Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмола облыстық мәслихатының бұрынғы хатшысы Аманжол ЖАЗИН: «Депутат болып  сайлану – халық сеніміне ие болу деген сөз» - АРҚА АЖАРЫ

Ақмола облыстық мәслихатының бұрынғы хатшысы Аманжол ЖАЗИН: «Депутат болып  сайлану – халық сеніміне ие болу деген сөз»

Аманжол Жазин Ақмола облыстық мәслихатын 2003 жылдың қыркүйегінен 2007 жылдың тамызына дейін басқарды. Мәслихаттардың 30 жылдығы аясында мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутатымен жүргізілген сұхбатты  оқырман назарына  ұсынып отырмыз.

Өмірдерек: Аманжол Жазыұлы Жазин Солтүстік Қазақстан облысының Новопокровка ауылының тумасы. 1961 жылы Целиноград теміржол көлігі техникумын бітіргеннен кейін Ерейментау станциясының тепловоз машинисінің көмекшісі болып жұмыс істей бастады, кейін «Целинэнерго» инженері лауазымына ауысты. 1971-1975 жылдары «Целинэнергоремонт» ӨЖК бас инженері қызметін атқарды. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын «инженер-электрик» мамандығы бойынша сырттай аяқтаған.

1975 жылдан Целиноград қалалық партия комитетінде нұсқаушы, өнеркәсіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Атбасар аудандық партия комитетінің хатшысы, Астрахан аудандық атқару комитетінің төрағасы, Қарағанды облысы Теңіз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1988 жылдан 1997 жылға дейін Ақмола облыстық экономика басқармасы бастығының орынбасары, ал, 1997 жылдан облыстық тәртіптік кеңестің төрағасы болып жұмыс істеді.

2003 жылы Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, кейін облыстық мәслихат хатшысы болып сайланды. Ал, 2007 жылы IV шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланып, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі  ретінде еліміздің жоғары өкілетті органының заң шығару қызметіне лайықты үлесін қосты.

Ел алдындағы еңбегі үшін «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі және көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталған. Қазіргі уақытта Қосшы қаласында тұрады.

– Аманжол Жазыұлы, Сіз облыстық мәслихатқа кеңестік партиялық және өкілетті органдарда жинақталған мол кәсіби және өмірлік тәжірибеңізбен келдіңіз. Бұл сізге мәслихат хатшысы лауазымында қаншалықты пайдалы болды?

– Өздеріңіз білетіндей, кеңес заманында нақты басқару жүйесі болған. Депутаттар ауылдық, аудандық, облыстық Кеңестерге сайланатын. Халық сайлаған бұл үлкен топ сайлаудан сайлауға дейін кеңшарларда, колхоздарда, өндірістік учаскелерде жұмыс істеу үшін егіншілік шаруашылығы, мал шаруашылығы бойынша депутаттық топтар құратынбыз. Осылайша, өзін-өзі басқару және азаматтық қоғамды қалыптастыру, депутаттық корпусты жандандыру тәжірибесі маған 2000-шы жылдары облыстық мәслихаттың хатшысы болып сайланған кезде пайдалы болды. Кеше де, бүгін де депутат болу – бұл үлкен жауапкершілік деген сенімдемін.  Депутат – халықтың сеніміне ие адам. Шынында да, депутаттық қызметке қоғамның ең жақсы өкілдері: кәсіпкерлер, зиялы қауым, денсаулық сақтау, білім беру салаларының өкілдері барады. Депутаттық корпус барлық уақытта белгілі бір ауданның, қаланың, облыстың, қоғамның элитасынан тұрған. Мәслихаттар – өзін-өзі басқару органы, олардың дамуы – қоғамды демократияландыру жолындағы басты құрамдас бөліктердің бірі. Мен тіпті мәслихаттарды азаматтық қоғам мектебі деп айтар едім.  Егер бүгінгі күнді 20-30 жыл бұрынғымен салыстыратын болсақ, мәслихаттардың деңгейі басқа сапалы деңгейге көтерілді. Тұрақты комиссиялар өз қызметін босатылған негізде жүзеге асыратын төрағалармен жұмыс істейтінін көріп отырмыз. Бүгінде мәслихатты хатшы емес, төраға басқарады. Мәслихаттардың беделі жылдан-жылға артып келеді. Бұл азаматтық қоғамның дамуына әкелетін өмір диалектикасы. Осыған байланысты, менің ойымша, өте қуанышты өзгерістер орын алуда. Мен облыстық газеттерді оқып, теледидарды жиі көремін және мәслихаттың жұмысын, яғни, сессиялардың өтуін, тұрақты комиссиялар, депутаттардың жұмысын қадағалауға тырысамын.

– Сіз облыстық мәслихаттың хатшысы болып сайланған кезеңде 2003 жылы Ақмола облысын Сергей Витальевич Кулагин басқарған болатын. Бұл кезең сіз үшін несімен есте қалды?

– Сергей Кулагин 1999 жылдан 2004 жылға дейін осында жұмыс істеді, содан кейін Қостанай облысының әкімі болып кетті. Мен оны 1983 жылдан бері жақсы білемін, біз бір ауданда жұмыс істедік, ол совхоз директоры, мен аудандық атқару комитетінің төрағасы болдым. Ол кездің өзінде жас, перспективалы, харизмалы, шаруақор болатын. Мен оған сонда: «Сен әлі жассың, сенің болашағың зор, сен әлі республикалық деңгейде жұмыс істейсің», – дегенмін. Себебі, үлкен ұйымдастырушының бейімділігі көрініп тұратын. Шынында да, менің болжамым орындалды. Қазір де араласамыз, байланысты жоғалтқан жоқпыз. Облыс орталығының Көкшетауға көшірілуімен және Кулагиннің облыс әкімі қызметіне келуімен 1999 жылы көп нәрсе өзгерді. Сол кезде қаланың қандай жағдайда болғаны бәріміздің есімізде. Ол үлкен жұмыс атқарды, көкшетаулықтар оған үлкен құрметпен қарайды.

Сол тұста әкімдік пен мәслихат арасындағы қарым-қатынас қалай құрылды, халықтың мәселелерін қалай шештіңіздер? Үшінші шақырылым депутаттарының құрамы қандай болғаны есіңізде ме?

– Ашығын айтайын, мен осы саладағы адаммын, мені көбі білетін.  Абырой-беделім де болды. Сондықтан, маған қиын болған жоқ.  Мен төрт облыс әкімімен жұмыс істедім, маған әлдебіреу қысым жасаған сәттер басымнан  өткен емес. Депутаттар корпусы облыста лайықты орнын алды, олардың пікірі тыңдалатын болды.  Әкім – Президенттің өкілі, ал, депутаттар – халық өкілдері екенін түсіну керек. Біз тек қана сындарлы түрде бірлесіп жұмыс істеуге тиіспіз. Барлығы іскерлік, адами тұрғыда болуы қажет.

Өкінішке орай, менің кезімдегі депутат болған адамдардың көбі қазір жоқ. Мысалы, «Ижевский» ӨК директоры Жанғоразов Ибрагим Дәуітұлы, белгілі дәрігер-фтизиатр, туберкулезге қарсы Щучье санаторийінің  бас дәрігері Қайырлы Хамзеұлы Құрманов, Бурабай аудандық «Луч» газетінің бас редакторы Степан Акимович Авдеюк. Степногорск қаласынан Нэлли Ильинична Рукавцова, Анатолий Иванович Томилов, Атбасар ауданынан Аждар Тайшытайұлы Тайшытаев, сол кезде біз Ақмола облысынан сенатор етіп сайлаған облыстық аурухананың бас дәрігері Серік Әкпенұлы Аяғанов және тағы басқалары өте белсенді болды. Қайталап айтайын, облыстық мәслихаттың депутаты болу – халықтың жоғары сеніміне ие болу, бұл жоғары мәртебе әрі бедел. Ал, қазір, құпия емес, көбі депутат болғысы келеді. Бірақ, халықтың сенімін ақтау керек. Ол кезде, 2003 жылы депутаттар тек бір мандатты округтар бойынша сайланған. Шынымен де, ең мықтылар таңдалатын. Кездейсоқ адамдар болған жоқ.

Депутаттық корпус облысты дамытудағы қандай мәселелерді шеше алды?

– Сіздер ол жағын жақсы білесіздер, депутаттар қашан болсын, экономиканы, бюджет саясатын түсінуі керек. Көп нәрсе бюджеттің толымдылығына байланысты. Әрине, жақсы ниеттер баршылық, бірақ, оған нақты қаржы қажет. Сондықтан, депутаттар әрқашан жағдайға шынайы қарауы керек. Аймақ бюджеті біздің кезімізде де оңай қалыптасқан жоқ. Сондықтан, сессияға дейін жұмыс топтары мен комиссияларда, содан кейін депутаттық сағатта барлық сандар мен көрсеткіштер мұқият пысықталатын. Біз жұмысты әрбір депутат барлық сандарды алдын ала зерделей алатындай етіп ұйымдастыруға тырыстық. Сондықтан, сессияға депутаттармен жұмыс тәртібіне сай келісілген бюджет енгізілді.  Депутаттық корпус пен атқарушы билік арасындағы қарама-қайшылық жақсылыққа әкелмейді, демек, барлық мәселелерді ымыралы түрде, жұмыс тәртібімен шешу керек. Яғни, күнделікті қажырлы жұмыс қажет.

