұл ер адамның жұмысы ғой» десек, «Ештеңе етпейді, қолдарыңа жұқпайды, әкелерің жұмыста, істегендерің маған жақсы, үйренгендерің  өздеріңе   жақсы», – дейтін.

Шешеміз барлығымыздың оқуымызды қадағалап, сапалы білім алуымызға жағдай жасауға тырысты. Мен Күлжиян мұғаліммін, «Еңбек сіңірген ұстаз» атағым бар. Айман, Шолпан, Алма медицина саласының қызметкерлері. Ұлтуар ішкі істер органының ардагері, полиция майоры. Бақыт, Дәмелі, Дәмежан, Қаракөз кәсіпкерлер. Нұрлан төтенше жағдай министрлігінің майор шеніндегі ардагері.

Ата-анамыз біздің жұбайларымыз Құнантайды, Амантайды, Мерекені, Жәкенді, Ахметжанды, Жарасты, Елубай және Гайдарды өздерінің туған   балаларындай көретін. Анамыз қатал мінезіне қарамастан, әділ және адал   жан болатын. Бізді де солай тәрбиелейтін. Әулеттің үлкен келіні болғандықтан, өзінен  кейінгі абысындарына да көзқарасы оң болатын. Қазір көзі тірі екі абысыны бар. Шәмшия мен Қалима абысындарының «Біздің әулетке аптайым жетіспейді» деп үнемі айтатындары осы бір сөз. Дүкенде сатушы, ара-арасында хат тасушы болып жұмыс істеген анамыздың соғыс жылдарындағы тылдағы қажырлы еңбегі мен бала тәрбиесіндегі игі істері көптеген  марапаттармен аталып өтті. Он баланы дүниеге әкеліп, саналы тәрбие бергені үшін «Батыр ана» атанып, «Алтын  алқа» алқасына ие болды. Бірі майданда, бірі тылда Ұлы Жеңісті жақындатқан қос ардағымызға:

Сағынып, қалам алдық қолымызға,
Үнемі сіздер біздің ойымызда.
Жалықпай өнеге мен тәлім беріп,
Жақсылық дарыттыңыз бойымызға.

Ұрпағың, артта  қалған  жұрағатың–
Біздерге мол еді  ғой  шапағатың.
Әрдайым  есімізде,  ұмытпаймыз,
Қос тұлға, беріп кеткен  ұлағатың.

Майданда от-жалында шыныққансың,
Бейбіт күн қасиетін мың ұққансың.
Ата-ана, осынау бір естелікпен,
Екеуіңе мың мәрте еттік тағзым! – дейміз де, о дүниеде иман байлығын тілейміз!

                                                           Күлжиян  БӘЙКЕНҚЫЗЫ,
                                                           Ұлтуар БӘЙКЕНҚЫЗЫ.

 Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар