Ғарифолла ЕСІМ,
жазушы, профессор,
академик, мемлекеттік сыйлықтың иегері
«АДАЛ АЗАМАТ» деген қазіргі кезеңнің аса маңызды, тарихи қажетті мәселесі.
Ғасыр басында бұл мәселемен Алаш азаматтары шұғылданған, өздері Адал азаматтың үлгілері болған.
ертеден айтылып келе жатқан тезис «Адамына қарай заманы және заманына қарай адамы». Бұл шешімі айқын табылмаған, мүмкін жуық арада айқындала қоймайтын мәселе.
«Заманына қарай адамы» дегенде айтарым, біздер Тәуелсіздік заманында нарықтық (либералдық) қатынастарды құрып жатқан демократиялық акме қоғамда (яғни, ақылға сыйымды) өмір сүрудеміз.
Мұндай қоғамды тек Адал азаматтың құруы, әрине, табиғи жағдай.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәселені дөп басып, осындай тұжырымға келгені құп алатын жағдай.
Демек, азаматтар заманға сай болуы керек.
Адамына сай заманы дегенге келсек, мәселе көлеңкелі. ол жеке бастың әңгімесіне ауысып кетуі әбден мүмкін.
Хакім Абай айтып еді:
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
ХХ-ХХІ ғасырларда заманды билеген тұлға болған жоқ.
Абай осы шумақта:
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек, – деп еді. Әзірше осылай болып тұрғаны.
***
Әр заманның өз адамы бар. Адал азамат болу үшін қоғамда, мемлекетте адалдық болуы керек.
Кеңес заманында да Адал деген сөз жиі айтылды. Мысалы, Адал коммунист, Адал педагог т.б., бірақ социализм кезіндегі қандай адалдық? Әрине, табиғатынан таза, ізгілікке ынталы жандар социалистік қоғам кезінде де көп болды, бірақ олардың сенімі коммунистік идеяға негізделді. Сондықтан, Адал коммунист деген даулы мәселеге айналды. Мысалы, социализм кезінде Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» деген шығармасы үлгі — эталонға айналып еді. Павел Корчагин өз ісінің «әулиесі» атанды. Бұл фанатизмге негізделген дүниетаным болатын.
Адал азамат болу үшін жоғарыда айтылғандай, қоғамдық, тарихи кеңістік қажет, қазіргі Тәуелсіздік қоғамда Адал азамат болуға барлық жағдай бар деуге болады.
Мақсат Тәуелсіздікті мәңгілік ететін қоғам құру ісі, әрине Адал азаматты табиғи түрде қажет етеді.
***
Адал азамат деген кім? Оны қалай анықтаймыз? Әрине, Адал азаматты анықтаудың векторлары мол, ойлаймын, социологтар бұл мәселені түпкілікті, терең зерттейді деп. Менің ойшыл, гуманист ретінде айтарым, Адал азамат, ең алдымен, ешкімге қиянат жасамайтын ізгілікті тұлға.
Осы тұста ойыма парсы патшасы Наушеруанға қатысты бір тарихи оқиға түсіп отыр. Ол аңда жүріп, киік атып алады. Етті асып жемекші болғанда, тұз болмайды. Сонда патша қызметкерін көрші ауылға тұз әкелуге жібереді. Қызметшісі кетіп бара жатқанда, қайта шақырып алып, тұзды тегін алма, тұз берген адамға оның ақысын төле дейді. Сонда уәзірі Наушеруан «Шымшым тұз бір тиынға татымайды» – дейді. Сонда уәзіріне Наушеруан: «Басшы алса, бір алманы баға бермей, қосшы құртар алманың түп-тамырын» – дейді. Тәртіпті басшының өзі бұзса, оның қол астындағылар одан асып түсетіні шындық.
Мен алсам елдің жалғыз жұмыртқасын,
Кесерсің мың тауықтың сендер басын.
Сүйте-сүйте ашылып арандарың,
Ағызарсың бұл елдің қанды жасын.
Бұл жерде басшы әділетті болу керек деген идея айтылған. Коррупция билікке қатысты.
***
Ел аралап жүрген кезде, Адал азамат дегенге қатысты мені бір ой мазалай береді. Құдайға шүкір, қазір кәсіпкерлер қатары өсіп келеді. Солармен сұхбаттасып отырғанда, менің санама Александр Пушкиннің «Дубровский» романындағы Троекуровтың образы қабаттаса береді.
Жаңа байлыққа қолы жеткен ағайындардың сөздері нық, мінездері де тіктеу. Байқаймын, отырған жерлерінде өздерін ғана айтқанын ұнатады. Қысқасы, Троекуровтың мінездері көрініп қалады. Бұл – қауіпті жағдай. Бұлардан қалайша Адал азаматтар шығады деген ойға қаламын.
Троекуровтар заңға да қатысты аңғарылып қалады. Мысалы, Парламент шығарған заң жақсы, сұрыпталған, сарапталған, бірақ оның орындалуы барысында қосымша Акт, ережелер жасалып, коррупцияға жол ашылады, тіптен кейбір министрлік деңгейіндегі ережелер, заң түгілі, Конституциялық қағидаларға қайшы келіп жататыны бар. Оны шеберлікпен жасап жүрген Троекуровтар ма деген ойдамын. Ойланатын мәселе.
***
Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайдың мәжілісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ниет туралы жақсы тұжырым жасады. Ол кісі Адал азамат қалыптасуы үшін, ниет тазалығы қажет деді. Тамаша сөз.
Ниет тазалығы ол әділеттік. Хакім Абай: «Және сүй хақ жолы деп әділетті» деген.
Қорыта айтқанда, Әділеттілік деген – мемлекеттің діні болуы керек. Бұл жөнінде Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білім» деген теңдесі жоқ шығармасында тамаша айтқан.
Әділеттілік – мемлекеттің діні болуы үшін, қанағат қажеттілігін Жүсіп Баласағұн шығармасында әлденеше рет қайталап айтқан.
Қанағат – Адал азаматтың еркіндігі.
Адал азаматтың қызметі – игілік.
Адал азаматтың санасы – ізгілік.
Адал азаматтың дүниетанымы – әділеттілік.