Ауданда қазақ халқының атадан балаға мұра болып келе жатқан игі дәстүрі – «Қорғалжын—Қымызмұрындық-2024» мерекесі өтті.
Қаймағы бұзылмаған, салт-дәстүрді жақсы ұстанатын Қорғалжын өңірінде қайта жандандырылып отырған бұл мереке ұлттық құндылықтарымыздың бірі.
К.Күмісбеков атындағы аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен театрландырылған қойылым қойылып, концерт шымылдығы Ақбекет атамыздың ақ батасымен ашылып, Қорғалжын ауданының әкімі Берік Жанбаев құттықтау сөз сөйледі.
– Ауыл шеті Нұра өзенінің жағасына жайғасқан «Бытығай» кесенесінің маңында 12 киіз үй тігіліп, әрбір ауылдық округ тойға жиылған халықты ұлттық тағамдардан жасалған дастарханға қонақ қылып отырғызды. Ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалар қымызмұрындық рәсімі алтын арқауын үзбей, қонақжай, бауырмал халқымыздың жақсылығына жол аша берсін, – дейді аудан әкімі.
Қымызмұрындық сондай-ақ, қазақ халқының дәстүрін насихаттау, ұлттық спорт түрлерін дамыту, спортшыларды патриоттық сезімге, ұлттық мәдениетке тәрбиелеу мақсатында ұлттық спорт түрлері жарыстарымен жалғасты. Көкпар ойыны, арқан тартыс, асық ату, гір тасын көтеру, қазақ күресі, теңге алу, қошқар көтеру, аламан бәйге, тай жарыс және тағы басқа ойын түрлері ойналды. Ойын жеңімпаздары кубок және сыйлықтармен марапатталды.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Қорғалжын ауданы.