Көкшетау қалалық әкімдігінің мәжіліс залында көпқабатты үйлерде үй жануарларын ұстау мәселесі бойынша ауқымды жиналыс өтті. Жиналысты Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Дәулет Жүнісов жүргізіп, үй жануарларын асыраудың негізгі қағидалары туралы түсініктеме берді.
Негізінде талқылауға Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері бастамашы болған екен. Атап айтқанда, университет жанындағы жастар парламентінің мүшелері ит пен мысық асыраудың проблемалық мәселелерін ұсынды. Екі-үш ай бойы олар қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп, қаламызда ит пен мысықтарды үйлерінде, яғни, көпқабатты үйдегі пәтерінде ұстайтындар бар екенін анықтады.
– Біз бүгін «осы иттер мен мысықтарды көп қабатты пәтерлерде ұстаудың жай-жапсары, олардың көше кезіп жүргендері қайдан пайда болады және осыған қандай шара қолдана аламыз?» деген сұрақтардың жауабын іздеу мақсатында жиналып отырмыз. Осы орайда үй жануарларын асыраудың негізгі қағидаларын бекіту керек сияқты. Ит пен мысықтардың кейбір адамдар үшін ерекшелігі соншалық, олармен сөйлесіп, қамқорлық танытып үйлерінде, көп мөлшерде асырайтындар бар. Бұл – үйдің қалған тұрғындары үшін ыңғайсыздық тудырады. Себебі, сол үйден шыққан және жан-жаққа тараған жағымсыз иістің өзі қайда жатыр?! Ал, сол ит-мысықтар арқылы таралатын инфекциялық аурулар ше, ол мүлде бөлек әңгіме. Біздің ойымызша, егер адам үй жануарларын ұстаса, онда ол ұстау ережелерін сақтауы керек, – деді өз сөзінде университеттің құқық кафедрасының студенті, жастар парламенті ұйымының көшбасшысы Элеонора Далабаева.
«Әділдік және өркендеу» қорының Ақмола облыстық филиалының басшысы Бақыт Смағұл қаламызда осындай өткір әрі маңызды мәселелерді көтеріп отырған жастарымыздың барына және де жастар парламентінің құрылғанына қуанып отырғанын жасырмады.
Биыл Көкшетау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөліміне көтеріліп отырған мәселеге байланысты өтініш келіп түскен. Тұрғындардың көпшілігі үй жануарлары бар көрші пәтерден шыққан иіске шағымданады.
– Аталмыш фактілер бойынша өтініш берушілерге құқықтық қатынастар шеңберінде мәселелерді сот арқылы шешу ұсынылады. Өйткені, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар да үй жануарларын ұстауды ретке келтіру қарастырылмаған. Осыған байланысты мұндай шағымдарды зерделеу мақсатында пәтерлердегі жануарлар саны бойынша нормаларды заңнамалық деңгейде белгілеу қажет. Оларды ұстау бойынша санитарлық-эпидемиологиялық нормалар болмағандықтан, басқарма зиянды заттардың құрамына ауаны ғана өлшейді, онда аммиактың мөлшерден асып кетуі анықталса, онда ол өз кезегінде жануарлардың иесіне ғана емес, көршілеріне де денсаулыққа теріс әсер етеді, – деді өз сөзінде Көкшетау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Руслан Ысқақов.
Сонымен қатар, аймақта қаңғыбас иттердің адамдарға шабуыл жасау фактілері де орын алған. Студенттер бұл мәселені де талқыға шығарды. Көкшетау қалалық мәслихатының депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері және бірқатар жауапты ведомстволар өкілдері қозғалған мәселелерді қарай келе, қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу туралы ұсыныстарын айтты.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.