Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мәселелер шешімін табады деген үміттеміз - АРҚА АЖАРЫ

Мәселелер шешімін табады деген үміттеміз

Жуырда Ақмола облысы бойынша «Ауыл» партиясының филиалы кеңсесінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің және «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Николай Арсютиннің жергілікті халықпен кездесуі болып өтті.

–Елімізде қабылданатын барлық негізгі заңдар біз арқылы қарастырылып, толықтырылады. Сонымен қатар, тұрақты түрде жылына екі рет қыста және жазда еліміздің аймақтарына шығып, халықпен кездесіп, барлық маңызды мәселелеріңізбен танысып, соларды пайдалана отырып заңнамалық саясатты жақсарту мақсатында жұмыс істейміз. Осыған дейін Қостанай мен Петропавл қалаларында болдық, енді міне, сіздердің мәселелеріңізді тыңдап, қай жерде және қалай көмектесе алатынымызды бағдарлайтын боламыз, – деп бастады сөзін депутат.

Мәжіліс депутаттары сайлауалды бағдарламадағы міндеттердің өңірлерде қалай жүзеге асырылып жатқанын бақылауда ұстайды. Кезекті демалысқа шыққан халық қалаулылары кәсіпорындардың жұмысымен танысып, ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерді талқылады. Ақмола облысына іс-сапармен келген Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Николай Арсютиннің алдында халықтың көкейінде жатқан өзекті мәселелер көтерілді.

Қаладан шалғай жатқан елді мекендердің тыныс-тіршілігін зерттеп, дамуына сүбелі үлесін қосып келе жатқан «Ауыл» партиясының мүшелері мен жергілікті билік өкілдері, сондай-ақ, білім ошағының мамандары және кәсіпкерлер Мәжіліс депутатымен кездесіп, шешімін таппай жүрген ауқымды мәселелерінортаға салды.

– Біздің ауданда Өтеміс деген ауыл бар. Оған автобус мүлдем қатынамайды. Сол ауылға автобус сұраған едік. Бұл мәселе шешілмегеннен кейін, Астана-Ақмол бағытымен күніне 3 рет  қатынаса да болар еді. Тағы бір мәселе, малдарды бағатын жердің жетіспеушілігі. Мал қорымдары әр жерде, оны да реттеу керек еді. Сондай-ақ, интернеттің кейбір ауылдарда мүлдем жоқтығы да жұмысымызды қиындатады. Бірдеңені интернет арқылы жібере салайық десек, жұмыс істемейді, бәрін өз аяғымызбен апарып беру керек, – деді «Ауыл» партиясының Целиноград аудандық филиалының төрағасы Өміржан Дүйсенбаев.

Депутат бұл мәселе туралы да жазып алып, көмектесеміз деп уәде берді.

Агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Ақмола өңірі – ел экономикасының өркендеуіне ықпал етіп жатқан алдыңғы қатардағы аймақ. Николай Арсютинмен кездесу барысында аймақтың агроөнеркәсібін арттыру мақсатында өңір ғалымдары ұсыныстарын айтты.

– Өзіміздің селекция, өзімізде тұқым өндіру мәселесін көтеру керек. Ол үшін менің ұсынысым ғылыми зерттеу институттарына міндетті арттыру керек, – деді Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры Әбілжан Құсайынов.

– Елді мекендерде «Қазпошта» мәселесі тұрғындарды алаңдатып отыр. Шынымен де, ауылдарда пошта пункттері жабылып жатыр. Олар бұны аталмыш елді мекенде 4000-ға жуық халықтың тұруы керек деп түсіндіреді. Енді кішкентай ауылда 4 мың халық қайдан табылады. Ауылдарда тұратын адамдар зейнетақысын пошта арқылы алады, көбінің ақша жинаған шоттары бар, газет-журнал жаздырып алады. Осы мәселеге де назар аударсаңыздар, – деді өз сөзінде «Ауыл» партиясының Сандықтау ауданындағы депутаты Андрей Галюк.

–Мен Зеренді ауданы Шағалалы ауылында тұрамын. Ауылымызда жиі-жиі жарық, су өшіп қалады. Демалыс күндері адамдар жарықсыз, сусыз, оның үстіне интернеттің өшіп қалуынан қиналады. Зеренді ауданының әкіміне де жүгіндік, ешқандай шешім жоқ. Сонымен қатар, ауылға кіре берістегі 4 шақырымдай жолдың сапасы нашар. Ауылдың ішінде жол жақсы, бірақ, ауылға жетуге дейінгі жолдың өте нашарлығынан бізге 5-6 жылдай автобус та қатынамайтын болды. Ауыл адамдарының көбі қалада жұмыс істейді. Сонда, жергілікті биліктің, жұмысыңа қалай жетсең солай жет дегені ғой. Бұл менің «Ауыл» партиясына айтқан мәселем. Екінші мәселе волонтерлерге қатысты. Облыс бойынша 3600 волонтер бар, оның ішінде 1200-і Көкшетауда. Қоғамдық көлікте жүру үшін жеңілдіктер болса екен дейміз. Мысалы, қыс кезінде «Снежный десант» акциясын өткізу кезінде волонтерлер қалай жетерін білмейді, такси қымбат. Жалғыз басты зейнеткерлерге барып, көмек жасап жүрген студенттер осындай қиындықтарға тап болып жатады, – деді волонтерлерді қолдау орталығының жетекшісі Дидар Хамзин.

Бұдан бөлек шара барысында жол-көлік ережесін бұзған көлік жүргізушілеріне салынған айыппұлды халықтың қалтасы көтермейтіні туралы сөз қозғалды. Және осыған байланысты заңға қандай да бір өзгерістер енгізуді сұрады.

–Әріптестеріммен іс-сапар барысында бірнеше өңірдің ахуалымен таныстық. Халықпен кездесіп мәселелерді талқыладық. Одан бөлек, алдыңғы өтініштер бойынша есеп бердік. Халықты толғандырған мал жайылымдары мен органикалық тыңайтқыштарға қатысты мәселелер бойынша Мемлекет басшысы қол қойып, заң қабылданған. Тек енді жергілікті билік өкілдері заң бойынша бұл мәселелерді әділетті шешсе, нұр үстіне нұр болады. «Қазпошта», Шағалалы ауылы мен волонтерлердің кажетті жеріне жету мәселелерін де қарастырамыз. Барлығын жазып алдым. Сонымен қатар, қосымша сауалдарыңыз болған жағдайда Ақмола облысы бойынша «Ауыл» партиясының торайымы Анар Аяпбергеновамен байланыста болыңыздар, жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, барлығын бірлесе  отырып шешеміз, – деді жиын соңында Мәжіліс депутаты Николай Арсютин.

Жалпы, жыл басынан бері Парламентте 100-ге жуық заң қабылданды. Оның 40-тан астамы халықтың ұсынысы мен өтініштерін ескере отырып жасалған заңдар.

Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар