5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні
Айналамыздағы қоршаған ортаны қорғау деген сөз орманды да қорғау деген сөз. Бізді таза ауасымен тыныстап, әсем көркіне көзайым ететін осы ормандарымыз.
Орман – тіршілік көзі. Жер ажары орманға қатысты халқымыздың нақыл сөздері де жетерлік. «Орманды отағаның – ордаңды өртегенің», «Орманы бар елдің – олжасы бар» немесе «Егер, өмірінде ең болмағанда бір тал ағаш отырғызсаң, онда бекер өмір сүрмегенің» деген сияқты даналық ойлар да бекер айтылмаған.
Жалпы, өрт – бұл адам өмірі мен денсаулығына, қоғам мен мемлекетке зиянын тигізетіні, қоршаған ортаға үлкен материалдық шығын келтіретіні сөзсіз. Ақмола облысында 6 сәуірден бастап, өрт қауіпсіздігін болдырмау кезеңі жарияланғаны белгілі. Өйткені, орман өрттері, әсіресе, жаз мезгіліндегі құрғақ ауа райында аумаққа тез таралады. Ыстық кездерде, егер жауын-шашын болмаса, ормандар құрғап, кез-келген абайсыз жанған оттың әсерінен өрт қаупі тууы ықтимал. Орманды өрттен қорғау мақсатында Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының «Бұқпа» орман шаруашылығы мекемесіне қарасты «Қыпшақ» орман шаруашылығында жыл сайын 46 шақырым жаңа және 1550 шақырым минералданған жолақтарға күтім жасалады. Сондықтан, орманда серуендеген жағдайда өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтағаныңыз абзал. Орманның таза ауасымен тыныстау денсаулықты жақсартудың бірден-бір кепілі. Олай болса, тамаша табиғатқа нәр беретін орманымызды сақтауға баршамыз болып атсалысайық.
Мейрамбек КАМАЛИЕВ,
«Қыпшақ» орман шаруашылығының орман шебері.