Ізгілік адамгершіліктен  басталады

Мен Алпысбай Қасымов ағаны көптен білуші едім. Бірақ, журналист ретінде азды-көпті еңбегін баспасөз бетінде жариялаудың реті келмей жүрген. Бұған ол кісінің өзі кінәлі. Әрі-бері сөзге тартып көрсем, үнемі жұмысбастылығын алға тартатын. Қырық бес жыл дәрігерлік қызметте болып, зейнетке шықса да уақыты болмайтын адамның болатынын осы кісіден көрдім. Қаланың «Хасенов коттеджі» ауданындағы (базары деп те атайды) қонысында болғаным бар. Өзгелерден қалыспайын дегені ме, намысқой ағамыз біз түсінбейтін жобамен коттеджге келіңкірейтін үй салып алған. Үнемі солай ма екен, әлде мен үстінен түсемін бе, әйтеуір қолынан қалағы, күрегі түспейтін. Әйткенмен, мәселе жұмысбастылықта ғана емес екенін түсінемін. Бұл кісіде еңбегін алға тартып, кеуде соғу деген жоқ.

Астанадағы ем-домы ауырлау тиді ме екен, ақыры өзі шақырды. Зәулім үйдің үлкен бір бөлмесін жеке иемденіп алған. Қазір қабырғаға кілем де ілмейміз ғой, ол кісінің төрт бұрышы тарихи тұлғалардың, ата-анасының, үрім бұтағының фотосуреттеріне, елішілік сирек құжаттар мен қолға түсе бермейтін кітаптарға сыңсып тұр. Алғыс хат, құрмет грамоталары, марапат қағаздарының бірі жоқ. Бұның барлығы бер жағы екенін де түсініп тұрмын. Баяғылар айтады екен, «Үйде домбыра мен әбдірә болсын» деп. Ағамыз архивін ақтарып жатпады. Қолыма кәдімгі мектеп оқушыларының көк дәптерін ұстата салды. Бар болғаны былай деді: «Ізгілік пен із».

Міне тақырып. Енді оны сөйлетудің қажеті жоқ еді.Маған осы «ізгілік пен із» егіз ұғым болып көрінді. Ізгіліктің мәні түсінікті. Оның үстіне Алпысбай ағамыз ізгілікпен дәріптелетін дәрігерлік қызметке бүкіл өмірін арнаған адам. Мәселе жұмысқа барып келуде ғана емес. Бұлай десек, ізгілік қалыптаспайды. Көкдәптердің соңғы бетінде мынадай сөздер бар екен: «Міне, біз де сексеннің ауылына араласып кеттік, – деп бастапты ардагер аға. – Азсынатын да, көпсінетін де жағдай емес. Жаратқанға тәубе қыламыз. Мәселе, басып өткен жолдардың қайда алып келгендігінде. Бүгінін биіктетпейтін адам жоқ. Кешегіні де күстәналап тастай алмаспыз. Қалай десек те, бүгініміз ыстық. Іргеміз сөгілмеген Тәуелсіз елміз. Халық ырыздығын теріп, үрім-бұтағын алаңсыз өсіріп отыр. Осының бәрін бір ауыз сөзге сыйдырып айтамыз. Өйткені, өресі терең елде астамшылдық болмайды. Әрине, халық пен адам талайында тақтайдай сүрлеу жоқ. Күркірей де, дүркірей де күн кешетін сабақтастық бұл. Биік мақсаты, байыпты бағыты бар ел ешқашан адаспайды. Адаспадық та. Бірақ, жеңіл келген дүние бар ма? Жұлдызды сәттердің қымбаттығы да сонда». Әнеки, әлгі із ұғымы, яғни, жүріп келе жатқан жолыңыз, ғибрат тәліміңіз осы сөздерге жымдастырылып, жинақталып тұр-ау! Өмір жолын осынау әзиз ұғымға бағыттаған адамның бірі Алпысбай аға екендігіне шәк келтіре алмайсыз.

Ізгілік жолы қалай басталып еді? Көк дәптер осыны айтады екен. Қалам өзімдікі деп шалқия шарықтау, оны-мұны қосып қалықтау деген жоқ. Қарапайым ауыл тіршілігі, кеңқолтық пейілі, қырқыншы жылдардағы балалар тағдыры көз алдыңа келе қалады.Бәрін қамти алмасақ та осы ізбен біз де жүріп көруді жөн көрдік. Алпысбай Ахметжанұлы 1944 жылдың сәуір айында қазіргі Тайынша ауданының Аққұдық ауылында туған. Соғыс жылдарындағы ауыртпалықтарды белден кешкен жасөспірім 13 жасында әкеден айырылып, әкесінің інісі Ахметбектің қарауында болды. Ол кісінің де шиеттей балалары бар. Енді ол өзімен тетелес бес іні-қарындастарына анасымен бірге қамқорлық жасау тауқыметін мойнына ілген еді. Үлкендер қатарлы өгіз жегіп, кіре тартты, егін сеуіп, масақ терді, қауымның малын бағып, құрылыс ісіне де араласқаны бар. Тындырымдылығын байқағаны шығар, ауыл бригадирі тракторға отырғызғаны оны тіпті есейтіп жіберген.

Осы ретте, көк дәптерде, бозбалаға тәлім төккен бірнеше адамның аты аталыпты. Бұл орайда әке орнындағы Ахметбек, нағашылары Тәттібай, Сәттібайлардың есімі алдымен ауызға алынғаны түсінікті. Сондай-ақ, Социалистік Еңбек Ері Айсин Әлкеннің, Қазақстан мұғалімдері арасында тұңғыш Ленин орденімен марапатталған Есенбаева Жамал Сердалықызының, әйгілі Смағұл Сәдуақасовтың аталас інісі, учаскелік аурухананың бас дәрігері Нұрбек Сәдуақасовтың, акушер-фельдшер Ольга Васильевна Бургардтың, тағы басқа жерлес майталмандардың аты жазылыпты. Біз осы жерде медбике Александра Лейфридтің есімін бөлектеп айтқымыз келеді. Аққұдықтағы «Алабота» совхозының барлық тұрғыны алдымен осы кісінің қолынан ем алатын. Сол «Біздің Шура апай» Алпысбайың өмірінде алғаш рет білегінен жоғары бұлшық етіне сызып тұрып ешқашан өшпейтін «осьпа» салған. Өзінің сөзімен айтқанда: «менің дәрігер болуыма сол сызба құрал әсер еткен сияқты». Яғни, ізгілік ізі осы таңбадан басталғандай.

Жоғарыдағы пікірімізбен қабыстыру үшін, баянымызды көп созбай, Алпысбай Қасымовтың Алматыдағы медицина институтын бітірген бойда кіндік қаны тамған Аққұдықта қызметін бастағанымен жалғастырсақ деймін. Оның негізгі мамандығы – дәрігер педиатр. Бірақ, ауылдық жағдайда совхоздың 11 мыңнан астам тұрғынына кез-келген бағытта медициналық көмек көрсетуге тура келген. Бұл өте маңызды жұмыстың, жоғары білімді кадрдың тапшылығын айтпағанда, күрделі жағдайда жүргізілгенінен хабардар етеді. Саманнан салынған учаскелік аурухана санитарлық талаптарға сай емес еді. Ота жасайтын шағын үй ауруханадан алшақ орналасқандықтан, сырқаттарды зембілмен көтеріп жеткізетін. Қазіргідей «наркоз» беру, электро кардиограмма, R-аппараттары болмаған. Жедел көмекке зәру ауруларат арбамен, трактор немесе жүк машиналарымен жеткізілетін. Осы істердің қалың ортасына жас маман Алпысбай Қасымов алдымен жіберілетін. Ақтүтекте адасу, апшықуырар ыстықта аңқасы кебу, аударылған машинадан аман қалу сияқты тауқыметтің біразын көрді. Бірақ, бала күннен қиыншылықта шыңдалған жігіт діттеген көмекті көрсету үшін жанталас кешті. Қазіргі күні көптеген азаматтардың есімі Алпысбай екендігі ағамыздың еңбегіне берілген үлкенқұрмет деп қабылдаңыздар, қадірлі оқырман!

Осылайша, еңбек жолында тәжірибе жинақтап, мамандық қарымы толысар шақта учаскелік аурухананың бас дәрігері Нұрбек Сәдуақасов облыстың өзге өңіріндегі аудандық ауруханаға бас дәрігер қызметіне ауыстырылды. Енді Аққұдықтағы барлық шаруа жігерлі жас Алпысбай Қасымовқа жүктелді. Жұмысқа жан-тәнімен кірісті. Ауыл адамдарының көз алдында біртіндеп болса да игі өзгерістер, жақсы жаңалықтар бой көрсете бастады. Ол бас дәрігер болған 1969-1974 жылдар аралығында аурухананың жаңа ғимараты салынып, фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Дәрігерлік сала заманауи талаптарға сай медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Алғашқылар қатарындағы жедел жәрдем көлігі де осында болды. Аққұдық ұжымының медициналық саладағы сапалық көрсеткіштері үлгілі сипатқа айналды. Алпысбайдың еңбегі де еленіп, сол кездегі аудандық партия, кәсіподақ конференцияларына делегаттыққа, аудандық кеңес депутаттығына сайланды, Денсаулық сақтау министрінің құрмет грамотасымен, медальдармен марапатталды.

Дипломы бар, балалар дәрігері деген мамандығы бар адамның кәсіби тұрғыдағы армандары болатынын осы кісіден көрдім. Ол жан-жақтылықты, әртараптылықты қалайтын жан. Алға қойылған биік мақсаттың негізгісі – хирург болу екен.Бұл жерде Алпысбай Ахметжанұлының балалар дәрігері ретіндегі қызметінен мін таба алмайтынымызды айтқымыз келеді. (Әйтпесе, ауыл тұрғындары сәбилеріне оның есімін, ал қыз бала туса әйелі Сәуленің атын қояр ма еді?). Ендігі жерде ол білімінжетілдіру ісімен бас алмастан айналысты. Облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Далбай Оспановтың, облыстың бас хирургі Кельгеттің, бас акушер-гинеколог А.Байғаринның, бас терапевт К.Нұрмағамбетовтың қолдауымен республикалық, одақтық жетекші білім ордалары мен денсаулық сақтау орталықтарында білімін жетілдіріп, практикалық тағлымдамалардан өтті, арнайы сынақ тапсырып, хирург атанды. Өзінің қат-қабат шаруаларымен қатар, осы бағыттағы ізденістерді толық қамту айрықша табандылықты талап ететіні айтпаса да түсінікті. Мұны көк дәптердегі бір ғана сөзбен түйіндесек дейміз: «Іні-қарындастарымды оқытып, үйлендіріп, білім қуып шапқылап жүргенімде өзімнің де екі-үш балалы болып қалғанымды аңғармай қалыппын…»

Сөйтіп жүргенде, 1974 жылы облыс орталығындағы жаңадан салынып жатқан балалар ауруханасына хирург ретінде шақыру алған. Шақыруын шақыртса да құрылыс жұмыстары ұзаққа созылып, біраз жүріп қалды. Облыстық мекемедегі басшылар бұл әрі-сәрі жағдайды түсінсе керек, Алпысбай Көкшетау теміржол ауруханасына хирург болып тағайындалды. Жас маман қуанышты әрі өте жауапты сезім жетегінде еді. Өйткені, отанымызға шексіз табыс әкелетін, экономикамыздың күретамыры саналатын теміржолшылардың денсаулығын сақтауға, тораптық станцияларда, шағын разъездерде тұрып жатқан олардың отбастарына, бала-шағаларына медициналық көмек көрсетуге үлес қосу әсте оңай шаруа емес. Алпысбай кездескен қиындықтарды білімі мен біліктілігімен, жылдар бойы жинаған тәжірибесімен, кәсіби адалдығымен жеңе білді. Ол өз ісіне барынша берілген адамның ісі оңға басатынын дәлелдей алды.

Алпысбай Қасымов осы ауруханада қатардағы хирургтанбастап, бас дәрігер қызметін 20 жыл бойы мінсіз атқарды.Бұл ағамыздың кәсіби біліктілігі, бастамашылдығы, ұйымдастырушылық қабілеті, азаматтық келбеті айқын көрініс тапқан айшықты жылдар еді. Осы кезеңде жаңа құрал-жабдықтар сатып алынып, медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдайлар тудыруда қыруар жұмыстар атқарылды. Тіпті, ол еліміздегі жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, көптеген жас мамандарды жұмысқа шақыра білді. Бұнымен де шектелмей олардың Алматы, Киев, Қазан, Новосибирск, Новокузнеск, Минск қалаларындағы жетекші медициналық орталықтарда білімін жетілдіруіне мүмкіндік жасады. Сол жылдары 42 мың халқы бар Көкшетау теміржол бөлімшесінің бойында облыстық теміржол ауруханасына қарасты 520 медицинақызметкері, оның ішінде 115 дәрігер жұмыс істеді. Бурабай, Ақкөл, Тайынша, Новоишим, Преснегорковка станцияларында 480 төсек орындық ауруханалардың қызмет бабы ұйымдастырылып, үнемі назарда ұсталды. Көкшетау теміржол ауруханасының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында сазбен, сумен, ультра сәулемен емдейтін екі қабаттыфизиотерапевтіккорпус салынды. Бұрын бұндай емдеу шарасы республика бойынша тек Алматыдағы Қалқаман ауруханасында болатын. Сондықтан болса керек, осы маңызды құрылыстың алғашқы қазығын қағуға Тың теміржолының бастығы Негметжан Исинғарин қатысып, жобаның табыстылығына тілектестігін білдіріпті. Бұл корпустың тығыз шешілетін, қосалқы жұмыстарына ұжым қызметкерлері ерікті түрде қатысып отырғаны ортақ іске жанашырлықты көрсетеді.

Сонымен, жаңа ғимарат құрылысы аяқталған соң Алпысбай Қасымов Москвадағы оқуға аттанады. Бұл орайда ағаның оқудан да жоғары бір ойы бар екен. Сол кезде әлгі Н.Есенғарин КСРО Көлік қатынастары министрінің орынбасары қызметін атқаратын. Алғашқы күнгі сабақ аяқталысымен ол сонда асықты. Негметжан Қабатайұлы Алпысбайды ақжарқын көңілмен қарсы алды. Жылышырай әңгіме былай өрбіген:

– Аға сізге сәлем бере келдім. Өзіңіз көрген құрылыс жұмысқа қосылды.

  • Білемін. Сенің ауруханаңның суреттері МПС-тің қабырғасында ілулі тұр.

Министрдің орынбасары ел-жұрттың, үй-ішінің жағдайын, жұмыс барысын сұрай келе Алпысбайдың көкейіндегі сөзді бастады.

  • Жарайды. Тағы қандай сұрақтарың бар?

Алпысбай алдын ала дайындаған қағаздарын жайып салып, мәселеге төтесінен кірісті.

– Ауруханамыздың жанынан балалар емханасы мен дәрігерлерге арналған тұрғын үй құрылысын салуға көмектессеңіз.

– Жарайды, шешілетін болады. Оқуың біткен соң жүре бер, – деді министрдің орынбасары.

Елге алып-ұшып жеткен Алпысбайды абыр-сабыр толқыны тосып тұрды. Басшылар жағы аса жақтыра қоймаған сияқты. Жедеқабыл Көкшетау теміржол бөлімшесінің бастығы, өте сыйлы азамат Р.Мұхамадиев, одан кейін Ақмоладағы Тың теміржолының бас инженері Г.Гайнутдиновтің қабылдауына шақырылды.

– Әй бала, сен Москвада не дүрліктіріп жүрсің? Әлгі сұраған құрылыстарыңды бастауға рұқсат сенен бұрын жетті. Мына телеграмманы ал да барлық құжаттарыңды дайында, – деді қос басшы жылы зілмен. Бірақ, кабинеттің есігін жабар сәтте олардың жүзінен жайлы жымиысты байқаған.

«Жақсы ниет – жарым ырыс» дейді ғой халқымыз. Көкшетау теміржолшыларының көмегімен, ұзақ-сонарға салынбай, бес қабатты, 60 пәтерлік тұрғын үй де пайдалануға берілді. Қуанышта шек жоқ еді. Бүкіл ұжым желпініске түсті. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету ісі де жақсарып, дәрігерлер емдеу шараларының жаңа әрі тиімді тәсілдерін қолдана бастады. Мәселен, республика денсаулық сақтау ісінің үздігі Зейнолла Ахметов облыстағы алғашқылар сапында сырқаттардың қанын арнайы аппараттармен тазартуға кірісіп, оның тәжірибесі кеңінен таратылды. Білікті хирург Болат Мұратбековтің, тәжірибелі гинеколог Л.В.Алексееваның, жоғары санаттағы дәрігерлер Г.Редкина, Л.Евгридова, А.Жотаева, Ш.Нұрмағамбетова, Х.Хамзина, К.Баянова, С.Давыдова, М.Елубаева, З.Құсайынова қабылдауында өзге облыстардың теміржолшыларын да жиі көруге болатын еді. Жалпы, ұжымда сырқаттарды емдеу сапасы елеулі түрде өсіп, балалар өлімі жойылғаны үлкен көрсеткіш екендігі бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланып тұрды. Қажырлы еңбектерінің нәтижесінде екі дәрігер «Құрметті теміржолшы» (оның ішінде А.Қасымов та бар) атанса, бес кісі «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісін иемденді. Мемлекетіміздің орден, медальдарымен марапатталған майталмандар да ұжым абыройын көтерді. Көкшетау теміржол ауруханасының дәрігерлері Евгений Примаков КСРО Жоғарғы Кеңесінде қызмет атқарса, Баян Ысқақова ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Қазіргі күні Көкшетау теміржол бөлімшесі ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін қоғамдық негізде атқаратын Алпысбай ағаның дәрігер шәкірттері  еліміздің басқа өңірлерінде, Германия, Ресей, Беларусияда жемісті жұмыс істеп жүргені де қуанышқа бөлейді.

Алпысбай Қасымовтың көк дәптерінде атақты академиктер Камал Ормантаевтың, Мұхтар Әлиев, Төреғали Шармановтың, Өмірбек Бәйкеновтің, Әнуар Байғазиннің, Болат Сүлейменовтің есімдері үлкен құрметпен аталыпты. Өйткені, Алпысбай ағамыздың өзі де шәкірт болған.

Осы көк дәптерде Алпысбай аға өзінің дәрігерлік қызметі туралы жазбапты. Бірақ, Тың темір жолының Құрмет тақталарында, Астана мен Көкшетаудағы теміржолшылар мұражайында оның еңбек жолдары, қолданысқа енгізілген жаңашыл тәсілдері баяндалып, фотосуреттері ілулі тұрғаны ізгілік жолындағы абзал азаматтың абыройын асқақтата түсетіні анық.

Есесіне ағамыз әулет дәстүрі жайлымақтанышын елжірей отырып жазғаны жарасып тұр. Ағамыздың әулетінен 22 дәрігер елімізге қалтқысыз қызмет етуде. Міне, осының өзінен Алпысбай Ахметжанұлының ізгілік жолында өшпес із қалдыра білгенін көріп, масаттана аламыз. Бұл кез-келген адамның басына қона бермейтін бақыт! Демек, ағамыздың тағы бір көк дәптерді бастап, тағылым төгетініне сенейік.

Бақберген АМАЛБЕКОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар