Сөзімді кәрі тарихтың қатпар-қатпар тереңінде жатқан, Көктүріктің көк байрағын желбіреткен Білге мен Күлтегіндей қағандардың қыран құстай қанаттарын қомдап, ақылшысы болған Тоныкөк бабамыздың тасқа қашатып жаздырған: «Мен бай халыққа хан болып отырмадым. Ішінде тамағы, сыртында киімі жоқ, аянышты, төмен халыққа хан болып отырдым. Түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Аш халықты тоқ қылдым, кедей халықты бай қылдым» деген даналық сөзімен бастағым келіп отыр.
Осы даналық сөз тасқа қашалғалы мыңдаған жыл өтті. Сонау сақ пен ғұннан басталатын шежіре жолда ел тізгінін ұстаған қағандар да, хандар да, баһадүр батырлар да түнде ұйқы көрмей, күндіз күлкі көрмей, қызыл қандары төгіліп, қара қабырғалары сөгіліп, қым-қуым заманның зарын тартты. Алаштың Әлихан бастаған ақиық ұлылары да түн ұйықтамай, күндіз отырмай, қазақты азат етемін алысты. Сұрқия заманның ащы запыранын жұтты. Алашы үшін өлімді де олар қасқайып тұрып қарсы алды. Сол ұлылардың бізге аманат еткен қарызы мен парызын қал-қадірінше орындап, ұлт мүддесі үшін қызмет етіп жүрген ат төбеліндей топтың қақ ортасында ел мен ұлт мүддесін айшық еткен сіздер де, біздер де бармыз.
«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры еңселі істі, белесті биікті бағындыруға ниет қойып отыр. Бүгінгі форумға қатысушы сіздер осы қордың бабалар бойтұмар еткен елдік істерінің басы мен қасында болады деген сенімдеміз. Біздің сүйенеріміз – көштің басында жүрген өздеріңіз сияқты әр саланың өкілдері. Төменнен басталған шаруаның табысы да мол болады.
Олай болса, «Жаңа Қазақстан» идеясының айналасына топтасу, әділдікті мұрат етіп, көшімізді алға апару біздердің пешенемізге жазып отырған шығар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтпақшы: «Адал адам» болу, «Әділетті Қазақстанды» қалыптастыру үшін не істеу керек? – деген сауал бүгінде бүкіл қоғамның талқысындағы дүниелер. Ұлтқа, Отанға, жерге, дінге, тілге мінсіз қызмет етуге лайықты болу үшін жаның да, тәнің де елім, жұртым деп соғуы тиіс. Өз басыңның қамын жоғары қоймағанда ғана ісің алға басады. Жұрт та сенің маңайыңа шоғырланады.
Әділетті де адал қоғам – бұл ұрпақтың сабақтастығы, бабалар аманат еткен жолды жалғастыру болса керек. Бүгінгі ұрпағымызға тарихтың тағылымын ұғындыру, ерлік пен елдікті насихаттау маңызды екенін несіне жасырамыз.
Әділетті қоғам – бұл бір-бірімізге деген адалдық, сыйластық емес пе. Адалдық болмаған жерде сыйластық жоқ. Адалдық болмаған жерде қысастық басым. Қысастық өрбіген жерде тілің де, дәстүрің де, дінің де қағажу көреді. Тілің айырланады, дәстүрің арамдалады, дінің әркімнің мазақ етер сөзіне айналады.
Әділетті де адал қоғам – бұл өз туған жеріне деген сүйіспеншілік шығар. Өз кіндік кескен жерін, туған Отанын сүймеген адам ұлтының да тағылымына бөленбейді. Ел қорғауды парыз санамайтын тұлғалар өсіп келеді. Сонда қазақтың Ұлы даласын қызғыштай қорғаған хандарымыз бен қағандарымыз, сардарларымыз бен сарбаздарымыз жандарын кім үшін пида етті.
Адал қоғам құру – басқаның бақытына қуану, қайғысына мұңаю ғой.
Баяғыда бір шығыс данасы айтыпты дейді: «Қара халқы қара су ішіп, ханы мен байы ақ май жесе, олардан халыққа пайда жоқ. Күндердің күнінде бастарына іс түссе, қара халқын сатып жүре береді» деген екен.
Жүсіп Баласағұни бабамыз: «Адамға екі нәрсе тірек тегі: бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі» деген екен. Сондықтан осы заманның озық ойлы тұлғасы, туған жұртыңның жанашыры болу үшін көзің жіті, құлағың сақ, көңілің кең бола отырып, жақсы адам өзінің жыртық шапанымен де сыйлы бола алатынын әркез санамызға түйгеніміз абзал болар еді дегім келеді. Адам бола білу оңай емес, ал, елдің санасын ояту майданында қарымды ісіңмен тегеуірінді күштерге қарсы қаймықпай қауқар көрсету әсте оңай емес. Гетеше айтсақ: «Өзі үшін әрекеттенген азап шегеді. Өзгелер үшін еңбек еткен адам олардың қуанышына да ортақтасады».
Ендеше, бүгінгі форум жылдар бойы тоң болып қатқан қабаттары жібітіп, санаға сіңген кертартпа ұғымдарды сыпырып тастап, жаңаша ойлауға және қарапайым адамдардың бақытты өмір сүруі үшін қаракет жасауға жол ашқан тарихи оқиға болары хақ.
Бастаған ісімізге береке, ден қойған қаракетімізге серпін беріп, ортақ мүдде жолында қызмет етуге нәсіп етсін.
Баршаңызға амандық, өмірде еңселеріңіз биік, абыройларың асқақ болсын деп тілеймін.
Бақыт СМАҒҰЛ,
«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының
Ақмола облысы бойынша өкілдігінің жетекшісі