Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Оқжетпесте» күй шалқыды - АРҚА АЖАРЫ

«Оқжетпесте» күй шалқыды

Көрікті Көкшетаудың «Оқжетпес» стадионында Ұлттық домбыра күніне орайфестиваль ұйымдастырылып, онда 2500-ға жуық домбырашы бір мезетте дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын», «Сарыарқа», «Адай» және Абылай ханның «Шаңды жорық» күйлерін орындап, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Мерекелік іс-шараға Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова қатысып, дүйім жұртшылықты ұлтымыздың үні – домбыра күнімен құттықтады. Өнер мерекесіне Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы, «Көкшетау» мәдениет сарайы, М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, облыстық халық шығармашылығы орталығы секілді бірқатар мәдени-өнер ошақтарының қызметкерлері мен Біржан сал, Ақкөл, Аршалы, Атбасар, Бурабай, Жақсы, Ерейментау, Есіл, Жарқайың, Зеренді, Шортанды, Целиноград аудандарының домбырашылары ұлт мұрасын дәріптеуге өз үлестерін қосты.

–Қазақтың бүкіл болмысы жыр мен әнде көрініп, тұрмыс-салты, дәстүрі өлеңмен өріледі, қуанышы мен қайғысы күмбірлеген күй боп төгіледі. Қазақ тарихының өнер әлемінде танымал Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Сүгір, Қазанғап сынды күй қырандарының жолын ұстанған ұрпақтар, күй өнерінің дарабоздары, күйші-домбырашылар күні бүгінге дейін ғасырдан ғасырға ұласқан бабалар дәстүрін жалғастыруда.Рухани байлығымызды жаңғыртып, өскелең ұрпақ санасына ұлттық құндылығымызды сіңіру мақсатында Ұлттық домбыра күні белгіленген болатын. Бүгінгі домбырашылар фестиваліне облыстың түкпір-түкпірінен келген әріптестеріме алғысымыз шексіз, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитоваөз сөзінде.

Қазіргі таңда облыста 24 фольклорлық ансамбль, 10 қазақ ұлт аспаптары оркестрі, 12 домбыра үйірмесі және мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бойынша жұмыс істейтін 6 тегін үйірме бар екен.

–Ұлттық домбырамыздың мерекесі «Оқжетпес» стадионында өте жақсы дәрежеде өтіп жатыр. Фестиваль өтеді деген соң, алып ұшып осы жерге жеттік. Домбыра десе ішкен асымызды жерге қоямыз. Ұлттық аспапты жанына серік еткен жастарымыз көбейе берсін. Әр үйде үкілі домбыраның үні күмбірлеп тұрсын, – деді әнші Бисара Мәкенова.

Бұл бір күміс күй жан жадыратқан келісті күн болды.

Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар