Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жергілікті өнім өндірушілер басымдыққа ие болуы керек - АРҚА АЖАРЫ

Жергілікті өнім өндірушілер басымдыққа ие болуы керек

Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасындағы құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі салалық кеңестерінің бірлескен отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері талқыланды.

Отырысқа мемлекеттік органдардың, экономикалық тергеу департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің, Көкшетау қаласы прокуратурасының, «Самұрық-Қазына» АҚ, жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ, мердігер ұйымдар, жиһаз өнімдерін өндірушілер қатысты.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Нияз Байғожиннің ақпараты бойынша бүгінде Ақмола облысының алты өңірінде, атап айтқанда, Көкшетау, Қосшы, Аршалы, Бурабай, Шортанды және Целиноград аудандарында ұлттық жоба шеңберінде 22 600 оқушыға арналған 18 мектеп салу жоспарланған. 2023-2024 жылдары жобалық қуаты 12200 орындық 9 мектеп салу көзделген. Олар Целиноград ауданындағы 9200 орындық 7 мектеп, Көкшетау қаласындағы 3000 орындық 2 мектеп. Аталған объектілер бойынша жұмыстарды Астана қаласынан «Қазстройподряд», «BI GLobal» және «ИНТЕГРО Construction KZ» ЖШС-лары мен Көкшетау қаласынан «КГС Сауда», «УК Строй» ЖШС-лары сияқты бес мердігер ұйым атқарады.

Кеңес отырысында жобаны іске асыру мерзімдерінің бұзылуына жол бермеу мәселелері талқыланды. Осыған Ақмола облысының отандық тауар өндірушілерін тарту мүмкіндіктері қарастырылды. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстарының жүргізілу деңгейі әртүрлі. Мысалы, Ақмол ауылындағы мектеп ғимараты 69 пайыз, Көкшетаудағы бір мектеп ғимараты 21 пайыз, екіншісі 17 пайыз көлемінде тұрғызылды. Бұл көңіл көншітпейді. Жобаның маңызды басымдықтарының бірі тауарлар мен қызметтерді өндіретін отандық кәсіпкерлерді қолдау. Білім министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, салынып жатқан мектептерді жарақтандыру үшін жиһаз бен жабдыққа қажетті техникалық сипаттамаларды айқындады. Жоспар бойынша жиһаздың 95 пайызы, жабдықтар мен мүкәммалдың 60 пайызы, құрылыс материалдарының 65 пайызы отандық өндірушілерден сатып алынуы тиіс.

Сонымен қатар, ақмолалық жиһаз өнімдерін өндірушілер мердігер ұйымдарды таңдауға наразы. Олардың пікірінше, конкурстар барысында еліміздің басқа өңірлерінің өндірушілеріне артықшылық беріледі.

–Біздің компания нарықта 25 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. «Жайлы мектеп» жобасы экономикалық өсуге үлкен мүмкіндіктер беретіні қуантады. Алайда, бүгінгі таңда құрылыс компаниялары қандай да бір себептермен қажетті көлемде тапсырыс алмаған жергілікті өндірушілерге қызығушылық танытпай жатқанын көріп отырмыз, – деп шағымданды отырыста «Kazyna SR» ЖШС бас директоры Сайра Матайбаева.

Республикалық жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Қанат Ибраевтің айтуынша, бұл өзекті мәселе.

–Арзандату үшін құрылыс салушылар жергілікті жиһаз жасаушыларды елемейді. Жиһаз басқа аймақтардан әкелінеді, ал, біздің жергілікті кәсіпорындар банкроттықтың алдында тұр. Мұндай фактілерге жол бермеу керек, шетелдік өнімді пайдалануға мониторинг жүргізу және айыппұл санкцияларын енгізу қажет, – деп атап өтті ол.

Кеңес жұмысының қорытындысы бойынша тиісті ұйымдар ұлттық жобаға отандық тауар өндірушілерді тарту және «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру шеңберінде жергілікті қамту үлесін ұлғайту туралы ұсынымдар берді.

–Біз құрылыс компаниялары ретінде әрекет ететін мердігерлік ұйымдарға жергілікті өндірушілердің атынан коммерциялық ұсыныстар жіберіп, олармен ынтымақтастықты қарастыруға шақырдық. Мердігер компаниялар мен жергілікті жиһаз өндірушілер арасында жемісті байланыс орнатуға бағытталған қосымша кездесуді жоспарладық, – дейді бұл ретте, өңірлік кәсіпкерлер палатасының  директоры Ерқанат Мұсылманбек.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салалық кеңесінің төрағасы Мұхтар Есенов жергілікті тауар өндірушілердің тізілімін жобалау сатысында пайдалануды, олардың сәйкестігін автоматты түрде тексеруді ұсынды.

–Бұл шара тапсырыс берушілер мен жиһаз жеткізушілер арасындағы уағдаластықтарға қол жеткізу үшін тұрақты жиналыстар шақыру қажеттілігін болдырмайды, сондай-ақ, жобаның неғұрлым тиімді және жүйелі орындалуын қамтамасыз етеді, – деп санайды салалық кеңестің төрағасы.

«Арқа ажарының»  өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар