Биылғы жаздың басталуы жасыл желек жамылған Майлан ауылын көркейте түскендей. Бұл көрініске ауыл тұрғындары ерекше үн қосқандай «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, ауылымызда өнердің сан саласын дамыту бағытында әртүрлі үйірмелер жұмыс жасауда.
Соның бірі – ауылдық клубтың би-хореография үйірмесі. Оның бүгінгі таңдағы жеткен жетістігі аз емес. Ару қала Алматыда жазғы демалыспен тұспа-тұс келген «Парад талантов» атты халықаралық өнер би байқауына қатысу үшін үйірме мүшелері өнер сапарына аттанып кеткен еді. Аталған өнер додасынан біздің өнерпаздар қанжығасына бірнеше жүлделі орынды байлап қайтты. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай атамыз айтқандай, еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар сайысында оза шабу әрине, оңай емес. Әйтседе, «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деген ұстанымменФомина Александра Валерьевнаның ерен еңбегінің арқасында және ата-аналардың қолдауымен бишілеріміз жүлделі орындармен оралды.
Атап айтсақ, «Дарина» би тобы Гран-При, «Regi Dance» би тобы 1-орын, «Искорки» би тобы 3-орын, «Тұлпар» би тобы тағы бір 3-орынды олжалап қайтты.
Ауыл клубы ұжымы менмектеп ұжымы және ата-аналар аталған өнерпаздарды құттықтай отырып, алдағы уақыттада өнердің шыңынан көріне берулеріне тілектестік білдіреді.
Қымбат МАЖКЕН,
Майлан ауылы клубының әдіскері.
Ерейментау ауданы.