«Болашақ» халықаралық стипендиясына бақ сынауға болады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу талаптары туралы құжат қабылдауды ұйымдастыру басқармасының басшысы Дина Омарова баяндап берді.

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға үміткерлерді  ұйымдастыру мен іріктеу тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы №573 қаулысына сәйкес жүргізіледі.

–«Болашақ» бағдарламасының шеңберінде Қазақстан Республикасының азаматтары магистратура, философия докторы (PhD), докторантура ғылыми дәрежесін алу үшін күндізгі оқу нысаны бойынша оқытылады, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында резидентурадан өтеді. Магистр дәрежесін алу үшін квота санаттарының келесі түрлері бар. Олар ауылдық елді мекеннен келген үміткерлер, инженерлік-техникалық қызметкерлер, медицина қызметкерлері. Жалпы атап кететін болсақ, халықаралық бағдарлама орталығы «Болашақ» бағдарламасынан бөлек тағы да 2 бағдарламамен айналысады. Біреуі «500 ғалым жобасы», екіншісі «Үкіметаралық грант». Жыл сайын «Үкіметаралық грант» әртүрлі елдерге бакалавр магистратура докторантураға тегін Қазақстан азаматтарына тегін орын бөледі. «500 ғалым жобасына» Қазақстанның жоғары оқу орындарында жұмыс жасайтын және ғылыми қызметкерлер құжат тапсыра алады. «Болашақ» бағдарламасы бойынша магистратураға түсу үшін 2 санат қарастырылған. Алғашқысында әр талапкер өз бетімен құжат жинап, оқуға түсуге қадам жасай алады. Екінші санат квоталық жүйе бойынша жүзеге асырылады. Өз бетімен түсетін санат бойынша ең басты құжаттардың бірі – біздің тізімге енген жоғарғы оқу орындарынан шақырту қағазының болуы. Сонымен қатар, қазақ тілін білу деңгейі В1-ден кем болмауы керек. Өз бетімен түсетін санат бойынша IELTS 6.0-ден кем болмауы керек. Тағылымдамаға қойылатын талаптар, шетелдегі жоғарғы оқу орны немесе ғылыми ұйымнан шақырту қағаз болуы қажет. Ағылшын тілі, қазақ тілі деңгейінен де сертификаттар керек, – деді баяндамашы.

Биыл алғаш рет «Болашақ» халықаралық стипендиясына және «500 ғалым» ғылыми тағылымдамасына құжаттарды қабылдау үздіксіз жүргізілмек. Құжаттарды қабылдау сәуірдің 29-ы мен қазанның 25-і аралығында жүзеге асырылады.

Конкурстық іріктеу мамырдың 10-ы мен қарашаның 30-ына дейін жалғасады. «Болашақ» стипендиясына құжаттар egov.kz. порталы арқылы қабылданады. Оның аясында Қазақстан Республикасының азаматтарын магистр, философия докторы дәрежелерін алу үшін алдыңғы қатардағы шетелдік жоғары оқу орындарында күндізгі нысанда оқыту жүзеге асырылмақ. Магистр дәрежесіне квоталық санат бойынша ауылды жерлерден үміткерлер, инженерлік-техникалық, медицина саласының қызметкерлері қабылданады.

Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша 500-ден аса стипендия бөлінді. Оның 395-і магистратура мен резидентураға арналған, ал, докторантура бағдарламасы бойынша 50 шәкіртақы, тағылымдамадан өту үшін 110 стипендия қарастырылған.

Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар