Жосықсыз мердігерлер ортақ іске кедергі келтіруде

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов білім саласында созбалаңға түсіп, әлі күнге дейін салынып жатқан құрылыс нысандарының бас мердігерлерімен кездесіп, салада орын алып отырған осы жағдайды талқылады.

Жиынға Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Марат Әубәкіров, облыс прокуроры Руфат Құттықов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы Асхат Оразхан, Ақмола облысы бойынша тергеп-тексеру департаментінің басшысы Дастан Бөкешев қатысты.

–Облыс әкімі қызметіне тағайындалған алғашқы күннен бастап ең алдымен, білім беру объектілерінің жаңа оқу жылына дайындығымен таныстым. Қомақты қаржы бөлініп жатса да, кейбір мектептердің құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмаған және біраз нысандарда жұмыс сапасыз жасалған. 2024 жылға 53 білім беру нысанын күрделі жөндеуге 10,9 миллиард теңге, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 28 нысанның күрделі жөндеуіне 4,3 миллиард теңге қарастырылған. Сондықтан жоғарыда атап өткен кемшіліктерге жол бермеу үшін мердігерлерді жинап отырмын, –дей келе, облыс әкімі білім беру саласында салынып жатқан нысандардың қазіргі жай-күйі бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалиннің баяндамасын тыңдады.

Аталған басқарма басшысының айтуынша,бүгінгі таңда конкурстық процедуралар аяқталып, барлық мердігерлер анықталыпты. 23 мердігерлік ұйыммен күрделі жөндеу жұмыстарын бастау бойынша келісім-шарттар жасалған. 8 мердігер ұйым 2 және одан да көп объектіге келісім-шарт жасасқан. Жұмыстар оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы тиіс. Кейбірінде жөндеу жұмыстары мамыр айының ортасынан-ақ басталып кеткен. Қалған мектептерде жөндеуді уақытында аяқтау үшін мердігерлер жұмыс кестесін бекітіп, құрылыс материалдарын алуда.

–Мемлекеттен бұл білім нысандарын салу үшін қыруар қаржы бөлінеді, бірақ нәтижесі мардымсыз. Жұмыс сапасы нашар немесе бітпей қойған сот процестері… Мұның бәрі бюджетке қосымша салмақ түсіруде. Тек соңғы үш жылда бөлінген бюджет қаражатына өзгертулер енгізу арқылы бұл жобаларға көзделген қаржы 70 миллиард теңгеге ұлғайтылыпты. Бұл қыруар қаржыға халық игілігіне жарататын қосымша бірнеше нысан салып бітіруге болар еді. Енді басталып жатқан күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылы басталғанға дейін, белгіленген кесте бойынша аяқталуы керек. Биылғы жылы 2448 орындық 7 мектептің құрылысы жүргізілуде, сонымен қатар, 9 жайлы мектеп салынуда. Өткен жылы біз мердігерлермен кездескенде, олар бізді жұмысты аяқтаймыз деп сендірген еді, бірақ мектептер бітпеген. Бұл жерде шаруашылық қызметтің, бақылаудың жоқтығы ғана емес, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері де бар. Сондықтан, бұл нысандардағы құрылыс жұмыстарына қатысты облыс прокуроры мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының басшысынан құқықтық баға берулерін сұраймын, –деп аймақ басшысы облыстық білім, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармалары мен аудандардың әкімдерінің білім нысандарындағы жөндеу жұмыстарының барысын және олардың уақытында аяқталуын бақылауда ұстауларына тапсырма берді. Бұл ретте, әрбір объекті бойынша жауаптыларды бұйрықпен бекітіңіздер, – деді облыс әкімі.

Биыл Ақмола облысында жалпы саны 2448 орынды құрайтын 7 мектептің құрылысы жалғасуда. Біржан сал ауданының Бұланды, Сандықтау ауданының Петровка, Целиноград ауданының Жаңажол ауылдарында 80 орындық, Қосшы қаласында 1200 орынға арналған, Целиноград ауданы Өтеміс ауылында 120 орындық, Бестөбе ауылында 300 орындық, Көкшетау қаласында 588 орындық мектептер салынады. Биылғы нақтыланған бюджет бойынша оларға қазынадан 3,5 миллиард теңге қарастырылды, оның 2,535 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен, қалғаны Ұлттық қордан.

–Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Жол картасына сәйкес жаңа оқу жылына дейін 6 мектеп пайдалануға беріледі. Ал, Көкшетау қаласындағы 588 орындық білім ордасының аяқталуы кестеге сай 2025 жылға жоспарланған. Сонымен бірге, екі мектептің құрылысын аяқтауға кедергі келтіретін түйткілді мәселелер бар. Мәселен, Бестөбе кентіндегі 300 орындық мектептің құрылысын аяқтауда 602 миллион теңге қаржы тапшылығы орын алған, қазіргі уақытта облыстық бюджетті нақтылау үшін өтініш берілген. Екіншісі, Қосшыдағы 1200 орындық мектепті салар алдында жер телімін ресімдеу бойынша кемшіліктер жіберіліп, жер учаскесі шекарасын белгілеуде проблемалық мәселе бар. Ғимарат аумағының белгілі бір бөлігі жеке меншікте тұрған көрінеді және электр желілерін орнатуда да олқылықтар кеткен. Жоғарыда айтылғандардың негізінде проблемалық мәселелер шешілгеннен кейін,  басқарма ағымдағы жылы 6 мектепті пайдалануға беруді жоспарлап отыр, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Марат Әубәкіров.

–Нысандардың сапасы мен уақытында тапсырылуы маңызды. Біз өз тарапымыздан міндетімізді толық орындаймыз. Жақында ситуациялық орталық құрып, жұмыс барысында кедергілер болса, дереу анықтап, туындаған мәселені бірге шешетін боламыз. Сіздердің басты міндеттеріңіз – жұмыстың сапасы мен уақытылы орындалуы. Жаңа тағайындалған прокурор бәрін тексерістен өткізіп, бақылауда ұстайды. Жұмысты адал атқаратындарыңызға сенемін. Ешкім жұмыстарыңызға заңсыз араласып, заңсыз талап қоймайды. Бірақ, қадағалап отырамыз, – деп мердігерлерге қарата өз сөзін аяқтады облыс басшысы.

Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар