Әлемде баланы тәрбиелеуден асқан игі іс жоқ

Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Ұлттық тәрбие – ұлт болашағының берік негізідеп,«ұлым – ұлықты, қызым – қылықты болсын» деген қағидатты ұстанған. Үйдегі алған тәлімін жетілдіретін, ұрпақты біліммен қаруландыратын бірден-бір орда – мектеп. Осы орайда, балдырған үшін ата-анасынан кейінгі ең жақын бір адам болса, ол әрине мұғалім.  Жалпы, дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық деп есептеймін. Себебі, әлемде баланы тәрбиелеуден асқан игі іс жоқ қой…

Өз басым педагог болғанымды тағдырдың берген бір бақыты деп қабылдадым. Ұлттың болашағы – ұрпағында болса, ұрпақ тәрбиесі – ұстаз қолында екендігі анық. Мен көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Анамның әрбір айтқан ақыл сөзі күні бүгінге дейін өмірімнің бағдаршамы, нұрлы шуағы іспетті, менің ғұмыр жолыма жол көрсетіп тұрады. Қай ортадан табылсам да, ата-анамның атына кір келтірмеуді ойлаймын. Бұл ең алдымен қазақы қағидат, қазақы тәрбие деп есептеймін. Кез-келген қазақ отбасында ар мен ұят деген сөздердің бәсі жоғары, мағынасы тереңде. Ұлттық тәрбиені бойына сіңірген әрбір бала ешуақытта да ардан да, ұяттан да аттамайды. Ал, ар-ұяты биік адам міндетті түрде саналы ұрпақ болып қалыптасады. Мектеп тек білім беретін орта ғана емес, баланың бойында біз жоғарыда тілге тиек еткен тәлім мен тәрбие тетіктерін үйрететін ілім ордасы. Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Иә, «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан», – деп Хакім Абай тегін айтпаған ғой.

Бүгінгі ұрпақты жаһандану үрдісінен оқшау тәрбиелеу мүмкін емес. Сол себепті де, оларды заман талабына сай тәрбиелеудің түп тамырында негіз болып ұлттығымызды айқындайтын ұлы қасиеттер болғаны абзал. Біз оқушы балаларға әуелі өзіміз үлгі болуымыз керек. Біздің жүріс-тұрысымыз, өмір сүру қағидаттарымыз, тіпті киім кию үлгіміздің өзі өз оқушыларымыз үлгі алатындай болғаны дұрыс.

Біліммен қаруланған адамның қашанда абыройы жоғары. Болашақ – білімді ұрпақ қолында.  Қалай дегенмен де, қазіргі балаларқызығатын қызылды-жасылды дүние көп. Соның ішінен олар ғұмырлық азық, рухани қуат алатын тағылымды дүниелерді көрсету, бағыт беру, қабілетін танып жол көрсету мұғалімнің бірден бір міндеті.

Мұғалім – білгір,  мұғалім – психолог, мұғалім – көреген, бір сөзбен айтқанда, ұстаз санқырлы тұлға болуы керек. Бастысы, алдыңа келген оқушыға өз балаңдай қарау бұлжымас қағидат. Себебі, әлемде ана болудан, ұстаз болудан асқан бақыт жоқ!..

Гүлжан СЕРӘЛІҚЫЗЫ,
Макинск қаласындағы 2 жалпы білім беретін
орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар