Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел жүрегі – Астана - АРҚА АЖАРЫ

Ел жүрегі – Астана

Астана – еліміздің бас қаласы, Еуразияның жүрегі, мәдениет пен өнердің, ғылым мен білімнің ордалы ошағы.Еліміздің көгілдір туы желбіреген тәуелсіздігіміздің алып ордасы.Елордасы менің өмірімде де,  көңіл төрімде ерекше орын алатын айтулы мекен.

Ару Астана еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төлтумасы. Елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы біздер 90-шы жылдардың басында жиі еститін едік. Бірақ, оған елең ете қоймағанымыз рас. Себебі, ел халқының арасында бұл ойдың іске асатынына сенімсіздік танытып, күдігіүстем еді. Содан ел екіұдай болып жүргенде, 1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінде жалпы отырыс өтіп, елорданы көшіру мәселесі талқыланған екен. Екі жылдан кейін тиісті шешім шығарылып, үкімет те өз қаулысын қабылдапты.Сол жылы Ақмола экономикалық аймағы құрылған. 1997 жылдың 20 қазанында Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлық шықты.  Ал, 1998 жылы 6 мамырда Ақмола атауы Астана деп өзгертілді. Одан кейін 6 шілдені Астананың туған күні деп белгілеп, жыл сайын халқымыз осынау мемлекеттік мерекені ерекше күтіп, тойлайды.

Енді елорданы көшірудегі ең басты мақсаттардың біріне тоқталсам, ол – Қазақстанды геосаяси жағынан нығайту болатын. Өйткені, Астана – Еуропа мен Азияның дәл шектескен нүктесінде орналасқан. Бір сөзбен айтқанда, Еуразия құрлығының нақ ортасында тұр. Алыс-жақын шет мемлекеттермен өзара тығыз халықаралық қарым-қатынас қалыптастыруға жол ашылатыны сол уақытта баса айтылған еді. Қазақстанның қазіргі жағдайына қарап бұл мақсаттың да мүлтіксіз жүзеге асқанын анық бағамдауға болады. Елбасы сол бір тоқсаныншы жылдары жас қазақ елінің халықаралық қауiпсiздiгін де қаперден шығармағаны айдан анық. Өйткені, қанаты енді-енді қатайып келе жатқан Қазақстанның астанасы сыртқы шекаралардан мейлiнше қашық болуы керек екені түсінікті.

Міне, осындай мақсатта бой көтерген ару қала содан бері күн сайын өсіп, өркендеп келеді. Елімізде бұрын-соңды болмаған биіктігі аспанмен астасқан зәулім ғимараттар тұрғызылып, барша жұрт біздің астанамыздың тез арада салынғанына таң қалып, таңдай қақты. Өзіміз де жұмыс барысымен бұрынғы Білім және ғылым министрлігіне (қазіргі Оқу-ағарту министрлігі)ат басын бұрған сайын, әр сапарымызда қаланың гүлденіп келе жатқанын көріп, таң-тамаша болатынбыз.

Астана – тек біздің ғана емес, дүние жүзіне зиялылық нұрын төгетін тоғыз жолдың торабындағы Еуразияның, әлемнің сәулетті қаласына айналып отырған ғажайып шаһар.

Астана менің еңбек жолымда да, өмірімде де ерекше орны бар қала. Колледжде сабақ бергеннен кейін онда оқытушы ретінде білімімді жетілдіру үшін жиі барып тұрамын. 2010 жылы ашылған Назарбаев университетіне бірнеше мәрте барып, қайта даярлау курстарынан өттім, ару қаланың тыныс-тіршілігін бірнеше мәрте өз көзіммен көрдім. Соңғы бес жылда елордасына жиі қатынап жүрмін. Ондағы мақсатым – ел болашағы жастарымыздың сапалы білім, саналы тәрбие алуы жолында колледж студенттеріне арналған оқу бағдарламаларын жасауға, ұлттық бірыңғай тестілеуге арналған пәндік сұрақтар даярлауға қол ұшын беру.

Сонымен бірге, Астананы жақсы көретін тағы бір себебім, менің жиендерім осы көрікті қаланың тұрғындары. Қызым Айманымның өмірлік серігімен қол ұстасып, ғұмыр кешіп жатқан бақыт мекені. Балаларым бақыт тапқан жер – менің де қадірлі ордам болуы тиіс емес пе?!

Қазіргі Астана өз қонақтарын қаланың бет-бедерінің және архитектуралық нысандарының әсемдігімен, тұрғындарының жылы шырайлылығымен және қонақжайлығымен таңғалдырады.Жаңа әрі озық үлгідегі заманауи тұрғын-үй кешендері, еңселі әкімшілік ғимараттары, гүлзарлары мен субұрқақтары, әсем монументтері мен сәулет ескерткіштері бар Есіл жағасындағы еңселі қала бейнесі бір қауыз жарып келе жатқан көп гүлді, мол жапырақты өсімдік тәрізді…

«Бәйтерек», «Хан Шатыр», «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Отан-ана» монументі, «Конгресс Холл», «Тәуелсіздік сарайы», Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті, «Керуен», «Мега» ойын-сауық орталықтары, «Астана – Арена» спорт кешені, ұлы тұлғалар Абай мен Пушкиннің, Сәкен Сейфуллиннің, ұлы үш биіміздің, батырларымыз Кенесары, Бөгенбай батырдың, Әлия Молдағұлованың, бертіндері ашылған «Алаш арыстары» ескерткіштері  және басқа да қайраткерлердің мүсіндері Астананың сәнін келтіре түскен.

Сөзімнің соңында, келешегі – кемел, ертеңі – нұрлы Қазақстан мемлекетінің әлемдік аренадағы абыройы да, әрі беделі де, бағы – Астана деп ойлаймын. Ұлтымыздың ұясы, Қазақстан секілді қыран елдің тұғыры болған Астана мәртебесі жоғарылаған сайын Тәуелсіздігіміз мәңгі жасай береді демекпін.

Құралай БОЛЬШИНА,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы
 көпсалалы колледждің оқытушысы, еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар