Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Медициналық ұйымдарды қаржыландыру мәселесі талқыланды - АРҚА АЖАРЫ

Медициналық ұйымдарды қаржыландыру мәселесі талқыланды

 Таяуда Ақмола облыстық мәслихатында экономика және бюджет мәселелері және әлеуметтік сұрақтар жөніндегі тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы болып өтіп, онда өңіріміздегі медициналық ұйымдарды қаржыландырумәселелері талқыланды.

Облыстық мәслихаттың экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Марат Қойшыбаев отырыс жұмысын сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде маусым айының басында әлеуметтік сұрақтар жөніндегі комиссияның отырысында медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі мен оларды әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен қаржыландыру проблемаларын жеке қарау туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Сондай-ақ, облыстық мәслихатқа «Viamedis» серіктестігінен комиссияға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселелерін қарау туралы өтініш келіп түскен болатын.

Осы және басқа да медицина саласына қатысты өзекті мәселелер қаралған отырыста алғашқылардың бірі болып облыстық денсаулық сақтау басқармасының  экономика және жоспарлау бөлімінің басшысы Диана Дүйсембаева баяндама жасап, медициналық мекемелердің берешегі және қордаланған күрмеулі мәселелерді шешу жолдарын тарқатып айтып берді. Бөлім басшысының айтуынша, ағымдағы жылдың алты айындағы мәліметке сүйенетін болсақ, медициналық ұйымдар бойынша кредиторлық берешек 68,9 пайызға, яғни,  2,9 миллиардтан 4,9 миллиард теңгеге дейін ұлғайғандығы белгілі. Сондай-ақ, мерзімі өткен кредиторлық берешек 4,3 пайызға яғни,  740,4 миллион теңгеден 772,3 миллион теңгеге дейін ұлғайған.

Осы берешектің ішінде қомақты қарызы бар бір мекеме болса, ол Степногорск көпсалалы ауданаралық ауруханасы. Күні бүгін аталмыш медицина мекемесінің қарызы 368,3 миллион теңге көлемінде. Өкінішке орай, бұрын қабылданған шаралар, атап айтқанда: меншік нысанының мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынға ауысуы, аурухана басшылығының бірнеше рет өзгеруі, қарыздарды жабу үшін бюджеттен бөлінген қаражат та,басқа да атқарылған ауқымды шаралар қажетті нәтиже бермеді. Осыған байланысты тұрақты комиссияның мүшелері денсаулық сақтау басқармасымен, аурухана және қала басшылығымен, басқа да уәкілетті органдармен бірлесіп, жиырма күн мерзім ішінде кәсіпорынды дағдарыстан шығару бойынша Жол картасын әзірлеуді ұсынды. Тағы бір атап өтерлігі, осыған ұқсас қаржылық мәселелер облысымыздың Аршалы, Қорғалжын, Есіл, Сандықтау, Жақсы, Егіндікөл аудандық ауруханаларында, сондай-ақ, Қосшы қаласының №1 қалалық емханасында, Біржан сал ауданының ауруханасында да туындап отыр.

Жиын барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» акционерлік қоғамының филиал басшысының міндетін атқарушы Әлия Жүсіпова қаржыландырудың кешігу себептерін алға тартса, жеке инвестор мен мемлекеттік органдар арасында туындайтын мәселелер туралы  «Viamedis» серіктестігі Бас директорының орынбасары Михаил Копцев баяндады. Депутаттар мен денсаулық сақтау саласына жетекшілік ететін ведомстволардың өкілдері қатысқан отырыста тақырыпқа байланысты өткір пікірлер де айтылды. Отырысқа онлайн қатысқан халық қалаулылары да өздерінің ойларын ашық айтып, сала жетекшілеріне сұрақтарын айтты. Жалпы, ағымдағы жағдайға зер сала отырып, мемлекеттік органдар мен медициналық мекемелердің тарапынан нақты болжамның жоқтығы, іс-әрекеттердің берілген уәдемен сәйкес келмеуі, өзара келісімге келіп, мәселелерді бірлесіп шешуде құлықсыздықтың бары байқалады.

Отырыста көтерілген барлық басқа мәселелер бойынша депутаттық корпустың ескертулері мен ұсынымдарын және тыңдалған уәкілетті органдар басшыларының ұсыныстарын ескере отырып тиісті қаулы шығарылатын болады.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар