Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетауда жаңа кітап дүкені ашылды - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетауда жаңа кітап дүкені ашылды

 Адам баласын кемелдендіретін тәрбие мен білім болса, білімнің көзі – кітапта. Әдетте, ақылыңа ақыл қосып, рухани қуат беретін кітапты табу оңай-оспақ шаруа еместігі анық. Әсіресе, қалада кітап дүкені санаулы болса, бұл мәселе шынымен де ойландыратындай-ақ. Біз ағымдағы жылдың басында осы мәселеге байланысты зерттеу мақала жазып, газет оқырмандарымен  ой бөліскен болатынбыз.

Таяуда бір әріптес, сыйлас ағамыз Көкшетауда жаңа кітап дүкені ашылды деген жақсы жаңалығымен бөлісті. Біз де осы қуанышқа ортақтасып, тілектестігімізді білдіріп, жас кәсіпкермен тілдесіп қайттық.

Кітап дүкені дегеніміз, әзірге шағын дүңгіршек. Бірақ соның өзінде қазақ және орыс тілдерінде 300-ге жуық кітап бар. Әсіресе, қазіргі жастар іздеп жүріп оқитын мотивациялық бағыттағы, қаржылық сауаттылықты арттыруға өз септігін тигізетін танымды кітаптар көп. Көркем әдебиет, балаларға арналған кітаптар да баршылық. Ал, кәсіпкердің өзі алдағы уақытта, сұраныс болып жатса, жергілікті ақын-жазушылардың да кітаптарын сатуды жоспарлап отыр.

Бізді аса қуантқаны бұл кәсіпті жастардың қолға алғандығы. Пайданы көздеп, басқа да кәсіпті ашса болар еді. Дегенмен, «басты мақсатым – елге пайдасы тиер игі істі қолға алу» дейді Нұрланның өзі. Дүкеннің қызыл лентасын әулеттің әжесі қиып, ақ батасын берсе, ақ жаулықты аналар шашуын шашып, ақ тілектерін жаудырды. Өңіріміздің зиялы қауым өкілдері де, мұндағы кітап қорымен танысып, тілектестік білдірді.

– Алла қолдап, кәсібім өркендеп жатса, Көкшетауда ірі кітап дүкенін ашқым келеді. Өзім кітап оқығанды жақсы көремін. Өзіммен қатарлас достарымның  дені кітапсүйгіш жастар. Әлеуметтік желі арқылы тапсырыс беретін жандар да баршылық. Инстаграмм желісінде «parasat_life» деген атаумен арнайы аккаунт аштық. Қазіргі жастардың талғамы биік. Кітап сатып алуға сұраныс жоғары, – дейді жас кәсіпкер.                                   Көкшетаудағы Абай көшесінде орналасқан «Nomad» үйінде орналасқан кітап дүкенінде рухани азық іздеген жастар көп. Бірі көркем әдебиетке қызығушылық танытса, енді бірі мотивациялық бағыттағы кітаптарды таңдауда. «Балаларға арналған кітаптарды іздеп жүр едім, қандай жақсы болды», деп қуанып жатыр тағы бір сатып алушы апай.

Кітаптың ашылу салтанатында жастардың әрбір сәтті ісіне сүйсініп, қашанда жаңашыл жастарға жанашыр болып жүретін ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев ағамыз да жас кәсіпкерге ақ жол тілеп,  кітап дүкенінен қазақ  әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, көрнекті жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы басылған кітапты сатып алды.

Иә, Нұрланның нұрлы ісі көпке үлгі екендігі анық. Әсіресе, ірі кәсіпкерлер кітап бизнесіне өз үлесін қосса, құба құп болар еді. Қалың Көкшетауға неше кітап дүкенін ашсаң да көп болмасы анық.  Осындай  игі сті қолға алған жас кәсіпкер Нұрланға кәсібің берекелі болсын, бауырым дейміз біз де!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар