Екі дүниенің сардары, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Кімде-кім Алланың разылығы үшін мешіт салса, Алла тағала ол адам үшін жәннаттан үй тұрғызады» делінген. Ежелден жүрегіндегі имандылықты бақыт еткен бабаларымыз дін мен салт-сана, әдет-ғұрыпты тең ұстап, асыл дініміз Исламның кең қанат жаюына өзіндік үлесін қосып келген еді. Қай заманды алып көрсекте, мешіт, медресе салған тұлғаларымыз іздемей-ақ табылады. Бүгінде «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегендей, байырғы баба ісін жалғап, иман нұры төгілер Алла тағаланың жердегі үйін салып жатқандар аз емес. Сөзіміз дәлелсіз болмас үшін кеше облыс орталығындағы Бірлік шағын ауданында ашылу салтанаты өткен Етекбай молда мешіті туралы айтып өтейік.
Қаланың орталығындағы Науан хазірет мешітіне қатынап, құдайға құлшылығын өтеп жүрген аталмыш аудан жамағаттары үшін бір мыңға жуық адам кең сыятын, асханасы жеке орналасқан бұл зәулім мешітті «Жақыпов» құрылыс серіктестігінің директоры, ұлтын ойлаған арда азамат Сайран Нығметжанұлы Жақыпов салып берді. Хан көрген, Науан хазіреттей ұлыны көрген көрікті Көкше өңіріндегі діни орынның ашылуына арнайы Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы, қоғам және мемлекет қайраткері, Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі Жабал Ерғалиев, Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса және зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, діни қызметкерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.
– Бұл мешіт әуелі Алланың ризалығы үшін салынды. Бірлік шағын ауданының мұсылман жамағаты намаз, құрандарын оқысын, сауаптары тисін деген ниетпен ашып бердік. Мешіттің 2022 жылы желтоқсан айында алғашқы іргетасы қаланған. Өткен жылы мамыр айында құрылыс жұмыстары басталып, міне, бір жыл дегенде аяқтадық. Бұны отбасымыздың және жеке компаниямыздың қаражатымен салдық. Оның бағасы, шығыны мақсат емес, тек қана жүрегіміздегі имандылыққа деген ниетімізбен тұрғыздық. Осы жерде 1990 жылдары менің әке-шешем тұрған, балаларым ойнап, ер жеткен. Өкініштісі, осы мешітті салуды армандап жүрген ұлым Мақсат өмірден өтіп, басымыздан қайғылы жағдайды кештік. Сондықтан да, бір жағы сол баламның өсиетін, орындалмай қалған арманын орындап, әкелік парызымды өтеп жатқан жайым бар, – деді мешіттің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Сайран Жақыпов. Шара аясында қонағын құрметтейтін ежелгі дәстүр бойынша Сайран ағамыз Елордадан келген қадірлі бас мүфти Наурызбай қажының иығына қазақы шапан жауып, құрмет көрсетті.
– Алла тағаланың үйін салып берген Сайран ағамызға Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының атынан және өз атымнан айрықша алғысымды айтып, риясыз ризашылығымды білдіремін. Қандай керемет! Шынайы махаббатпен, ықыласыңызбен мешіт тұрғыздыңыз. Алла тілегіңізді қабыл етсін. Алла тағала қасиетті Құранда «Әлбетте, Аллаға иман еткен, ақыретке иман еткен, намаз оқыған адам, зекет берген адам, Алладан басқа ешкімнен қорықпаған, Алла тағаланың үйін тұрғызған адам Алланың жолында, тура жолда» дейді. Қадірлі жамағат, «Мешітті көркейтеді» деген аяттағы сөзге ғалымдарымыз екі түрлі түсінік береді. Бірі, мешітті тұрғызу болса, екіншісі мешіттің ішінде намаз оқып, құлшылық жасап, зікір еткен адамдар. Яғни, мешітті тұрғызғандарды да, мешітке келіп құлшылық еткендерді де Алла тағала Құрани кәрімде мақтап жатыр. Алла осындай дәрежені мешіт салған Сайран ағамызға, жамағат болып келген сіз бен бізге нәсіп етсін, – дей келе, Наурызбай қажы Тағанұлы жаңа ашылған мешітке Діни басқарманың атынан Құран аяттарымен әспеттелген сағаты бар үлкен, көркем туындыны сыйға тартып, барша қауымды Құрбан айт мейрамымен құттықтады.
Сондай-ақ, әрі қарай сөз сөйлеген Жабал Ерғалиұлы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың құттықтау хатын оқып берді. Құттықтау сөзінде аймақ басшысы «Мешіт салу, әлбетте адамдарды имандылыққа баулумен бірге, жанымызды тазартып, ата-баба рухын қастерлеуге, ұрпақ сабақтастығын жалғастыруға жігерлендіреді» деп осы игі жұмысқа мұрындық болған Жақыповтар әулетіне алғысын білдіріп, отбасына аманшылық тілеген.
Оған қоса, аймағымыздың дамуына үлес қосқан бұрынғы облыс әкімі, қазіргі Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев құттықтау хат жолдап, Сайран Нығметжанұлына және қадірлі Көкшетау жұртшылығына дегеныстық лебізін білдіріпті. Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса да жұртшылық алдында сөз сөйлеп, салтанатты шарамен және келіп жеткен Құрбан айт мейрамымен барша ақмолалықтарды құттықтады.
Сонымен бірге,осы айтулы оқиғаға орай, түрлі спорттық сайыстар, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, оған көптеген жастар қатысып, белсенділік танытты. Атап айтсақ, асық ату, әр түрлі жас аралығында қазақ күресі, нағыз қара күштің жігіттеріне арналған машина сүйреу бәсекесі өткізілді. Аталған жарыстар бойынша жүлделі орын алған спортшыларға ақшалай сертификатпен дипломдар тағайындалып, оларды күрес пен самбодан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт ардагері Мәлгаждар Омаров, Ақмола облысы мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов, Ақмола облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов, Көкшетау қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, Біржан сал ауданының құрметті азаматы, өлкетанушы Мұратқажы Ыдырысұлы тапсырды.
Осы ретте, бір сүйсінерлік жай, белгілі кәсіпкер әрі меценат Сайран Жақыпов бұлжолы көкшетаулық жамағатқа іші-сырты кірсе шыққысыз, әсем мешіт үйін ғана сыйға тартып қоймай, Алла үйі қоныс тепкен Бірлік шағын ауданының балаларына әртүрлі спорт алаңдарын да қоса тұрғызып, халықтың шексіз алғысын арқалады. Көптен «шіркін-ай, бір мешіт!» деп жүрген бірліктіктер, ондағы негізінен өз ұлтымыздан құралған қалың ағайын сосын да бұл қуаныш үстінде құрқол қала алмай, өздеріне осындай ғажап тарту жасаған Сайран бауырларының иығына шапан жауып, сый-сияпаттарын жасады. Ал, салтанатты шараны жүргізген белгілі айтыс ақындары Арман Бердалин, Әлібек Серғалиев қазақ сөзінің құдіретін танытып, бұл ұлық күнді көркем сөзбен шырайландырудан бір танбады.
Жалпыға шапағаты тиер, адам баласы имандылыққа ұмтылып, ізгілікті, сауапты амалдар жасайтын киелі орынның ашылуы еліміздегі діни көзқарастың тұрақталуына, өңіріміздегі мұсылмандардың көбейіп, асыл дініміздің кең қанат жаюына оң әсерін тигізеді деген үміттеміз. Қорыта айтқанда, арманда кеткен ұлының өсиетін іске асырған Сайрандай абзал әкенің игі ісі мәңгілік жалғаса түсетін ұлық дініміз бен ұрпақтар сабақтастығында өзінің лайықты орнын алары анық.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
***
Құдайберлі МЫРЗАБЕК
Қабыл болсын ғибадатың ұлықтаған Алланы
(жаңа мешіттің ашылу салтанатында оқылған өлең)
Құтты болсын жаңа мешіт, Жаратқанның жаңа үйі,
Азан тыңдап өссін елдің бесіктегі сәбиі.
Адасқандар жолын тапсын, раббысына бет түзеп,
Көктен Айса түспей тұрып, келмей тұрып Мәһдиі.
Көк күмбезге күн шағылып, жарқыраған айшығы,
Көкшетау ма деп қаласың жердің Жиделі-Байсыны.
Бұрынғылар өткен болмай мешіт салар мұршасы,
Қудаланып жатқан кезде «ұлтшылы» мен «байшылы».
Байдың малы көздің құрты, жалаңбұттар жалмаған,
Қамыс сауып тозған халық, ашатұяқ қалмаған.
Ет тірлігі еңбегімен адал терін төккенді,
Алласына шүкір етсе, сөгетұғын бар ма адам?!.
Алла өзі жарылқайды сынға салған пендесін,
Пайғамбарлар ғұмыры ғибрат, тағдырларын бермесін.
Мұхаммедәли, Кусто, Мор мен Тайсондар,
Алласына сәжде етіпті, құдіретін көргесін.
Хақтың жолы тек адалдық, тек әділдік, арға сын,
Науан хазірет жер айдалған, діннен тартпай нар басын.
Доштай қажы, Сәтбай қажы Көксеңгір мен Ереймен,
Жұртын бастап күн туғанда атқа қонған, ол да шын.
Кенесары Қарнақта оқып, Айқожаны пір еткен,
Құран ұстап қасам ішіп, исламды ту еткен.
Абай хәкім: Өзі де рас, сөзі де рас Алланың,
Жаннан тәтті сол Алланы сүй, – деп айтқан жүрекпен.
Ей, Көкшенің жамағаты, хазірет пен хан көрген,
Раббың үшін не жасадың, сәулесімен жан берген.
Аллаң үйі ашылғанда, ашылып тұр мүмкіндік,
Тұрып келе алар кім бар от жақпайтын тар жерден?!.
Әр құлына нәсіп берген, ырыс берген сұралар,
Садақаңды сауыңда бер, шашылғаның құралар.
Мырза атанған бабалар көп, хақтың жемей хақысын,
Берекесі бүгінгінің амал, сауап, дұғалар.
Сайран мырза салған мешіт, өсиеті ұлының,
Әр кірпішке сіңірді ол жүрегінің шырынын.
Жұбанышы, уанышы келіні мен жарының,
Алласының алғысы үшін шүкірі бұл құлының.
Атасының атын берді, молда Етекбай жарықтық,
Ұрпағына тілеген ғой бес уақытын сарып қып.
Сайран салған тұрғын үйлер көпке қоныс, қуаныш,
Еңбек емес дей алар кім, соның бәрі халықтық!
Ақсақалдық атқа лайық, азаматтық әр ісін,
Жақыповтың жақсылығын жамағат та танысын.
Мақсат атын әр намазда ұмытпасын муминдер,
Немерелер келеді өсіп, дұға етіңдер, дарысын.
Құрбан айттың қуанышы бүгін Көкшетаудағы,
Ойын алаң, стадион, көгал бақша-баулары.
Сайран мырза тарту етті, иесі өзің, жамағат,
Қабыл болсын ғибадатың ұлықтаған Алланы,
Сайран досым, Мақсатыңның орындалған арманы,
Құтты болсын, Аллаһу акбар, абат болсын аумағы!