Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Азаматтық қорғаныс саласы жас офицерлермен толықты - АРҚА АЖАРЫ

Азаматтық қорғаныс саласы жас офицерлермен толықты

Өткен сенбі күні Абылай хан алаңында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының кезекті түлектерінің оқу бітіріп, диплом алу салтанаты болып өтті. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, ата-аналар мен БАҚ өкілдері  қатысты.

Салтанатты шараның барысында Төтенше жағдайлар министрі және облыс әкімінің қатысуымен академияның 137 жас офицері мен ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистранттарының алғашқы түлектеріне дипломдар мен лейтенант шендері табыс етілді. Әрі қарай өз кезегінде Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов  жас лейтенанттарды академияны сәтті аяқтауымен, бірінші офицерлік атақ алуларымен құттықтап, «Рухтың төзімділігін сақтап, батылдық танытып, Отан қорғаушы атағына лайық болуларыңа тілектеспін», – деген лебізін жолдады.

– Елге, Отанға адал қызмет ету үлкен мақсат. Әрі Азаматтық қорғаныс кадрларын даярлау да маңызды міндет. Ақмола облысы еліміз үшін ғана емес шетелдер үшінде құтқарушыларды дайындайтын осындай бірден-бір оқу орны  болып табылады. Жылдан-жылға ең қабілетті әрі дарынды, физикалық тұрғыдан мықты жастар академия курсанттарының қатарына қосылу үшін біздің аймаққа ұмтылады. Құрылған сәттен бастап академия қабырғасында 6 мыңға жуық білікті мамандар даярланып, 14 мыңнан астам қызметкер өз біліктілігін арттырды. Жоғары оқу орнында қалыптасқан нағыз ержүрек мінез төтенше жағдайлар қызметінде көптеп көрінеді. Академия түлектері өздерінің қызметтік міндеттерін лайықты орындайды. Олар тек елде ғана емес, шетелде де төтенше жағдайларды жоюға қатысады.Биылғы су тасқыны кезінде курсанттар батылдық пен адалдықтың нақты үлгісін көрсетті», – деді өз құттықтау сөзінде өңір басшысы Марат Ахметжанов. Сондай-ақ, іс-шара барысында су тасқынына қарсы жұмыстарға белсенді қатысқан курсанттар Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

– Бүгін біз, академия қабырғасындағы курсанттар оқуымызды аяқтап, үлкен өмірге қадам басып отырмыз. Құтқарушы мамандығын таңдау әрбір курсанттың өмірініңмәні болды деп білемін. Лейтенант шеніндегі жас түлектер азаматтық қорғау жүйесінің дамуына бар үлесімізді қосып, үміттеріңізді ақтаймыз деп уәде беремін. Осы сәтті пайдалана отырып, академияның оқытушыларына, басшылығына біліктілігімізді арттырып, отансүйгіш азамат ретінде тәрбиелегені үшін алғыс білдіремін, – деп бітіруші түлектердің атынан лейтенант Мейрамбек Маралбекұлы сөз сөйлеп, оқу орнынан түлеп ұшқалы отырған жас офицерлердің алғысын жеткізді.

Сонымен бірге, академияны бітіру рәсімін өткізу дәстүрлерінің бірі жоғары оқу орнының жауынгерлік туымен қоштасу болып табылады. Оған қоса, осы күнге орай, Қазақ КСР еңбек сіңірген Өрт сөндіру күзетінің қызметкері, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Ардагерлер кеңесінің бірінші төрағасы, полковник Нұрпейіс Ақпаровтың отбасының бастамасымен 2022 жылы тағайындалған жыл сайынғы атаулы Ақпаров стипендиясы Үздік түлекке табыс етілді.

Салтанатты шара соңында түлектер офицерлер вальсін билеп, соңғы рет жалпы курсанттық сапта салтанатты шерумен жүріп өтті.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар