Батырлардың даңқы мәңгілік

Жуырда Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық даму орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің  ұйымдастыруымен Кеңес Одағының Батыры,  Халық Қаһарманы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат  Нұрмағамбетовтың  100 жылдық  мерейтойына орай, «Батырлардың даңқы мәңгілік» атты әскери-танымдық іс-шарасы өтті.

«Болашақ» сарайындағы алқалы жиынның мақсаты даңқты жерлесіміздің еңбегін жас буынның санасына дәріптеу болып табылады. Сондай-ақ, жастардың патриоттық санасын оятуға, тұғырлы тұлғаның жауынгерлік ерлік жолын өскелең ұрпаққа насихаттауға бағытталған игі шараға облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев, «Қазақстан Республикасы  Қорғаныс  күштері» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиал төрағасы, запастағы полковник  Жанат  Ережепов, облыстық «Ауған соғысының мүгедектері мен ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Дуанбай Ыбырай,  Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы 5510 әскери бөлімінің  тәрбие  және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бөлімі бастығының  көмекшісі, майор Думан Кәрібаев, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Ақмола облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі   ардагерлермен жұмыс қызметінің бастығы, майор Айдос Әбілтаев, Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының әлеуметтік-гуманитарлық пәндер, тілдер және психологиялық дайындық кафедрасының аға оқытушысы, азаматтық қорғау  капитаны Арман Рахым және зиялы қауым өкілдері мен курсанттар қатысты.

Тағылымды шара басында жиналғандарға Сағадат  Нұрмағамбетовтың өмірбаяны туралы қысқаметражды бейнефильм көрсетілді. Жастайынан зеректігімен, оқуда озат болуымен бірге, дала жұмысына да ысылып, төселген Сағадат ауыр еңбектің салмағын ерте сезінеді. 8 жасынан әке-шешеден айырылған боз баланың бұғанасы беки бере, бар сүйеніші Сағит ағасында сұм соғыс жалмайды. Міне, осылай Халық Қаһарманының ерлікке толы өмір жолы басталады. Жауынгер бабаларындай сұрапыл майдан даласындағы жау әскерін жойған көзсіз ерліктерімен, соғыстан кейінгі жылдардағы басқарушылық қызметі, елі үшін істеген еңбектері баяндалған бейнефильмнің рухты тұлғамыз жайлы берері көп. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерін ол өзінің «Отты жылдардан Егеменді армияға дейін» атты еңбегінде: «Бұл кезеңде маған екі қызметті «Ардагерлер, мүгедектер және әскери қызметкерлер ісі жөніндегі комитет» пен «Ардагерлердің Республикалық кеңесінің» төрағалығын қатар атқаруға тура келді. Сонымен қатар, маған солдаттар мен олардың ата-аналарының шағымдарын қараужөніндегі арнайы комиссияның жұмысын басқару тапсырылды. Армияменде байланысымды үзбей, шын мәнісінде күн сайын, сағат сайын Қарулы Күштер өмірінің көкейкесті мәселелерімен айналысумен болдым», – деп жазады. Осы іскерлік қызметтердің нәтижесінде тәуелсіз Қазақстанның Қорғаныс министрлігі құрылып, Сағадат Қожахметұлының басқаруында еліміздің әскери әлеуеті қарыштап, дамып, қалыптасқан еді.

Сонымен бірге, іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы мен  «Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі Әскери-техникалық мектебі» Щучье филиалының курсанттары  арнайы дайындаған «Ел қорғаны – Жас сарбаз» тақырыбындағы бейнероликтер ұсынылды. Онда жас сарбаздар мен Отан қорғаушылардың әскери дайындық жаттығулары, патриоттық тәрбиедегі іс-шаралары, төтенше жағдай кезіндегі алдын алу шаралары, қару қолдану шеберліктері көрсетілді.

– Қазақ елі әрдайым асыл ерлері мен батыр бабаларын, белгілі тұлғалар мен мемлекет қайраткерлерін, еліне еңбегі сіңген ардагерлерін құрметтеп, қастерлеген халық. Бүгінде, міне, ерлігімен қан майданда көзге түскен батыр бабаларымыздың бірегейі Сағадат Нұрмағанбектовқа арнайы құрмет көрсетіліп отыр. Осындай халық қаһарманының тағылымды өнегесі келешек жастарға рух береді, – дей келе, Сабырхан Мейірханұлы өз сөзінде Ақкөл қаласында ашылған кейіпкеріміздің асқақ ескерткішін тілге тиек етіп, осындай іс-шаралардың жоспарлы түрде жалғасатынын атап өтті. Және де шараға арнайы шақырылған спикерлер де сөз сөйлеп, ұлы тұлғаның үлгілі істерінен, толғамды ойларынан, ғибратты ғұмырынан деректер келтірді.Жиын барысында жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған «Ел қорғаны – жастар» тақырыбындағы бейнероликтер байқауына белсенді қатысқан курсанттар мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өткізілді.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар