Қазақ прозасында өзіндік қолтаңба қалдырып, жасындай жарқ етіп ерте сөнген ірі талант, көркем суреткер Оралхан Бөкейдің шығармашылығымен кітап сүйер қауым етене жақын. Соңғы жылдары ұлы жазушының еңбектері кітап сөрелерінде ғана қалып қоймай, театр сахналарына өзіндік ерекшелігімен, жанрлық тұрғыдан жаңалығымен оралды. Оның бір дәлелі, шығармашылығына үнемі жастықты арқау етіп, мөлдір махаббатты, іңкәрлік пен жан тазалықты, жақсы көру мен ғашықтық өлшемдерін ажыратуды болашақ буынға түсіндірурге тырысқан кемеңгерлігі. Иә, мәңгі өлмейтін, таусылмайтын ауқымы кең, әсерлі тақырып ол, махаббат. Сол махаббат қақында кесек-кесек туынды қалдырып, соны теңеулерімен жұрт жүрегінен орын алған Оралханның бір шығармасы «Ұйқым келмейді» әңгімесі еді. Қалың оқырманның қолынан түспей, әсіресе, жастарды ерекше әсерге бөлеп келе жатқан туындының сюжетіне қазақ театрлары қойылымда ойнап келеді. Сөзіміз дәйексіз болмас үшін, жақында арайлы Астанадан гастрольдік сапармен келіп, репертуарлық қойылымдарын ұсынған Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры жайлы сөз етіп өтейік.
Бұл қойылыммен аталған театр қабырғасынан 2020 жылы құрылған «QALLEKI» театр-лабораториясының шымылдығы ашылған. Содан бері репертуардан түспей ойналып келеді. Қоюшы ресиссері Бәзіл Сұлтанғазының көріністерді үйлестіру ерекшелігі мен ұжымның актерлік шеберліктерінің нәтижесінде қойылымның мазмұны бұзылмай, көрерменге түсінікті жеткізілді. Спектакльдің көркін ашқан тағы бір ерекшелік музыканың үйлесуі. Мұнда, музыкамен көркемдеуші топ гитара, скрипка, виолончель аспаптарының үнімен сахнадағы көріністердің сырын ашуға талпынғандай бірде мұңлы, әуезді, сарынды үндермен, кейде ырғақты, ашық, темпілі мелодиялармен құлақ құрышын қандырып, көрермендерді еліткендей әсерге бөлеп отырды. Ара-арасындағы тірі дауыстағы актерлар айтқан қазақ әндері де дәл сол жағдайды баяндағандай, тұнық әрі сырлы.
Қош, сонымен қойылымның мағынасы қандай, мазмұны ашылды ма, деген сұрақ туындар. Спектакль барысында барлығы 5 қыз, екі жігіт өнер көрсетді. Яғни, режиссер кейіпкерлердің жас айырмашылығында ескерген. Шымылдық ашылғанда сахнада түңгі көрініс басты кейіпкер Жеңісханның түсі баяндалады. Бұл ретте режиссер, автордың ойын ашу мақсатында кейіпкердің жастығын еске алып, адасқан албырт шағын тұманда бірін-бірі іздеген жас жігіттер мен қыздар арқылы көрсеткен. Түсінде тұншықтырмақшы болған бала, актерді одан әрі бұлқынысқа түсіреді. Осы тұста, кейіпкердің ұйқыдан шошып ояна салып, әйелінің ұйықтап жатқан бейнесіне қарап терең ойға батып: «…қуарған қу бас атанып, жалғыздықтың жапасын шеккенде, таусап талшық етерің, медеу ғып мекіренерің – сонау көз ұшында қалған һәм жігіт шағыңда жасаған қызығың болар. Сонда сен өмірдің құз-қиясынан, өлімнен де сескенбейсің… Жүрегім сыздағандай болды. Еріксіз қаламға жармастым, кеше сатып әкелген балауыз шырақты жағып, қожайынның жарығын өшірдім. Қыздар, мен сендерге ағымнан жарылып, осынау жолдар арқылы ескерткіш орнатқым келеді», – деген сөздерді айтып балалық шағы өткен ауылды, алғашқы махаббатын, мектеп кездерін есіне түсірген сәті суреттеледі.
Келесі кезекте, оқиға Бақыттың үйіне барғандағы сезімінен басталады. Бақыт шығармадағы Жеңісханның алғашқы махаббаты. Сахнада қос ғашықтың кенеттен жолығуы. Қыз рөлін ойнаған актерден көңілі қалған Бақыттың түр-әлпетін байқау қиын емес. Мұңға толы көзімен Жеңісханның сол кездегі жазған хатын ұсынады. Осыны оқып берген Бақыт ренішін, ашу-ызасын, тағатсыздана күтуін, тағдырының қиын болғанын, өзінің сол алғашқы кештен екі қабат болып қалғанын айтады. Алайда, жігіт бәрінен кешігеді. Себебі, Шалғай ауылда жүріп Бақыт 7 айлық баласын босанады. Өкініштісі, 2 айдан соң бала шетінеп кетеді. Бұл әңгімені естіп Жеңісханның іші алай-дүлей болады. Себебі, өзі басқаға үйленсе де көп жылдар бойы бала көре алмай жүреді. Міне, осы сәттер шебер суреттелген десе болады. Актерлердің эмоцианалды көңіл-күйді жеткізе білуімен қос ғашықтың албырт махаббатын, ойланбай жасалған әрекеттен үлкен қасіретке душар болғандығын ашып көрсетеді. Қойылым соңында, өзін кінәлаған және өкінішті кейіппен Жеңісхан: «Шұбарағашта Өскелең деген жота бар, сол жотаның үстінде ең кішкентай қабір – менің ұлымның мүрдесі. Бір уыс топырақ қана алып қайттым. Орамалға түюлі, сандықтың түбінде сақталған. Егер күндердің күні көзім жұмыла қалса, сол түйіншекті шешіп, ішіндегі топырақты қабірімнің ішіне шашып жіберіңдер. Ұлымнан бір уыс топырақ бұйырсын», – деген өксікті лебізімен қараңғы түнекке батып, шымылдық жабылады.
Әрмен қарай, әдеттегідей көзайым болған театр сүйер Көкшелік көрермендердің қошеметі, өнерге деген ыстық ықыласы жалғасты. Үлкендердің жүзінен риясыз пейілмен өткенді аңсауы байқалса, жастар жағы өзінің ішкі көңіл күйін, жүрек қалауын іздегендей сұраулы жүзбен тарады. Мүмкін бірінің ойын автор қозғаған «Жақсы көру – махаббат па?», – деген сауалы толғандырып бара жатқан шығар. Өнерлерін көрсеткен аталмыш театр да осы сұрақты қойылымның соңғы түйіні етті. Ал, түйінді шешіп, жауап бере алдық па? Жақсы көру махаббат болса, әу бастан ынтығып қосылған, қол ұстасқан екі жас Жеңісхан мен Бақыт бөлек кетпес еді. Жастық албырттықпен жасаған қателіктерінен қыз байғұс соншама қиындық, азапты күндерді басынан кешпес еді. Соңында қан жұтып, жігітте өкінбес еді. Иә, олар көңіл жарастығымен тұтанған өткінші сезімді жоғары бағалады. Сондықтан баянсыз күндердің базын кешті. Бұл тақырыпта көңілге қонымды, талассыз сөз айтқан Қазақстанның Еңбек Ері, халық ақыны Мұхтар Шаханов: «Махаббат дегеніміз – екі парасатты, пайымды адамның сана биігінде жолығуы», – дейді. Қазіргі сезім мен сенімнің, махаббаттың мәні кеткен қоғамда жастар үшін осы нәзік қарым-қатынасты жете түсініп, ақылсыздыққа бой алдырмай, адалдықтың парқын берік ұстанған дұрыс болмақ. Мәңгі сөнбес махаббаттың бал сезімі жүректерге орнай берсе екен. Сөз соңында, осындай ой саларлық мағыналы, мазмұнды қойылымды өз биігінде жеткізе білген «QALLEKI» театр ұжымына алғыс білдірсек артық етпес.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.