Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Сабыр түбі – сары алтын» - АРҚА АЖАРЫ

«Сабыр түбі – сары алтын»

Теледидардан «Қосылайық», «Бір болайық» бағдарламаларын көріп отырсам, қыздар жағы ата-енесімен бірге тұрғысы келмейді екен. Себебі белгілі, бұрынғыдай емін-еркін жүріп-тұру бола қоймайды. Жеке тұрған өте қолайлы екендігін біледі. Араға түсетін енесі жоқ қасында. Өздеріне сенімді қыздар ғана ата-енесімен тұрғанды қалайтын көрінеді. Расында да, ата-енесімен тұрса, көп нәрсені көзі көріп, үйренеді емес пе?! Отбасы болудың қыр-сырларынан сабақ алады. Әрине, егер жақсы отбасына тап болса. Ал, бәрі бірдей жақсы жанұялар бола бере ме?

Содан қорқақтай береді ғой, әр үйдің әлпештеп өсірген ерке қыздары. Ұлдарын қызғанатын аналар да жоқ емес. Көрінген нәрсені сылтау қылып, текке тиісетіндер де бар ғой. Ұлымды маған қарсы қоймасын деп, әр басқан ізін бақылап отырады. Бұндай қысымға шыдамаған келіндері бірге тұрғанды қайтіп ұнатсын. Баласы болса анасына қарсы келмей, екі ортада отқа қалатын жағдайлар да жоқ емес. Босанған келіндері әр жолы қыз туып жатса, тағы бір  сылтау табылады десеңші. Мұны да ұнатпайтын кей енелер қыз тудың деп келіннің мазасын ала бастайды. Неге десеңіз, көбі әлі күнге дейін ұл-қыз туу жалғыз әйелге байланысты емес, ерге де байланысты екендігін біле бермейді. Сол себепті, қыз туа бересің деп ажырасып жатқандар да жоқ емес. Ал, солар, кейбір енелер, күйеулері де «сабыр түбі – сары алтын» екендігін неге ескермейді?! Өмірде бес, тіпті алты-жеті қыздан кейін де көптен күткен ұлдары дүниеге келіп, дегендері болған отбасылар бар емес пе? Тіпті, жуырда отасқаннан кейін 11 жыл дегенде кішкентай сүйіп, армандарына жеткен, «баламыз жоқ» деп айырылысып кетпеген, Алладан тілеулерін тілеп, бір-бірін бұрынғысынша сүйіп келген ерлі-зайыптылар туралы естіп, бірге қуандым.

Алматылық ғалым Салтанат Байқошқарова осы саланың маманы. Бір сөзіндесоның бәрін дәлелдеп айтқан болатын. Осыны білмегендіктен, «сүйдім-күйдім» деген қасиетті сөз қайдақалды?! Біреудің әлпештеп өсірген қызын қорлап, жіберіп жатады. Ер азаматтар өз бойындағы кемістікті басқаның бойынан іздегені дұрыс па?..

Әйелі бала көтермесе, кім кінәлі? Әйел кінәлі болады. Олдұрыс па, бұрыс па, оған көңіл бөлмейді.Ондайда бәрінен бұрын дәрігерлік көмекке жүгінгендері жөн емес пе?.. Осы орайда, тағы бір өмірден алынған мысал. Қазіргі эстрада әншілерінің бірінің анасы баласына үйленуге бір қызды көрсеткен ғой. Әнші жігіт ол қызды ұнатпай, бір күні өзі бір қызды көріп, сүйіп қалады. «Іздегенім сен екенсің» деп, тойды да тездеттіріп жіберіпті. Содан уақыт жылжи келе, бір перзентсіз он жыл өтеді. Анасы да, өзі де шыдамдылық танытып, ақыры, ол жігіт те балалы болады. Міне, нағыз сүйіп қосылған деп осыны айтсаңшы. Ал, басқаларға қарасақ, келіншегі не келіні бір-екі жыл бала көтермесе болды, секеммен қарайды. Әлгі қаңқу сөздің басы қылтияды.

Кешегі Кеңестер Одағы кезінде орыс мәдениетін қабылдадық. Енді оған бізді ешкім мәжбүрлеп жатқан жоқ, өз алдымызға  тәуелсіз елміз. Айталық,болашақ күйеуі қызға үйленуге ұсыныс жасағанда, соны тізерлеп тұрып білдіру бізде жоқ қой. Сонда да еліктеушілікті қоймаймыз. Қайта үдетіп жатырмыз. Айталық, перзентханадан нәрестені алып шығарда еріп барған әйелді «кіндік шеше» деп атау дұрыс па? Бала туғанда кіндігін кескен әйелді «кіндік шеше» демей ме?! Перзентханаға апара жатқанда әйел жол-жөнекей туып қалса, не басқа бір қысылтаяң жағдайларда, әйел адамдар болмаған сәттерде ер азаматтар да амалсыз баланың кіндігін кесіп, «кіндік әкесі» атанады.

Жалпы, қазақта ырым-жырым деген көп қой. Соның басым негізіне «ата-бабаларымыз қандай  ақылды, парасатты болған» деп таңдай қағамыз. Ал, шыдамсыздық, сабырсыздық біздің ұлтқа бұрыннан жат. «Ақырын жүріп, анық бас», «арбамен қоянды аларсың» деген мақал-мәтелдер соның айқын айғағы. Сондықтан, жаңа үйленген жастар нәрестелі бола алмай жатса, асықпай, алып-ұшпай, артының жақсылығын тілейік. Алла өзі сүйген құлына береді. Оған өмірдің өзі талай көз жеткізіп отыр.

Сонымен бірге, бүгінгі тұрмысқа шығатын қыздардың да қайын атасы, қайын енесімен тұрғылары келмейтіні де дұрыс емес. Айналамызға көз салсақ, ата-енесінің екі қолын жылы суға салып, дұрыстап күтіп, алғыс арқалаған қаншама қазақтың тамаша келіндері бар. Бұл арада бар мәселе тәрбиеде, келін болудың мәнін түсінуде жатыр. Сондықтан, келін түсірген ененің де, бір үйге бақ боп қонған келіннің де бәрін ақылға салып, сабырлы да орнықты болғанына не жетсін. Өз басым, әр отбасында қайын ене мен келін, ерлі-зайыптылар арасында толық түсіністік болғанын қалар едім.

Бақытқали БІЛӘЛҰЛЫ,
зейнеткер ұстаз. 

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар