Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндап, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Биыл облыстың бірқатар аймақтарында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Бұдан Атбасар ауданы да тыс қалмады. Қазір зардап шеккен атбасарлықтар уәде етілген баспананы күтіп отырса, үйлері жөндеуді қажет ететін басқалары қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті.
– Есепті кезеңде өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 9 миллиард 504 миллион теңгені құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңінен 3 пайызға жоғары. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3 миллиард 799 миллион теңге, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға төмен. Егін науқанына дайындық мәселесі маңызды болып қала береді, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін жер көлемі 451,7 мың гектар аумақты құрайды.Жетекші дақыл бидай болып табылады, ол 347 мың гектар аумақты алып отыр. Бүгінгі таңда 412,5 мың гектар жер жыртылды. Көктемгі егіс жұмыстарына 2986 ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдықтары жұмылдырылды. 2023 жылы аудан аграршылары 9 миллиард 36 миллион теңгеден астам сомаға 160 жаңа техника сатып алғанын айта кеткен жөн. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3 миллиард 954 миллион теңгені құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға жоғары. Инвестициялар ауыл шаруашылығы техникасын, құрал-жабдықтарды сатып алуға, тұрғын үй құрылысына, орталық қазандықты қайта жаңартуға бағытталды, – деді өз сөзінде аудан әкімі.
2017 жылы су басқан 127 үйдің тұрғындары қоныс аударуды бірнеше жылдан бері күтіп жүргені белгілі. Биыл олар тағы да су астында қалды, сонымен қатар, су тасқынынан кейін тағы 77 үй қауіпті деп танылыпты. Облыс басшылығының арқасында құрылысты қаржыландыру мәселесі шешілді. Аудан әкімдігі мен «Асар Ақмола» қоғамдық қоры арасында жасалған меморандумға сәйкес, төтенше жағдай барысында зардап шеккен отбасыларға240 миллион 700 мың теңгеге38 үйсатып алынды. Үйлері апатты деп танылғандар15 тамызға дейін салынып жатқан 100 пәтерлі екі үйге көшіріледі. Бұдан басқа, ауданда осындай жағдайдың қайта туындауына жол бермеу мақсатында Жабай өзенінің арнасын құмды шөгінділерден тазарту бойынша жұмыстар жоспарланған, сондай-ақ, Жабай өзенінің арнасын тазарту және тереңдету мақсатында құны 87 миллион теңге тұратынжер снарядын сатып алу жоспарлануда.Сондай-ақ, биыл 15 жұмыс орнын құру арқылы тоғыз миллиард теңгеден асатын сегіз инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл тауарлы-сүт фермасы, 106 пәтерлік тұрғын үй, теміржол тұйықтары бар астық қоймалары, элеватор және тағы басқа жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.
Жыл сайын көктем мезгілінде су басатын Атбасар қаласындағы №1 мектепті өзеннен әрірек, басқа жерде жаңа мектеп салу жоспарда бар ма деген сауалымызға:
– Мектеп салу немесе көшіру жоспарда жоқ. Жабай өзенінің арнасын балдырлардан, қоқыс пен лайдан тазартып, топырақ бөгетті нығайту мәселесін жүзеге асырсақ, негізінен су басу қаупі болмайды, – деп жауап берді аудан әкімі. Ал, қалдықтарды сақтау және өңдеу мәселесі қалай шешіліп жатыр деген сауалымызға Аманбек Қалжанов «Қоқыс алаңдарын заңдастыру Атбасар өңірінің ғана емес, бүкіл елдегі мәселе. Расында да, 16 сынақ алаңының әзірге үшеуін заңдастырдық: екі ауылдық округте және қалада. Қаржы ресурстарының жоқтығынан басқаларды заңдастыру кешіктіріліп жатыр. Сондықтан, әр елді мекенге кәсіпкерлік субъектілерін тартып, осы мәселені бірлесіп шешкіміз келеді» деді.
Ауданда мемлекет басшысының тапсырмалары аясында қолданыстағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жүйесін жаңарту, су құбыры мен кәріз желілерін, жолдарды салу жұмыстары жүргізілуде. Сочинское, Полтавка, Магдалиновка, Хрящевка, Родионовка және Калиновка сияқты алты ауылдық округте су құбыры желілерінің құрылысы жүргізілуде, жобалар ағымдағы жылы аяқталады. Новосельское ауылында су желілерін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Атбасар қаласын жылумен қамту жүйесінің тозғанын, яғни, шамамен 70 пайызды құрайтынын ескере отырып, бұл мәселені шешу үшін бірқатар жобалар қарастырылған.Аудан әкімінің айтуынша, 2024-2026 жылдар аралығындағы іске асырылатын, құны сегіз миллиард теңгеден асатын қалалық орталық қазандықты қайта жаңғырту жұмысы жоспарлануда. Сондай-ақ, бес жүз пәтерлік тұрғын үйді қосуды ескере отырып, жылу желілерін қайта жаңғырту және салу жұмыстары жүргізілмек.
Жол инфрақұрылымына келетін болсақ, аудандық маңызы бар Атбасар – Қима – Жақсы – Державинск және Атбасар – Сочинское жолын орташа жөндеу, сондай-ақ, Атбасардағы жол желісін ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарлануда.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.