Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ғажайып Ғабеңмен кездескенде... - АРҚА АЖАРЫ

Ғажайып Ғабеңмен кездескенде…

Жақында Астана қаласында болдым. Күн санап көркейе түскен әсем шаһардың сан сәулетке толы көшелерін аралай жүріп, қазақтың зиялылары, батырлары мен ақын-жазушыларының өшпес ғибратты сөздері жазылған әсем панно тақтайлар көптеп қойылғанын байқадық. Ұлтымыздың мерейі мен рухани деңгейін өсіретін небір қазына сөздер айтылған ақыл-ой иесінің суретімен қоса ілініпті.

Бір көше қиылысында «Адамзат мәдениетінің алғы шарттары – дұрыс оқу, дұрыс сөйлеу, дұрыс ойлай білу, мұндай тәжірибеге тек кітап оқитын адам ғана жетеді» деген қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтың қанатты сөзі сырбаз бейнесімен бірге жарқырап, төбеден қасқая қарап тұр екен. Көптен «кездеспей кеткен бір бейне» алдымнан жарқ етіп шыға келгендей, тақта алдында мүдіріп тұрып қалдым. Алматыдағы ұстаздарымыз «Мүсіреповтың аты аталғанда ана тіліміздің асыл сыңғыры құлағыңа келеді» деуші еді. Алтын орда Астана қаласына да талғамды сөзімен, талғампаз паң бейнесімен шуағын шашып тұрған Ғабиттей ғажайып жазушының бейнесін көріп, сондағы студенттік күндер есіме түсті.

Біз Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 50 шақты студент Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінде оқыдық. Қазақ тобындағы білім мен өнерге құштар жастарға филология ғылымдарының докторы, академик Серік Қирабай, профессорлар Хасен Әдібаев, Әлия Бейсенова, басқа да оқымысты ғалымдар сабақ берді. Сол ұстаздар өз сабағының үстінде шәкірттеріне тіл білімінің дәрістерін оқытумен қатар, сол кезеңдегі ақын-жазушылардың шығармашылығына тоқталып, олардың азаматтық бейнесін де қоса айтып отыратын. Әсіресе, қазақ прозасындағы Кавказдың Казбек шыңдарындай көрінетін Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден туралы айтып, араларында жүрген таудай тұлғалардың адами асыл қасиеттеріне тоқталатын. Сол кезеңде қазақ әдебиетін өзінің кесек-кесек туындыларымен байытқан Мүсіреповке келгенде қуғын-сүргіні көп қиын кезеңде өмір сүрсе де, сол кезеңнің азаматтық деңгейін ұстап қалған қазақтың бірі де бірегейі деп түсіндіретін. Жазушы жастайынан Бейімбет Майлинді оқып, оны ұстаз санап, пір тұтқан. Сол Бейімбетті «халық жауы» деп қаралаған партия жиналысында жас Ғабит орнынан тұрып, «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» депті.

Ұстаздар Ғабит ағаның тағы да бір ерлігін жиі айтатын. 1932 жылы жазушы солтүстік аймақтағы Арқа жерін экспедиция құрамымен аралап қайтады. Сол сапарында елдегі ашаршылықты, халықтың жаппай қырылып жатқанын көріп «басым кетеді» деп ешкімнен тайсақтамай, Сталинге «Бесеудің хатын» ұйымдастырып, халқына араша түскенін айтатын. Кейін Шерхан Мұртазаның осы хат негізінде «Бесеудің хаты» атты драмалық шығармасы дүниеге келеді. Осындай таңғажайып тарихи деректерді «Ғабең деген ғажап қой» деп жиі қайталайтын оқытушы-ғалымдардың өздері де адами деңгейі биік ұлы адамдар екен-ай.

Алыстан қол бұлғап сағым,
Аңсайды күлімкөз таңын.
Үзіліп кеудеден түскен,

Ақмоншақ, Ақмаржан, қайда кеттің жаным, – деп үзіле басталатын лирикалық әдемі «Ақмаржан» әнінің авторы, профессор Хасен Әдібаев та бізге қазақ әдебиетінен сабақ берді. Өзі де өнерлі, сұлулыққа құштар жан жазушы Ғабиттің өте тазалықты сүйетін талғампаздығын, түр-тұлғасы ерекше екенін керемет суреттеп жеткізетін. Бойы биік болмаса да, өзінің ақыл-парасатына лайық жан еді, маң да маңғаз бейнесімен сұлулықты сүйеді, Әйел-ананы сүйе де, бағалап, құрметтей де біледі.

– Ғабеңді көргілерің келе ме, кездесу ұйымдастырайын. Тек оған барынша дайындалуларың керек. Жазушының творчествосымен жете танысып, кітабын оқыңдар, театрға барып спектаклін көріңдер, – деді оқытушымыз бір күні.

Сол жылы жазушының «Ұлпан» атты романы жарыққа шықты. Ұлпан тұтас бір дәуірдің тарихи бейнесі еді. Сол кітапты Алматының кітап дүкендерінен шарлап іздеп, тауып алдық. Қазақ эпостарының інжу-маржаны саналатын «Қыз Жібек», «Ақан сері-Ақтоқты», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» атты жазушының драмалық шығармаларын оқып, спектаклін көріп, «Кездеспей кеткен бір бейне» секілді атақты повесімен таныстық. Көптен күткен кездесуіміз де болды. Осы кездесуде жазушы Қостанай, Көкшетау аймағын аралап, Есеней-Ұлпан әулетінің ұрпағын іздегенін айтты. Ақ ниетті, жаны жомарт, ақпейілді Ұлпан ана Сибан жұртына жерленіп, басына Ақ тас қойылғанын әңгімеледі. Кездесуде Ұлпандай сұлу, шырайлы қазақ әйеліне әдеби ескерткіш қойған қазақтың сөз зергері деген атақ та алып жатты. Жазушы көбіне студенттерді сөйлетіп, өзі маңғаз қалпымен жымиып қана тыңдап отырды. Есімде тек асықпай-аптықпай сөйлейтін сабырлы жүзі, майда қоңыр мақпал дауысы қалыпты.

Міне, сол кездесуден бері 40 жыл уақыт өтті. Өз заманында қазақ қоғамының алдында жүріп, жүрегі елім, жұртым деп соққан, Ана тілінің асыл сыңғырын артына тастап кеткен Ғабеңнің бүгінгі ұрпаққа да айтары көп, соның бірі әне алдымызда айғайлап тұр. Ел, жер, ұлт туралы ойларының мәйегін өз шығармаларына сіңіре білген Мүсірепов мектебінен әлі де аларымыз мол. Әсіресе, тілді қадірлеп, қастерлеуде жазушы өзіне де жоғары талап қоя білген шебер сөз зергері екенін ұқсақ екен.

Тағы бір сүйініштісі, Астана қалалық автобустарының ішінен де ұлы классик, жазушы, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсіреповтың өшпес асыл бейнесін көріп, ұрпағына арналған ана тілі туралы нақыл сөздерін оқыдым.

Ғабеке,

анда-санда Сізді көрем,
Сізді көрсем
жомарт бір күзді көрем.
Еліктеп өзіңізге, есім кетіп,

Көгендеп ақ қағазға тіздім өлең, – депті Мұқағали ақын. Мен де алып шаһар Астананы аралай жүріп, көгілдір көктемде ғажайып Ғабеңнің санадан өшпес биік бейнесімен тағы кездескенімді мақтан етіп, ұрпағының ұлыларын ұмытпағанын жеткізе ақ қағазға ойымды тізіп, естелігімді арнадым.

Шынар БЕКМАҒАНБЕТҚЫЗЫ,
Ақпарат саласының үздігі.

 Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар