Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары қазақ тарихының әр белесінде тұлғалық деңгейге көтеріліп отырған. Яғни олар ұлттық тұлға болған. Осы ұлттық тұлға биігіне кімдер көтеріле алған? Осы биік азаматтық мәртебеге, халықтық бағаға кімдер лайықты болған? Және қандай істері арқылы осындай дәрежеге жеткен. Міне, қазақ тарихының ең бетбұрысты сәттерінде саяси және әскери тіршілікке араласқан, немесе осы тарихи оқиғаларды басқарған, ұйымдастырушы болған, немесе асқан ерлік көрсеткен азаматтар –батыр атанған. Ұлттың тұлғалары атанған. Қазақ ұлтының бағына, тағдырына орай Тарих-ана әр ғасырда жаужүрек, батыр ұлдары мен қыздарын мол жаратқан. Ұлт содан аман қалған.
Қазақ жерінің бір сүйемі де осылардың арқасында жаудың қолында кетпеді. Осылайша, қазақ даласының аса бір керім, сұлу да сұнғатты өлкесі – Зеренді өңірің, құтты қонысты, ата мекенімізді ұлы жорықтарда батыр бабаларымыз білегінің күшімен, найзасының ұшымен қорғай жүріп бізге аманаттап қалдырды. Осы еңбегі үшін халық биікке көтерген, ардақтап, аттарын аңызға айналдырған батырлардың ішінде, әсіресе, Абылай ханның қолбасшылары мен би-батагөйлері саналған Арқа төріндегі киелі Көкшетау және Бурабай өлкелерін мекендеген Атығай мен Қарауыл руынан шыққан Шауыпкел, Жайылған, Жәпек, Монтай, Әйтімбет батырлар, Қанай, Дүйсен, Асат, Нияз билер бір төбе.
Осы сынды ақберендердің арасында Қылды Қарауыл Жайылған батыр Малбақтыұлының есімі де айрықша жарқырап көрінеді.
Жайылған батырдың жұрт тағдырындағы тарихи орны мен олар жасаған ерліктерінің мәні мен маңызы да бірнеше ғасырлар бойында ел жадынан бір сәтке де ұмыт қалған емес.
Жайылған батыр XVII ғасырдың соңында Зеренді өңірінде жастайынан балуан болып еліне таңылған, кейін дәулеті мол, үйір-үйір жылқылардың, жайылған жайлаулардың иесі болған Малбақты Қалақұлының отбасында дүниеге келген. Деректерге сүйенсек ол шамамен 1694 жылы туған болатын. Әкесі Малбақты — Қасқатау, Үлкен Түкті, Сандықтау таулы ормандарының, Зеренді, Қарағайлы, Айдабол, Арықбалық көлдерінің арасында қоңыстанып, есімі Орта Жүзге мәлім болған.
Бала кезінен Жайлыған әскери өнерімен бірге қазақ даласының шешендік өнерімен тапқырлығын бойына сіңіріп өскен. Өзіне жақын адамдардан топ құрып, кейін Қылды Қарауылдың жауынгерлер жасағын басқарған. Батырлығы мен қолбасшылық дарыны арқасында Жайылған батыр үлкен құрметке бөленіп, ерлігі ел аузында аңызға айналып кетті. Даңқты батырдың қалмақтармен және жоңғар өскерлерімен болған қиян-кескі шайқастарда көрсеткен қайраты сол кездегі ауызекі деректерде мәңгі өшпес өлең тілімен өрнектеліп қалды. Сол уақытта айбыны асқан, шешендігі тасыған Жайылған батыр 1718-1729 жылдары билік құрған, Орта Жүздің ханы Сәмеке-ханның ордасына жақын болады. Қазақ жерін қалмақтардан босату мақсатында 1723 және 1726 жылдары Еділ бойындағы Кіші қалмақ ордасына Сәмеке-хан екі дүркін жасаған жорыққа қатысады.
Жайылған батырдың келесі өмір кезеңі Сәмеке-хан, Әбілмәмбет-хан және Абылай-хан қайраткелігімен тығыз байланысты. Кіші жүз ханы Әбілқайыр мен Бөкенбай батыр Қараұлы (бұл қанжығалы Бөгенбай емес) орыс елшісі А.И.Тевкеловті пайдаланып, 1731 жылдың 25-желтоқсанында орысқа қарау туралы ұсыныс айтып, Сәмекеге өздерінің елшілерін жіберді. Орта жүздегі халықтың пікірін ескерместен, бұл ұсынысты құп алған Сәмеке 1732 жылдың шілдесінде орыс патшайымына бодан болуға келісіп, Әбілқайырмен бірге А.И.Тевкеловке ант берді. Осы арада Жайылған-батыр саяси сахнада елшілік құрып, өз дипломатиялық қабілеттерін көрсетеді. Сәмеке-хан Ресейдің елшісі А.И.Тевкеловке Құлаке-төлеңгітпен Жайылған-батырды жібереді. «Журнал бытности в Киргиз-касацкой орде переводчика Маметя Тевкелева» және «Служебные и исследовательские материалы российского дипломата А. И. Тевкелева» құжаттырында осылай жазылған: «А которые ханы и салтаны присягали и обязались письменно, чтоб быть в подданстве всеросийском и ясак платить каждой, что из своего владения, и просили меня, что с тем известием желают они отправить к Е. и. в. посланцов своих: Абулхаир-хана посланец – свойственник, Букенбай-батыря – Баке-батырь с одним служителем, а от Шемяки-хана – двое посланцов: Кулаке-теленгут, а другой – Яилган, и при них один служитель Амаллык». Әрі қарай бұл елшілік Уфа қаласы арқылы, Петербург қаласына, Ресей патшайымы Анна Иоановнаның сарайына жолданған. Бұл елшілік 1734 жылдың 4-ші қантарында жетіп, 10 ақпанда Ералы сұлтан Анна Иоанновна патшайымы алдында Ресей құрамына енетіндігі жөнінде ант берді. Сонымен қатар, елшілік қатарында болған Орта және Кіші жүздің рубасшыларымен билері ант берді. 1734 жылы 10 маусымда Анна Иоанновна хан Сәмеке-ханның Ресей империясының бодан болуға аңтына хатына қол қойды. Дәл сол хатты Жайылған-батыр, Құлаке-төлеңгіт және Амалдық Сәмеке-ханға жеткізген. Ал 1740 жылы Орск қаласында Әбілмәмбет хан және Абылай сұлтан басқарған Орта жүздің 140 рубасылары Ресей патшалығына билігін мойындап, аңт берген. Сол билердің арасында Жайылған-батырдың да есімі аталған.
Дәл сол жылдары Жайылған-батыр жоңғарлармен шайқастардағы өз ерлігімен және қайсарлығымен қатар, келіссөзбен дау-дамай өзінің ой-парасаттылығын көрсете білген. Сол кездегі Жайылғанның бауырлары да басқыншылардан қазақ даласын қорғап, өз ерліктерімен ерекше көзге түскен. Мұсақұл-балуан Қанай-би Құттымбетұлының жақын серіктесі болып, Ташкент қаласын басқаруға атсалысқан.
Абылай заманының ерлері еді,
Көңілді – хикметі көп тербеп еді.
Көкейге бала күннен түйіп өскем,
Жырымның тоқылмаған өрмегі еді.
«Батырлық керек болса қылдыға бар»,
Дейді екен дана туған бұрынғылар.
Жайылып Жайылғанның батыр аты,
Қалмақтың сұлу қызы Долбыны алар.
Атадан айтатындай: тусаң ту деп,
Ерлікті қылған екен Мұсақұл көп.
Жайланып Қасқатауда жатады екен
Жайылған жау қалмақты жусатып кеп.
Тарамыс тарлан туған дарағайға,
Айналған ағаға еріп Тарағай да.
Ерлігі ағайынды үшеуінің
Толғауға дастан қылып жарамай ма?!
1740 – 1780 жылдары Жайылған Малбақтыұлының батырлық жолы Абылайханның есімімен тығыз байланысты. 1752-1758 жылдары Жайылған батыр өз жасағымен қысы – жазы үзбестен қатысады. Сол кезде оның ұлдары Орақ, Көрпебай, Машам, Байдәулеттер өз ерліктерімен елге елеулі болды. Тегеурінді әскери қимылмен қатарластырыла жүргізілген ақылды әрі парасатты әрекеттері Жайылғынды өз заманының әйгілі батырлар деңгейіне көтерді. Деректерге сүйенсек, ол 1769-1770 жылдары Жайыл қырғында қырғыз бен қазақ арасындағы сұрапыл соғысқа қатысқан. Ал 1771 жылы «Шаңды жорығы» кезіндегі Сарыарқаны өтіп жатқан қалмақтардың жасақтарын талқандаған болатын. Ол тұста Жайылған батыр қылды қарауылдың ту ұстар әлуетті қолы, шаңырағын шайқалтпас тағанды ұстыны болғаны белгілі.
Тарихты ұлықтау, оның сан ғасырлық тағылымдарына мән беріп жете игере отырып тәлім алу аса қажет мәселе. Тек сол уақытта ғана ұлттық сана нығайып таным арта түседі. Ал ұлттық санасы нығайған халықтың рухы асқақ келеді. Өзінің ұлттық құндылықтарын толық жадына түйген адам ғана болашаққа нық басып елінің дамуына сүбелі үлесін қоспақ.
Биыл Қылды Қарауыл руынан шыққан Жайылған батыр Малбақтыұлы Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленгені ресми түрде дәлелденді. Жайылған батыр ұрпақтарының бастамашы тобы ауқымды ғылыми-зерттеу және іздестіру жұмыстарын атқарып, оның жерленгені жері анықталды. «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының 2023 жылғы 8 қарашадағы №7 ғылыми кеңесі қаулысына сәйкес Қылды Қарауыл Жайылған батыр Малбақтыұлы (17-18 ғ.) Қожа Ахмет Ясауи кесеңесі және оның маңында жерленген тұлғалар тізіміне енгізілді.
Қазіргі таңда, Зеренді және Бурабай аудандарының оннан астам ауылында Жайылған батырдың ұрпақтары тұрады. Ол Үлгіалған, Қарабұлақ, Крупское, Ұялы, Қызылегіс, Күсеп, Өзен, Қостомар, ауылдары.
Аслан ӘБУТӘЛІПОВ.