Сіз осы күні де мәслихаттың қызметін көзден таса етпеуге тырысып, жанашырлықпен бақылап отыратыныңызды айттыңыз. Қазіргі кездегі жұмысы ширақ депутаттардың есімдерін атай аласыз ба?

– Өкінішке орай, денсаулығыма байланысты мен қазір сондай белсенді емеспін. Бірақ, аппарат басшысы Жұрымбаев Дулат Кәкімбекұлымен өте тығыз байланыстамын. Хабарласып тұрамыз. 90-шы жылдардан бері Степногорскіде қызмет атқарған кезінен экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Марат Советұлы Қойшыбаевты да білемін. Бізде бұрын қоғамдық негізде төрт комиссия жұмыс істейтін, сондықтан, формальды  тұстар да болатын. Ал, қазір комиссиялар белсенді жұмыс жасауда деп білемін.  Екі комиссияның босатылған негізде жұмыс істеп жатқаны өте құптарлық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша заңнамалық базаға көптеген өзгерістер енгізілгенін, депутаттық корпустың өкілеттіктері едәуір кеңейтілгенін айта кетуіміз керек. Енді бәрі депутаттардың өздеріне, олардың белсенділігіне, азаматтық ұстанымына байланысты.

Сіздің ойыңызша, қазір депутаттар қандай проблемалық мәселелерге көбірек назар аударуы керек?

– Депутат болып сайланғанға дейін тәртіптік кеңестің төрағасы болып жұмыс істегендіктен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі мені қатты толғандырады. Өкінішке орай, сыбайлас жемқорлық әлі де жоғары деңгейде. Ол қоғамды барлық салада жегідей жеп отыр. Біз білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау және атқарушы органдарда бюджеттік заң бұзушылықтар бар екенін жиі естиміз. Ана салада бір, мына салада бір бюджетке қол сұғып, еңбектенбей табыс тауып жүр. Ойласақ, ұстаздық – бұл кіршіксіз ұғымдардың бірі ғой. Бұрын біз үшін мұғалім  мінсіз адам болатын. Ал, енді сыбайлас жемқорлық осы саланы да жайлап жатқанын естіп жүрміз. Сондықтан, бұл тұрғыда депутаттық корпус бірбеткейлік танытып, жұмысты жандандырып, бюджеттің атқарылуын сыбайлас жемқорлық тәуекелдері тұрғысынан қадағалап отыруы керек. Онсыз ілгері басу мүмкін емес. Егер біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтпесек, өркениетті мемлекет бола алмаймыз. Әр өңірде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТҮКШ) мәселелері бар, біз оны басқаруды оңтайландыру туралы шешім қабылдай алмай жүрміз. Жергілікті әкімдіктер бұл мәселелермен жеткілікті түрде айналыспайтын көрінеді. Мені сондай-ақ, өз уақытында жеке меншікке берілген энергетика саласының жағдайы да алаңдатады. Жеке меншік иелері ең алдымен, өздерінің әл-ауқаты туралы ойлады. Электр желілері де, жылу станциялары да құлдырады. Тарифтер жүйесі дұрыс емес деген ойдамын.  Жалпы, энергетика саласы өте көп еңбекті, үлкен капиталды қажет етеді. Сондықтан, Үкімет әу бастан осы саланы қолдап, жаңартуға күш  салуы қажет еді. Сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім беру салаларында шешілмеген мәселелер де аз емес. Ауырсыну нүктелерін тауып, оларды күнделікті қажыр-қайрат, дұрыс бағытпен шеше түсу керек.

– Қазіргі депутаттарға мәслихаттардың 30 жылдығына  байланысты  не тілейсіз?

– Әрине, мен әріптестерімді 30 жылдықпен құттықтаймын. Мәслихаттар болған, бар, әрқашан болады да. Өйткені, ол – халық мүддесін білдіретін орган. Қоғамда халық үні әрқашан естілуі, ескерілуі керек.  Баршаңызға зор денсаулық, еңбекке қабілеттілік, табыс тілеймін! Ең бастысы – біз азаматтық қоғам құрып жатқанымызды есте ұстауымыз керек. Мерейтойлы жыл депутаттардың жарқын жобаларымен, тағдырлы шешімдерімен және өңір дамуындағы елеулі қадамдармен есте қалатын болсын!

Сұхбатты жүргізген Қарлыға МҰХАТАЕВА,
Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар