Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Болашақтағы» жарқын жұлдыздар - АРҚА АЖАРЫ

«Болашақтағы» жарқын жұлдыздар

Облыс орталығындағы «Болашақ» сарайы жас өрендерге түрлі шығармашылық-ғылыми үйірмелері мен спорттық секцияларының есігін айқара ашқанда, бұрынғы балалар шығармашылық үйінде құрылған «Жұлдыздар» үлгілі вокалдық студиясы сонда көшірілген болатын. Отыз жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан бұл студиядан түлеп ұшқан жас дарындардың біразы бүгінде елімізде ғана емес, одан да тыс жерлерге танымал әншілер.

«Жұлдыздар» студиясы1995 жылы балалар шығармашылығы үйінде құрылғаны белгілі. 2013 жылы ол үлгілі вокалдық студия атағына қол жеткізді. Ашылғалы бері өнер студиясына жоғары санатты педагог Әридаш Хамзина жетекшілік етіп, талай өнер қуған жастарды ән қанатында шабыттандырып келеді. Келесі жылы студия 30 жылдығын атап өтеді.

Вокалдық студияға қатысатын балалар музыка әлеміне жол ашып, дауыстың әсем үнін ажыратуды үйренеді.

–Мен балаларға өздерінің ерекше дауысын, орындау мәнерін, стилін, сахналық бейнесін табуға, сондай-ақ өздерінің ерекше және қайталанбас дауыстарына қол жеткізуге көмектесемін, – дейді студия жетекшісі Әридаш Хамзина.

Студияға қатысушы талантты шәкірттер көп. Солардың ішінде биыл Алиф Табылды мен Эвелина Титова есімді шәкірттері біраз жетістіктерге жетіп, ұстазы мен ет жақындарын қуантты.

Жекелей тоқталатын болсақ, студияға 2019 жылдан бері қатысып келе жатқан Алиф Табылды көптеген облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты, Бас жүлде иегері атанған. Ағымдағыжылдың алғашқы жартыжылдығында ол Ұлыбританияда өткен «Вritish grand festival»халықаралық өнер байқауын, Мәскеуде өткен көпжанрлы халықаралық байқауда бірінші орындарды жеңіп алды. Еліміздің оңтүстік астанасы саналатын Алматы қаласында өткен «Күн шуақ» халықаралық байқауында Бас жүлдені иеленсе,  Ташкент қаласында өткен «Триумф» фестивалінде екінші орыннан көрінді. Әзербайжанның Баку қаласына халықаралық байқауға шақырту алды.

Алиф өте дарынды, мейірімді бала. Студияға келуші қатарластары арасында өзіндік орны бар, сыйлы бала. Уақытының көбін музыка тыңдап, ән айтуға жұмсайды. Бос уақында жеткіншек жүзумен айналысады. Музыка мектебінің барабан класында білім алады.

–Мен тәрбиеленушілерімді әртіс қылып шығармаймын. Оларға тек педагог ретінде әнді қалай дұрыс әрі әдемі айту керектігін үйретемін. Көптеген шәкірттерім орта мектепті бітіргеннен кейін музыкалық білімдерін колледждер мен жоғары оқу орындарында жалғастыруда. Мамандық таңдауды біздің студия мамандары көмектеседі. Белгілі бір деңгейге жеткеннен кейін тәрбиеленушілерімізді түрлі республикалық және халықаралық байқауларға қатыстыруға тырысамыз, –дейді студия жетекшісі Әридаш Хамзина.

Өнерлі шәкірттердің бірі – Эвелина Титова. Ол мамыр айында караокеден өткен республикалық жарысқа қатысып, еліміздің әр өңірінен келген 72 оқушының арасынан үздік атанып, Бас жүлдені қанжылаған. Содан ресейлік әнші Леонид Агутиннің халықаралық отбасылық форумына қатысуға жолдама алған.

Талантты қыз студияға осыдан екі жыл бұрын уақыттан бері қатысып келеді екен. Бала кезінен ән айтуды армандаған жас өрен:

–Мен студияға келгелі көптеген байқауларға қатыстым. Лауреат атанып, түрлі орындарға қол жеткіздім. «Әнші бұлбұлдар», «Жарқын болашақ» республикалық байқауларда бағымды сынадым. «Болашақ» сарайының атынан жуырда Алматыда өткен өнер сайысына барып, Бас жүлдені еншіледім. Енді Сочиде өтетін Л.Агутиннің форумына дайындалудамын, –дейді студия шәкірті Эвелина.

Бұл болашақ жұлдыздың жалғыз марапаты емес. Ол «Сен бәрінен де жарқынсың», «Каприччо» халықаралық байқауларында да жеңіс тұғырынан көрінді. Балауса әнші мұның барлығы оңайлықпен келмегенін, дайындықтарының сағаттап өткенін айтып, еліміздің мықты вокалистерімен иық тіресе сынға түсу қажырлылықты да қажет ететіндігін алға тартады. Ол тұла бойы өнерге тұнған дарынды бала. Фортепиано, флейта және тағы басқа ұрмалы аспаптарда ойнайды. Вокалдан қолы қалт еткенде сурет салғанды жақсы көреді. Биыл көркемөнер мектебін үздік бітірген.

Әридаш Хамзина әр шәкіртіне үнемі қолдау көрсетіп, олардың бағындырған жетістіктеріне бірге қуанып, төбесі көкке жетіп, осыны асқан бақыт санайды.

Талай байқаулар мен фестивальдердің жеңімпазы атанған Олжас Сәбижан, Талғат Кенжеболатов, Альфия Черникова, Болат Батырбаев сияқты жас өнерпаздар осы «Жұлдыздар»  студиясының түлектері, Әридаш Хамзинадай талантты педагогтың шәкірттері. Бүгінде олардың есімі Көкше жерінде ғана емес, бүкіл республикаға мәлім. Ал сол жұлдыздар да кезінде мына кішкентай балалар сияқты вокал студиясынан дәріс алған еді.

Бүгінде вокалдық студияда 100-ден аса бала дәріс алуда. Әрине, олардың барлығы әнші болмайтыны анық, бірақ, ұстаздарының пікірінше, музыкаға елітіп өскен, әсем әуен ескен өнер ордасында тәрбиеленген баланың жан дүниесі таза әрі бай болады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар