Экоплоггинг: Сарқырама өзенінің бойы тазарып қалды

Қосшы қаласының Сарқырама өзенінің бойында ұйымдастырылған облыстық экоплоггинг «Таза Қазақстан» республикалықэкологиялық акциясы шеңберінде өткізілді. Оқырман қауымға түсінікті болу үшін, «экоплоггинг» терминінің мағынасын түсіндіріп өтейік. Плоггинг – швед тілінен алынған, жүгіруді қоқыс жинаумен біріктіретін экологиялық қозғалыс дегенді білдіреді, яғни, қоқыс жинаумен ұштастырылған жарыс – салауатты өмір салты мен табиғатты аялау тандемі.

Сонымен, бұл экологиялық қозғалысты облыстық ішкі саясат басқармасының мұрындық болуымен Қосшы қаласының әкімдігі ұйымдастырды. Оған «Қазақстан жастар Конгресі» басшысы Бақдәулет Жанділдаев, «Ауыл жастары» партиясының мүшелері, қаланың азаматтық секторы, «Аманат» партиясының Қосшы қалалық филиалы өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, «Жасыл ел» еңбек жасақтары, белсенді жастар мен еріктілер, коммуналдық мекеме қызметкерлері белсене қатысты. Бас-аяғы 350-ге жуық адам қатысады деп жоспарланған іс-шараның негізгі мақсаты – қала тұрғындары мен туристердің, әсіресе6 жастардың экологиялық мәдениетін арттыру, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде табиғатқа, қоршаған ортаға ұқыпты қарау құндылықтарын дәріптеу, туған жеріне деген сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыру болып табылады.

– Плоггинг екі заманауи тенденцияны біріктіреді: салауатты өмір салты және қоршаған ортаға қамқорлық. Плоггинг әдеттегі жүгіруден ерекшеленеді, өйткені, сіз өзіңізбен бірге қапшықты алып, оған жолда кездесетін барлық қоқыстарды жинайсыз,  – дейді ұйымдастырушылар.

Сөйтіп, экоплоггингтің қатысушылары 2 топқа бөлініп, біріСарқырама өзенінің жағалауын, екіншісі Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылын жалғайтын күре жолдың  бойын қоқыстан тазартып, жарысты.

Жалпы, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы Ақмола облысының 550-ден астам елдімекені осындай іс-шаралармен қамтылып, 80 мыңтоннаға жуық қоқыс шығарылыпты. Тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру бойынша да тиісті жұмыстар жүргізіліп, 200-ге жуық көшет отырғызылған, ағаштардың түбі әктеліп, су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылған. 400-ден аса балалар алаңы абаттандырылып, тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың қасбеттері жөнделген.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, жалпы,облыс бойынша барлығы 3500-ге жуық бір реттік экологиялық іс-шаралар өткізіліп, оған 500 мыңға жуық адам қатысқан екен.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар